• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2014

Кесененің күйі күрделі

418 рет
көрсетілді

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстан және Орталық Азия тарихындағы ең таңдаулы жәдігерлердің біре­гейі. Ясауи кесенесі – «ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне» енген Қазақстанның алғашқы мә­дени нысаны. Соңғы жылдары кесененің сақталу жағдайы жалпы жұртшылықты, зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отыр. Шындығын айтар болсақ, Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайы күрделі, ондағы реставрациялық жұмыстар ойдағыдай емес. Мұндай үзілді-кесілді тұжырымға көпшілік оқырман қолына тие бермейтін, Ясауи кесенесін 2010-2011 жылдары зерттеген бір топ ғалымдардың, сон­дай-ақ «Қазқайтажаңғырту» рес­пуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны қыз­меткерлерінің жазбаша есептерімен танысқан соң жә­не ғимаратты аралап, оның бөлме­лерінде бүлінген немесе бүлі­ніп бара жатқан орындарын көр­ген­нен кейін келіп отырмын. «Айт­пасаң, сөздің атасы өледі», дейді атам қазақ. Ясауи кесенесінің қазіргі жағ­дайын анықтауда соңғы кезде ғалымдар жүргізген зерттеу жұ­мыстарының орны ерекше. 2010-2011 жылдары «Әзірет Сұл­тан» қорық-музейі әкімшілігі атақ­ты ғалым И.В.Ерофеева бас­қаратын Көшпенділердің мә­дени мұрасы проблемалары жө­ніндегі ғылыми-зерттеу институтына ескерткіштің техникалық жағдайын тексеруге тапсырыс береді. Осы жұмысты көп жылдар бойы Ясауи кесенесінде, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа ескерткіштеріндегі техникалық жағдайларға тексеру жүргізіп келген институттың Мәдени мұраны құжаттау мен консервациялау зертханасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты. Л.В.Дубровская атқарды. 2011 жылы техника ғылымдарының докторы И.С.Бровко басшылық еткен, техника ғылымдарының кандидаты Н.А.Сәрсембаев, техника ғылымдарының кандидаты И.И.Шүкенов қатысқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уни­верситетінің мамандары тағы да «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі тап­сырысымен Ясауи кесенесінің бөліктеріндегі температуралық-ылғалдық жағдайын зерттеді. Атал­ған ғылыми есептердің ор­та­қ жиынтық көлемі 163 беттен тұ­­рады, ондағы мәліметтерді, сыз­­­баларды, нәтижелерді, тұжы­рым­­дарды, қорытындылар мен ұсы­ныстарды газеттің бір мақа­ла­сында баяндап шығу мүмкін емес. Ясауи кесенесі жағдайының соңғы жылдары төмендеп келе жатқанына жоғарыда айтылған зерттеулерде көрсетілген және жеке өзімнің көзбен көрген ең басты үш мәселеге назар аударайын. Біріншіден, кесененің ең киелі орны – Ясауи Қабырханасындағы ішкі күмбезінде сарғайған үлкен дақ пайда болды. Ол үлкейіп келе жатыр. Аппақ жұмыртқадай күмбез келбетінде бұрын-соңды мұндай бүлінушілік болған емес. Осы жағымсыз өзгерісті 2010 жылы алғаш көрген Л.В.Дуб­ровс­кая оның пайда болуын рес­тав­раторлардың кесене төбе­сінде уақытша қорғау үшін қой­ылған жабудың ойдағы­дай жасалмағандығынан су Қа­быр­ханаға өткен деп тұжырымдады. Төл сөзімен айтсақ: «Примыкание временной кровли к конструкциям памятника выполнено небрежно, дождевые осадки в весенне-осенний период проникают в кладку памятника. Так, пятно влаги в Гурхане появилось на уровне низа барабана купола». Осы сары жолақты дақ 2011 жылы 4 сталактит (шағын ойықша) аумағына жайылған болса, 2013 жылдың көктемінде аталған сары дақ көлемі кеңейіп, екі есе үлкейгенін көріп шошыдым. Кесене төбесіне шығып қарасам, ескерткіштің үстіне орнатылған жабудың бір бөлігіне шұрық тесікті, яғни бұрын қолданылған (б/у) қаңылтыры пайдаланылған. Төбеден ақ­қан су астына қәдімгі темір бөш­келер қойылған. Олардың фотосуреттерін Мәдениет министрлігінде 2013 жылы өткен арнайы жиында мынау реставрация ма деп көрсеткен соң ғана қаңылтырлардың тесіктерін біршама бітегендей болды, кейбіреулерін ауыстырды. Осы жағдайды көрген соң Ясауи кесенесінің жөндеуін басқарып келе жатқандарға мынадай сұрақ қойғым келеді: Не себепті кесененің баспанасына шұрық тесік қаңылтыр пайдаланылған? Не себепті жаңбыр-қар өткізбеу мақсатында кесене үшін кұрастырылған уақытша баспана су өтетіндей сапасыз жасалған? Екіншіден, Қазандықтың күмбездері арасындағы кеңістікте ылғал көбейіп, тұз жиналып жатқанын ғалымдар ғылыми негізде дәлелдеді. Л.Дубровская 2010-2011 жылдардағы күмбездегі намды салыстыра отырып, бір жыл көлемінде күмбездің үстіңгі бөлігінде ылғалдылық 7 пайызға, орта белінде 29,9 пайызға артқанын көрсетеді. Ішкі күмбездегі ылғалдылық осылай көбейе берсе, оның салмағы артып, жартылай немесе толық опырылуы мүмкін деп ескертеді шымкенттік ғалымдар да. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, сталактиттер орналасқан күмбез бен сыртқы күмбез арасында ауа алмасу жоқ, сондықтан ылғал жиналады, ішкі күмбез ауырлайды. Осыдан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары Қазандықтың күм­бе­зіндегі бұрынғы ойық-тесіктерді ашу қажеттігін ұсынады. Соңғы 40 жылда реставра­торлар кесенені қолдан қым­тап келеді деуге негіз бар. Ес­керткіштің ойық-тесіктерін бекітсек, онда ғимараттың ішіндегі ауа алмасуы бұзылып, күмбездерге қауіп төнетінін 1955-1959 жылдар аралығында Ясауи кесенесінде реставрациялық жұмыстарға жетекшілік еткен, осы өзекті мәселе бойынша алғаш кандидаттық диссертация қорғаған белгілі ғалым Лия Маньковская ескерткен болатын. Бұдан қырық жыл бұрын, дәлірегі 1974 жылы Мәскеуде жарияланған мақаласында айтқан пікірін қазіргі реставраторлар қаперіне де алмайтыны таңғалдырады. Сол сал­ғырт­тықтың салдарынан Қазандық бөлмесінің үстіңгі сталактиттер қатары опырылды. Қазір ғалымдар Қазандық күмбезінде ылғал, тұз жиналып жатқанын дәлелдеп отыр. Мұн­дай жағдай кесененің Мешіт бөлмесінің күмбезіне, басқа да қыштан өрілген төбе жабуларға да қатысты. Осы бөлмелердегі күмбез сылақтары сарғайып, босап, кесене көркін қашыруда. Ал біз кесенеде барлығы тамаша деп сұхбат береміз. Үшіншіден, Илиясхан ойы­ғы мен Мешіт бөлмесі қабыр­ға­ларында, Қазандық пен Қа­быр­хана іргесіндегі тастар бетінде тұз шығып, оларды бүлдіріп, бұзып жатыр. И.С.Бровко бастаған университет ғалымдары кесене қабырғаларындағы ылғалдылық жоғарыдан төмен қарай емес, керісінше, төменнен басталатынын анықтады. Осы арада Ясауи кесенесінде ХХ ғасырдың 90-жылдары жөндеушілер жасаған негізгі қателікті айтпай кетуге болмайды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Қазақстан мен Түр­кияның арасында кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісім жасалған. Бір таңғаларлығы, 1993-1995 жылдары түрік мамандары ғимараттың іргесін бекіту барысында белгісіз себептермен оның қабырғалары мен бетон тіреулері арасына гидроизоляция жасамаған. О баста жобада бар гидроизоляцияны Қазақстан тарапынан осы жұмысқа қатысқан мамандар керегі жоқ дегеннен соң қойылмаған деген пікір бар. Бұл жөнінде «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны» басшылары білуі тиіс. Себебі, ескерткіштің барлық жағдайынан хабардар болған реставраторлар ғана жөндеу жұмыстарына кірісе алады. Аурудың жағдайын біліп, тексермей, оны емдеуге бола ма? Сондықтан зерттеушілер қауымы Ясауи кесенесіндегі гидроизоляция мәселесі жө­нін­де «Қазқайтажаңғырту» рес­пуб­ликалық мемлекеттік кәсіп­орны» басшысынан нақты жауап күтумен келеді... Гидроизоляция жасалмаған соң кесене қабырғалары арқылы жер асты ылғалы жоғары көтеріліп жатқанын шымкенттік ғалымдар анықтап отыр. Ылғал мен тұз қабырға, сырлы қыш, көне қаптама тас беттеріне шығып, оларды бұзып жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситеті мамандарының Ясауи кесенесінің құрылыс құры­лым­дарындағы температуралық-ылғалдық режімін зерттеу нәтижелері өте маңызды болды. Ғалымдар реставрациялық жұмыстар барысында бөл­мелердегі терезелердің, мұржа-құбырлардың бітеліп кетуі жалпы кесенедегі ауа алмасуына, кебуіне көп кедергі келтіріп отырғанын, көп ғасыр бойы бір қалыпты болып тұрған ауа айналымы өзгергенін айтады. Соңғы жылдары кесене үстіне қойылған жасанды қаңылтырлы жабу вентиляциялық каналдармен ауаның журуіне кедергі келтіріп отырғанын да айқындады. Бұған қоса зерттеулерде кесененің төбесінің кебуіне реставраторлар қолдан жасаған қаптама-үймелер кедергі ететіні көрсетіледі. Расында, реставраторлар кесенеге кіріспей тұрғанда күмбездер беті ашық болғандықтан, күнмен, желмен, қанша жаңбыр жауса да ғасырлар бойы табиғи тұр­ғыдан кеуіп, ылғалдан тазарып отырғанын ескеру керек. Бұлар – ақылға қонымды ескертпелер. Жоғарыда айтылған мысал­дардан кейін ескерткіштегі «жөн­деу жұмыстары ойдағыдай жүр­гізілуде» деген тұжырыммен келісу мүмкін емес. Бұған қо­са Ясауи кесенесінде 2008-2011 жылдары атқарылған жөн­деу жұмыстары барысында ЮНЕСКО-ның ғылыми реставрация талаптарына қайшы айла-тәсілдер атқарылғаны құжаттар негізінде анықталып отыр. Солардың ең сорақысы – 2008 жылы перфоратор құралын пайдалана отырып, Қазандықтың сталактиттер қабатында 20 ойық жасалғандығы. Ғасырлардан аман қалған сталактиттерді ХХІ ғасырдың басында қолдан ойып тесуге ЮНЕСКО-ның рұқсат беруі мүмкін емес! Л.В. Дубровская 2010 жылғы есебінде ескерткіште жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұ­мыс­тарының елеулі бөлігі ғы­лыми реставрацияға қайшы келетінін көрсеткен. Маман ес­керткішке зиянды ангидриттік қоспа пайдаланылғанын жазады. Қазандық күмбезінде зиянды тұздардың көбеюінің бір себебін ғалым дәл осы қоспаны орынсыз пайдаланғаннан көреді. Бұған қоса Л.В.Дубровская рес­таврациялық жоспарда белгі­ленбеген басқа да бірнеше жұ­мыс­тардың атқарылып жатқа­нын жазады. Мысалы, кесе­ненің шығыс фасадында үлкен көлемде сыртқы қаптаулар алынып тасталған. Ал жоба бойынша тек кейбір мүжілген қаптау плиткалары ғана алынуы тиіс болған. Жобаға сай келмейтін жұмыстарды «Әзірет Сұлтан» тарихи қорық-музейі қызметкерлерінің тоқтатқаны да есеп бетінде көрсетіледі. Аталған мәселелердің бар­­лығы дерлік Ясауи кесе­несін сақтау және жөндеу мәсе­лелеріне қатысты Мәде­ниет комитеті өкілдері мен «Қазқайтажаңғырту» респуб­ликалық мемлекеттік кәсіпорны» басшыларының қатысуымен өткен талай жиналыстарда айтылып келеді. Алайда, нәтиже жоқ. Қазірше. Мұхтар ҚОЖА, тарих ғылымдарының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жетекші ғылыми қызметкері.

