• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қыркүйек, 2022

Қайсар қайраткер

354 рет
көрсетілді

Жаратушының адамзат пешенесіне бұйыратын мағыналы ғұмыры бар-жоғы жиырма-отыз жыл шамасында екен. Кісі пендесінің қалған уақыты ес жиып, етек жабумен және тамақтану, ұйықтау сияқты нәпсілі харекеттермен өтетін көрінеді. Жан атаулының барлығы да ас ішіп, көз іліндіретін табиғат заңына мойынсұнатыны белгілі. Дейтұрғанмен асқар тұлға – Асанбай Асқаровтың басып өткен өмір белестеріндегі мағыналы ғұмырының әр сәті де текке өтпегеніне біздің көзімізді жеткізеді.

Асекеңнің көшелі іске ұйтқы бол­ған көсемдігі, шешіліп сөйлейтін ше­шендігі, ғалымдық кемеңгерлігі мен ұстаз­дық тәлімгерлігі, ақынға тән ұш­қыр шабыты, саясатшыға тән ұстам­ды­лығы, кесімді пікір, кесекті ойымен бау­райтын жазбалары, қанатты сөздері – осының бәрі де мағыналы ғұмырының мәнін аша түсетіндей.

Талант туғаннан бойға бітеді. Әрбір жан иесі пешенесіне жазылған осы бармақтай бағымен өмір есігін ашса да, есейе келе бұл қасиеттері дараланып, азаматтың тұлғалық келбетіне ажар беретіні көп емес. Жарты ғасыр­лық еңбек жолының тең жартысында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, соғыс өртін де кө­ріп, қарапайым солдаттан комиссар дәре­жесіне көтерілген Асанбай Асқаров – тумы­сынан берілген таланты арқылы кемел биікке көтерілген аз тұлғаның бірегейі.

Асқар тұлға ағамызға талантты қан­­­ша­лық үйіп-төгіп берсе, жаратушы оның тағдырын да мейлінше күрделі еткенге ұқсайды. Бала жасынан-ақ әке­ден айырылған ұл өмірдің ащысын ерте татады. Бірақ намысын қай­рап, тез есейіп, жұрт ісіне жастайынан жегіле­ді. Ұстаздықтан басталған еңбек жолы – комсомол қатарынан аудан басшы­лы­ғына, кейіннен облыс деңгейіне дейін ұласады. Жиырма алты жыл бойы облыс басқарып, елге еңбек етудің бөлекше үлгісін қалыптастырады.

«Ел дегенде езіледі жүрегім,

Елімді мен бақытым деп білемін».

Сөз жоқ, Асекең – елін, жерін жан жүрегімен қалтқысыз сүйген жан. Ұл­ты­на деген ұлы сезімін өн бойына өл­шеусіз сіңірген тұлға. Халқының бақы­тын өзінің бақытына балаған басшы. Бұған Асекеңнің ел мұраты үшін атқар­ған игілікті шаруалары толық дәлел.

Асекең атқа мінген жылдарда ел-жұр­тының шын жоқшысы болды. Ал­мас қылыштай өткірлігімен ешкімнен тайсалмай асқақ үн қатып, батыл істерге барды. Сол үшін де ол барлығына бірдей жақпады. «Өз халқының мұң-мүддесін түсінген адамды ұлтшыл деп кінәлауға бола ма?», дейді Асекең, – Өйт­кені адам ұлттық сана сезімге көтерілмейінше интернационалист бола алмайды. Халық қалай итере салсаң, солай жығыла салады деп есептейтіндер қателеседі. Халықтың күші оның ұлт­тық сана-сезімінде екенін ұмытпау керек... Ха­лықтың өзіне тән категория­ларымен ойлайтын адам елінің мүддесінсіз өмір сүре алмайды. Өз халқын сүю басқа халықты да сыйлауға итермелейді».

