...Автобуста келе жатырмыз. Жаз бойы бітпеген жөндеу жұмыстарының кесірінен бірталай автобустың жүру бағыты өзгерген. Мұны қоғамдық көлікпен жүретін жұрт жақсы біледі. Бірақ автобуста бір әйел жүргізушіден бұрынғы бағытпен жүруін талап етіп, айқайға басты. Жүргізушінің «Апай, жол жабық! Қалай жүремін?» деген сөзін әлгі әйелдің ащы айқайы жұтып кетті. Аузына келгенін айтып, айылын жияр емес. Онсыз да көлік кептелісі титықтатып, сіркесі су көтермей келе жатқан автобус жүргізушісі бір кезде атып тұрды да кексе әйелді жағасынан алып, жұлқып-жұлқып жіберді. Анау да қайтар емес, қарғап-сілеп жатыр. Ашу қысып, қаны басына шапқан жігіт әйелді кеудесінен итеріп, сыртқа шығарып жіберді...
...Емханада дәрігердің қабылдауын күтіп 5-6 адам отыр. Бір кезде аптығын баса алмаған күйі бір жас қыз келіп: «Мен дәрігерде бағана болғанмын. Қазір тек қағазымды алып шығуым керек» деп, ішке кезексіз кірмек болды. Сол-ақ екен отырғандардың бәрі әлгі қызды талап жеп қоя жаздады. Құдды бір жыртқыш аңдар секілді. Өкініштісі, қазір қоғамда мұндай қатыгездік өте көп.
Айналаңызға көз тастасаңыз кілең жанталасқан, жүйкесі жұқарған жандар. Бір жаққа асыққан, шаршаған, ашулы халық. Неге бүгінде адамдардың бәрі ашулы? Агрессия неліктен асқынып тұр? Қатыгездік қайдан шығып жатыр?
Қазір қоғамда өзінің әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне көңілі толмайтындар көп. Қос өкпеден қысқан қымбатшылық елдің еңсесін көтертпей тұрғаны тағы бар. Осының барлығы түптеп келгенде ашу-ызаны көбейтеді, агрессияны үдете түседі. Ал психолог мамандар «ашу мен ыза магнит секілді, бір қолайсыздықтың артынан бір қолайсыздықты тарта береді, негатив көбейген үстіне көбейе түседі», дейді. Сондықтан олар барынша эмоцияға шектеу қойып, сабырлы болуға шақырады.
Психолог маман Ләззат Мырзашқызы: «Бір адамның бойындағы ашу-ызаның ақыры адам өлімімен аяқталып жататын сәттер аз емес. Ал бүкіл ұлттың аффект жағдайынан кейін не боларын елестету тіпті қиын. Заң бойынша жан күйзелісі кезінде қылмыс жасаған адамның жазасы жеңілдетілетіні секілді, тұтас ұлттың ашу, ыза, кейіспен жасалған көтерілістері тарих алдында, күллі әлем алдында мойындалады» дейді. Психолог сондай-ақ эмоцияны іште сақтау қауіпті екенін айтады. «Әсіресе тұтас ұлттың ашу-ызасын ішіне жұтқызып қойып, әділетсіздікке көндіріп аламын деу – бос тірлік. Билік басындағылар халықпен санасу керек, өйтпеген жағдайда соңы жақсылыққа әкелмейді», дейді маман.
Рас, криминологияда да «аффект жағдайында жасалған қылмыс» деген тіркес бар. Қылмыстық кодекстің 98-бабы «Жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру», ал 108-бабы «Денсаулыққа жан күйзелісі жағдайында зиян келтіру» деп аталады. Адамның ерекше аффект жағдайын білдіретін терминнің тереңіне бойласаңыз қорқыныш, ашу, ыза, кек, үмітсіздік, қызғаныш секілді өршуі тез, өшуі қиын эмоцияларды тізбелеуге болады. Криминология саласының мамандары, аса ауыр қылмыстың дені аффект жағдайында жасалатынын айтады. Алайда қылмыстық статистикада аффект жағдайында жасалған қылмыстар бойынша арнайы дерек жүргізілмейді. Десек те жыл басынан бері жасалған 20 мыңнан астам қылмыстың 80 пайызын жұмыссыздар жасағанын ескерсек, «кінәнің психологиялық табиғаты» айқындала түседі. Оның ішінде, 5 мыңнан астам қылмыс ауыр санатқа жатқызылса, аса ауыр қылмыс саны мыңға жуық.
Жақында әлеуметтік желіде белсенді журналистердің бірі: «Осы күні адамдар хайуан болып кетті. Сіркесі су көтермейді. Болмайтын нәрсеге бола дауласып, даурығып, кісі өлтіруден де тайынбайды. Жолда байқап жүру керек. Мүмкіндігінше өзіңмен бірге көз жасаурататын баллон, қорғану мақсатына арналған тапанша алып жүрген дұрыс. Басқа амал жоқ. Заман сондай болып кетті. Өкінішті...» деген жазба қалдырыпты. Мәселенің астарына үңіліп көрсек, журналистің көшенің қақ ортасында көлігі бұзылып қалған екен. Жанынан өте берген өзге жүргізуші мұны кептеліс жасағаны үшін боқтаған көрінеді. Басынан сөз асырғысы келмеген бұл да қарап тұрмай қолына пышақ ала салып, әлгіге қарай тап берген. Еруліге қарулының табылары анық...
Қоғамда ашу мен агрессия көбейген сайын қатыгездік белең алады. Қазір ешкімнің ешкімге көңілі толмайды, бір-бірін жек көру көп. Сонда жанашырлықты жауыздық, мейірімді озбырлық, аянышты алдап-арбау жұтып жатқан мына заманда расымен әрқайсымыз жанымызда суық қаруымызды ұстап жүруіміз керек пе?! Жүйкесі жұқарған қоғамның мұндай қатыгездігі түбі жақсылыққа апармайды...