Тілші түсіндірмесі:

Жастайынан-ақ Отырар музейі мен «Әзірет Сұлтан» кесенесі кешендерінде ерен еңбек етіп, тынбай оқып, терең білім алған, үздіксіз ізденетін, жағымсыз жағдайларға, әділетсіз әрекеттерге жаны ауыратын азамат, қазір Түркістандағы ХҚТУ-да қызмет атқаратын ғалым-ұстаз, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа орынды мәселе көтеріп отыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі реставрациялық жұмыстарда көптеген кемшіліктердің жіберілгені айтылып та, жазылып та жүр. Мына мақаладан да мамандар мәністеген пікірлер, ғалымдар дәйектеген дәлелдер, нақтылы фактілер айқын көрініп тұр. Тіпті, білгір маман болмай-ақ, жай көзбен, жанашырлық ниетпен қарағанның өзінде өзгеше ғимаратыңыздағы өңездене өзгерген, тұзданған тұстарды, сарғая сорланған қабырғаларды байқамау мүмкін емес. Бүгінде олқылықты ойып айтқанды, кемшілікті кесіп көрсеткенді кежіктене кек тұту белең алды. Дәл «Әзірет Сұлтан» кесенесіне келгенде, кежірлікке орын болмауы керек. Тиісті министрлік бар, мекемелер бар, жауапты, жоғары лауазымдылар бар, ғұлама ғалымдар, майталман мамандар бар, ЮНЕСКО-дан, алыс та жақын шетелдерден кемел кісілерді қосып, үкіметтік, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі арнайы комиссия құрылуы қажет. Сөйтіп, түбегейлі қорытындылар шығарар, шы­найы шаралар қолданар шақ келді. Мәңгілік Ел мұраттары тұр­ғы­сынан қарайтын мәселеңіздің көкесі де – Кесенеңіз. Байта­ғыңыздың Бас Кесенесі. Мархабат БАЙҒҰТ. «Егемен Қазақстан».