Өмір сүрудің осы принципі біздің ойымызға Алаш арысы – Міржақыпты оралтады. Балақтан бөрі, жағадан жау жармасып, «жаусың» деп жаналқым­нан алғанда Жақаңның ашына жазатыны бар еді: «Бізде қазір шын коммунист болдым деп отырғандар – кешегі ұлтшылдар. Мұнан кейін де шын коммунист болуға жарайтындар – тағы да сол бұрынғы ұлтшылдар» , дейді.

Екі арыстың ой толғамындағы осы үндестік, осы тамырластық «Халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» де­ген Әлекең (Әлихан Бөкейхан) философиясына еріксіз әкеліп жүгіндіреді. Жеке болашағын халқының келешегімен тығыз байланыстырған Асанбайша айтсақ, «Өз халқының жайын өз ұлы түсінбесе, кім түсінеді!?» Ендеше, Асе­кең халқын шын сүйген ерекше тұлға болды.

Асекеңнің халқына деген риясыз сүйіспеншілігі бақай есеппен күнелткен әлдебір жандайшап опасыздарға таптырмас пұрсат берді. Олар осы бір алмағайып кездің осал тұсын сәтті пай­даланып, арызды қардай боратты. Әрқашан таланттылардан қаймығып келген коммунистік режім Асекеңнің ұлтына деген қалтқысыз пейілі мен «іскерлігінен» сескеніп, егде тартқан шағында есіл ерді істі қылады.. Тота­литарлық өктемдік пен шовинистік менмендікке көре алмаушылық пен күн­дестік қосылады. Ақыры есіл ер егде тарт­қан шағында төрт жыл, төрт ай тар қапаста отырды. Саналы ғұмырын түгелге дерлік ел игілігі жолында сарп еткен, сол үшін Социалистік Еңбек Ері, Ленин ордені, Еңбек қызыл ту ордені сияқты т.б. толып жатқан атақ-ма­рапаттар иесі осылайша әп-сәтте «зиян­кес» болып шыға келді. Мұны сол кез­дің трагедиясы дегеннен басқа айтары­мыз жоқ, әрине. Әйтпесе, арда өскен асыл азаматтың ел-жұртын көркейтуден басқа жазығы жоқ еді. Сұрақ көп, жауап жоқ...

Асекеңнің осынау өмір жолдарын көңіл көкжиегімде толқытып, абыз аға туралы ойға шомғанымда жүрек түк­пірімде «Нар тұлға жазықсыз жапа шегіп, төрт жарым жыл тас түрмеде қамалмағанында ұлтының мерейін арттыра түсетін тағы да талай игі іске бастамашы болар еді-ау» деген өкініш шарпиды. Әрине, бұл біздің пенделік ойымыз, өзекті өртеген жүрек сырымыз. Бәлкім, Әбділда ақын Тәжібаев айтқандай көп қинаған, қорландырған түрменің Асекең поэзиясына берген олжалы жағын да көре білуіміз керек шығар? Талант иесінің өзі де: «Қалай дегенде де өткен күндерге өкінішпен қарай беру жараспайды. Қоғам, орта, жалпы жұрттың ықыласымен жүріп, дамығанымен оның әр алуан қырлары адамның еркіне көне бермейді» депті ғой. «Жаратқан да пендесіне көтере алатын тағдыр нәсіп етеді» деген рас та шығар, бәлкім...

Амал нешік, қазір бізде халқының жа­йын емес, қарақан басының қамын күйттеп кеткен бишікештер мен олигарх­тар аз ба?! Осындайда, әттең, аса бай­лары көп, «Асанбайлары» жоқ дүние-ай дейсің!

«Ер жігіттің басына не түспейді,

Сен мені ойлай берме, жасымағын»

Асекең адал жары Фатима апайға жолдаған өлең жолдарын осылай құра­ды. Өзінің түбі ақталатынына иланды. Ақиқаттың жеңетініне күмәнсіз сенді. Оны жүрек түкпірінен шыққан мына өлең шумақтары растайды:

Елімді ойлап сөгіледі қабырғам,

Намысым мен арым артық

жанымнан.

