• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 20 Қыркүйек, 2022

Ташкентте тұрақтылық мәселесі талқыланды

179 рет
көрсетілді

Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының он жетінші кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Іс-шара барысында ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы ахуалға байланысты көптеген мәселе талқыланды.

Тараптар терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл, халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі аспектілері бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында Ауғанстандағы ахуалды тезірек реттеу – ШЫҰ аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың негізгі факторларының бірі екені атап өтілді. Тараптар бұл елдің тәуелсіз, біртұтас, демократиялық, бейбіт және терроризмнен, соғыстан, есірткіден ада мемлекет ретінде қалыптасуын қолдады.

Ғизат Нұрдәулетов әріптестеріне ШЫҰ қызметінің маңызды бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді және еліміздің мүдделерін ескере отырып, Ұйымның одан әрі үйлесімді дамуы жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы БҰҰ мақұлдаған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша Алматыда БҰҰ Орталығын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын бірлескен қолдаудың ерекше өзектілігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша іс-шараға қатысу­шы­лар тиісті Хаттамаға қол қойды. ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің Қауіпсіздік Кеңесі хатшыларының келесі кез­де­суін Үндістан Республикасында өткізу жөнінде шешім қа­былданды.

Сонымен қатар кездесу барысында Ғизат Нұрдәулетов Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудовпен, Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Николай Патрушевпен, Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық қауіпсіздік бөлімінің хатшысы Аамир Хасан­мен және Моңғолия Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Жадамбын Энхбаярмен келіссөздер жүргізді. Өңірлік қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты кеңейтудің өзекті мәселелері қарастырылды.