«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді. Бұған көнбесе, «Дәніккен қарсақ құйрығымен ін қазады» деп тағы айтады. Ақыры болмаған соң «Ет сасыса тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің?!» деп қамкөңіл тартады. Міне, соның нақты көрінісі.
«Ақсай» полиция бөлімінің басшысы Ә.Қайназар пара үстінде ұсталғанда тағы бір айқындала түсті. Ол бір адамды қылмыстық жауапкершілікке тартпау және «Ақсай» полиция бөлімінің өндірісіндегі істі қысқарту үшін 5000 АҚШ доллары көлеміндегі пара талап етеді. Ақырында 620 000 теңге пара алғаны үшін айыпталады.
Атап айтқанда, 2014 жылғы 17 сәуірде Ә.Қайназар өзінің қызметтік автокөлігінде 200 000 теңге көлемінде пара алған. Ертесіне пара сомасының бір бөлігін, яғни 120 000 теңге алып жатқаны тағы құжатталған. Ал 22 сәуірде Ә.Қайназар өзінің қызметтік автокөлігінде қалған пара сомасы – 300 000 теңге алып, оқиға орнынан бой тасалап қашқан. Бірақ қаржы полициясы қызметкерлерінің уақтылы іс-әрекеті нәтижесінде ұсталды. Осылайша, 24 сәуірде Қызылорда қалалық соты Ә.Қайназарды қамауға алуға санкция берді. Бүгінде қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.