Елім-жұртым ақтығыма сеніңдер,

Ұлың едім адалдыққа табынған.

Сен арқылы елге сәлем жолдаймын,

Жарты жолда егіледі бордай кім?

Қазір мейлі кім не десе, о десін,

Тірі болсам өзімді-өзім қорғаймын!

Бір жақсысы, асыл азамат морт сын­ған жоқ. Бойындағы қуатын ойындағы жыр шумақтары арқылы көрсетті. Тө­гіл­діріп жыр жазды. Бірақ Асекеңдей арыс­ты күйіндіргені, жанын ауыртқаны дұшпандарының жаласы емес, сенген серіктерінің өзінен теріс айналғаны, бетін басқаға бұрғаны болды. Мұны ақын өз өлеңінде былай жеткізеді:

Айтшы досым,

Болады заман қандай?

Айтысуға барады шамам қалмай.

Мынау өмір шынымен толғаны ма?

Табандары тайғанақ адамдарға-ай!

Кімге айтамын сырымды,

Кімге сенем?

Қайтып қана көгерер бұл көсегем?

Сатып кетті сыртымнан

кейбір сабаз,

Тамақ ішкен бір аяқ,

Бір кесемен...

Бұл жақсылық бар жерде жамандық болатынын, адалдық пен арамдық қа­тар жү­­ретінін тағы да дәлелдеді. Тағы да дей­тінім, осыдан бір ғасыр бұрын Ахаң да:

«Қиын емес, абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асып атқаны.

Маған қиын осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп,

қапқаны,»

деп опынған екен.

Өмірдің тәттісін де, талқысын да теңдей татқан Асанбай аға ғұмыры бізге ұлт үшін күюдің оңай еместігін ұғын­дырады. Өйткені тарихтың қай бетін парақ­тамайық, жұрты үшін жанын салып, елі үшін терін төккен арлы арыс­тардың атына күйе жағылмағаны аз болмапты.

Асекеңнің қолтаңбасы да айрықша. Көзімен көрген, жүрекпен түйсінген өмір құбылыстары, сыр-толғамдары қам­­тылған бірнеше кітабы жарық көр­ген. Олардың ішінде «Тағдыр», «Көз­қарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» атты ғұмыр­намалық, публицистикалық, тарихи пәлсапаға толы еңбектерін оқып отырып, кемел білім мен терең ойдың қазы­насына құнығып кеткеніңізді сез­бей қаласыз. Оқыған сайын жан-дү­ниең­мен беріле түсесің. Ал «Жұмақ пен тозақ жырларына» ой тоқтатқанда: «Пах, шіркін! Ақын осындай болсай­шы» деп, жырдың мөлдірлігіне, жүрек­тің көзін дөп басатын шеберлігі мен өлең­дегі ұйқастың өткірлігіне тәнті бол­масқа еш амалымыз қалмайды. Маған «Асекең тек шығармашылықпен шұ­ғыл­данғанда талантты жазушы, танымал әде­биетші болатыны шүбәсіз-ау» деген ой келеді. Бұл, әсте, Асекеңнің қол­дағы еңбектерін олқысынғаннан емес. Кері­сінше, сүйсінгендіктен, қалам қуа­тына толық иланғандықтан туған ой дер едім.

Еңбекпен ержеткен ер зейнет дема­лысына шыққанда да қол қусырып қарап отыра алмады. Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы «Бәйдібек-Сылан­ды» қоғамының және Мұхаммед Хай­дар Дулати қорының Президенті мін­деттерін атқарып, қоғамдық жұмыс­тардың бел ортасында жүрді. Бұл Асе­кеңнің жұрт жұмысы мен қауым харе­кеті үшін жаратылған айрықша жан екенін аңдатады. Егер, «Мен шаршадым, оңаша болуға мұрсат беріңдер» десе, Асекең биігі еш аласармас еді ғой. Жоқ, олай істеген жоқ. Қашанда халық үшін күш-қуатын аянбай сарп етті.

