Бұл туралы Қазақстан елшісі Нұрбах Рүстемов пен Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) тең төрағасы, Румынияның Энергетика министрі Вирджил Попескумен кездесу кезінде айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында 2022 жылғы 6-7 қазанда Астанада өтетін ҮАК 16-шы отырысының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Шара аясында тараптар энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина, көлік-логистика, білім және ғылым салаларында сапалы серпін беріп, жаңа перспективалық бағыттарды ашуға ниет білдірді.
Сонымен қатар қатысушылар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі бойынша өзара іс-қимылды тереңдету, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашу үшін жүк тасымалы бойынша жұмыс тобын құру туралы келісімге келді.
Бұл ретте екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен Қазақстан-Румыния бизнес-форумын дайындау барысы талқыланды.