• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2014

Аттаныс

381 рет
көрсетілді

Диқандар қырға шықты. Ер­теңгі мол өнімге аттаныс бүгіннен басталып отыр. Облыстың барлық шалғайындағы шаруашылықтар жылт етіп өте шығатын науқанның әр күнін, әр сағатын пайдаланып қалуға тырысады. Көктемгі дала жұмыстары облыста мамыр айының тура ортасынан мәре алады. Бірақ өңірдің оңтүстік аудандарында да, ылғал молырақ тоқталатын солтүстік аудандарда да диқандар бидай егуді бастаған жоқ. Әзірге ертерек ексе, ертерек ауызға тиетін бақша өнімдері мен картопты егіп тастауды қолға алған. Сонымен қатар, майлы және жемдік дақылдар да топыраққа ерте сіңіргенді сүйеді. Бүгінге дейін облыста 60 мың гектарға жуық алқапқа майлы дақылдар, 152 гектар көкөніс, 1500 гектардан астам картоп, 200 гектардан астам бақша өнімдері, 1000 гектарға жуық алқапқа жүгері дәні сіңірілді. Бұл  науқанның алғашқы 1-2 күніндегі ғана көрсеткіш. Ал бидай себуді диқандар мамырдың 19-20-ларына қаратып отыр. Диқандардың көктемгі дала жұмыс­тарына кірісуі бәйге атын жаратқандай көп жұмысты, дайындықты, бапты керек етеді. Техника, жанар-жағармай, субсидия сияқты мәселелердің шешімін табуы оңай емес. Биыл көктемгі дала жұмыстарына 71 мың тонна жанар-жағармай керек болса, соның облысқа 50 мың тоннадайы жеткізілді. 5 мың тоннасы жолда келе жатыр. Шаруашылықтың май таситын машиналары жанар-жағармайдың келген келгеніндей тоқтатпай әкетіп жатыр. Уақыттан ұтылмай топыраққа дән сіңіріп алса, қаржылай көмектен диқанға тоқтау болмайтын сыңайлы. – Егін шаруашылығын әрта­рап­тан­дыруды жақсарта түсу үшін биыл жема­зықтық, майлы да­қылдар мен көкөніске субсидия­ны көтереміз. Биыл 3 мил­лиардтан астам теңге субсидия тек майлы дақыл үшін ғана беріледі. Шаруа мұндай көлемдегі көмекті ешқашан сезінбеген болар, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов. Көктемгі дала жұмыстарына атойлап аттанғанда ғана таудай зорайып көрінетін үлкен іс күрмеуге келмейтін аз уақытта бітіп қалады. Даңғайыр диқан, Қазақстанның Еңбек Ері Валентин Двуреченский де қазір алқап басында жүр. Жаңашыл диқанның қабағы салыңқы көрінді. – Көктемгі дала жұмыстары қалай бас­талды? – Несін айтасың, табиғат мұрша бер­мей тұрған жоқ па? Кеше ғана біздің қостағы термометр 45 градусты көрсетті. Қазір тиімді температура сомасы 240 градус, ал көп жылдық орташа көрсеткіш – 160 градус. Мұндай көрсеткіш 100 жылда болған емес. Ал ылғалдың түсуін салыстырсақ, көп жылдық орташа көрсеткіш мамыр айында 40 мм болса, биыл мамырдың басынан бергі уақытта ол 0 мм болып тұр. Климаттың осындай өзгерісіне қарсы диқандардың тығырықтан шығар бір ғана амалы бар. Ол – ылғал сақтау технологиясы, – деді Валентин Иванович. Ғалым-агрономның айтуына қарағанда, Қостанай өңірінде соңғы бес жылдың төрт жылында құрғақшылық болған. Соған қарамастан, қостанайлық диқандар кеусенсіз болған жоқ. Өткен жылы 4 миллион 894 мың тонна астық жинады, гектар айналымын 11 центнерден келтірді. Республика бойынша астықтың төрттен бірін Қостанай облысы береді. Биыл 4 миллион 800 мың гектарға дән сіңіретін болса, соның 4 миллион 100 мың гектарын Валентин Ивановичтің жар құлағы жастыққа тимей насихаттайтын ылғал сақтау технологиясымен егеді. Соңғы жылдары шаруа­шы­лықтардың техника жаңалауы да жақсы өріс алған. Өйткені, озық технологияға жетіл­дірілген, оңтайлы техника керек. Көп­те­ген ірі шаруашылықтар техникасын тұ­тастай жаңалап алған. Шағын шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірі­гуін уақыттың өзі меңзеп отырғандай. Бидай себуге енді кірісетін диқандар маусымның 5-не дейін науқанды аяқтауы тиіс. Осындай қысқа уақытта мыңдаған гектарларды тек қуатты техника ғана игере алады. Маңдайтері құрғамайтын диқандар да ырымшыл келеді. Еңбексіз ештеңе болмайтынын білсе де, Табиғат-анаға тәуелсіз кім бар? Диқан аталарымыз «Мамыр айы салқын болса, күзде астық мол болады, тұман көп түссе, жеміс жақсы салады» дейді екен. Мамыр Қостанайда құрғақ, ыстық болып тұр. Бірақ, диқандар салын суға кетірмейді. Синоп­тиктер алдағы апталарда күн қы­зуының төмендейтінін айтып отыр. Жер баптаған жанның маң­дайтерін сор етпе, тілеуін бере гөр, Жер-ана! Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.