Сөз арасында айтудың реті келеді, бізде билік тізгінін ұстаған басшылар аз болған жоқ қой!? Алайда билікте жүрген кезінде қолпаштауды көп көргенімен, тізгін тапсырып, тақтан түскен соң олар­­дың халық қаперінде қалғаны, жұрт на­зарында жүргені аз. Есте қалғанынан ұмытылып жатқандары көп сияқты. Керісінше, ел ардақтысы Димекең мен Асекеңнің жұрт жүрегінен түпкілікті орын алуы неліктен? Меніңше, бұған Асекеңнің: «Халқымнан айналайын. Халқым үшін керек болса, қазір де садаға болуға дайынмын. Халқымнан басқа күннің де, түннің де маған керегі жоқ. Халқым аман болса, мен де аманмын. Мен халқымның арасындағы бір қауызымын. Халқым парықтайды. Түрмеден мені шығарып алған да осы халқым деп ойлаймын» дейтін риясыз жүрек сыры толық жауап беретін тәрізді. Халқының шын жанашыры, елінің шын тілекшісі, сол жолда жанын да, малын да құрбан қылуға, өзін садаға етуге дайын адам ғана халықтың жадында мәңгі сақталады. Жалпақ жұрттың Асекеңе араша түсіп, «Асанбайды құт­қару комитетін» құрулары себебінің сыры осында жатса керек.

Асекең бір тұста Димекеңмен екеу­ара әңгімесін былайша сабақтайды: «Орысты ренжiтсең, Мәскеуге шабады. Қазақты ренжiтсең, қайда шабады? Өзiңнiң алдыңа айналып келедi, Асанбай. Орыстың артында тұрған Мәс­кеуi бар. Қазақтың артында тұрған Мәс­кеуi жоқ. Қазақтың Мәскеуi – бiз­дермiз, Асанбай. Қолыңнан келгенше қазақты жылатпауға тырыс. Қорлыққа берме. Қор­лыққа көнген халық зорлыққа да көнетiн иiсалмас, ынжық болып ке­тедi. Ұлт өзiнiң мүддесiн өзi қорғай ала­тын дәрежеге жетуi керек. «Кезiнде қазақ­тың жанын сақтап қалсақ екен...» дедiк қой. Бiз ол дәуiрден өттiк. Ендi қазақтың рухын, намысын сақтауымыз керек!» дейтiн маған Димекең» деп еске алады.

Осы сөз бұл тұлғалардың халық жү­­регінде мәңгілікке қалатынының түп­­кі себебінің кілтін ұстатқандай болады. Қазақ мемлекетінің бекемдігі үшін белін буып кіріскен, Алаш жұрты­ның өркендеуі жолында жанын салып жұмылған, сөйтіп, жаңғырған жа­ңа қоғам құруға бір кісідей терін тө­гіп, еңбек еткен Асанбай Асқаров аға­мыз тірі болса жүздің жүзін көрер еді. «Жақ­сының аты өлмейді» деген қазақ­тың ой орамына сүйеніп, біз Асекең тұлғасының өз халқымен мың жасайтынына иланамыз.

Асекең – артына соны соқпақ қал­дырған айтулы тұлға. Сол соқпақпен бүгін­де талай жас мақсат-мұратына бет­теп келеді. Оны үлгі тұтқан көптеген жет­кіншек елі мен жеріне еңбек етуге құлшына кірісуде. Еңбектің ащы тері кескіндеген Асекең бейнесі уақыт озған сайын биіктей түсетіні, ұрпақ ауысқан сайын асқақтай беретіні шүбәсіз. Біз бұған кәміл сенеміз.

 

Намазалы ОМАШЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері