• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2014

Қытайдағы қазақ жастарының слеті

438 рет
көрсетілді

Қытайдың Шанхай қаласында «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен Қытайда тұратын Қазақстан жастары ұйымдары көшбасшыларының слеті өтті. Жиынға Бейжің, Шанхай, Сиань, Ухань және Үрімші қалаларынан келген студенттік ұйымдардың жетекшілері мен Қытайдағы қазақ диаспорасының жастар өкілдері қатысты. Шамамен 500-ге жуық делегат Қытайдың әр қиырынан келіп, қазақ жастары жат жұртта жүрсе де бірлігінен айнымайтынын тағы да бір байқатты. Шара аясында «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясының маңызы арнайы ұйымдастырылған конференцияда талқыланды. Басқосу Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Қытайдағы Қазақстан студенттері қоғамдастығының қолдауымен өтті. – Бүгінгі таңда Қытайда 1,5 млн. қазақ тұрады. Бұл – ең ірі қазақ диаспорасы. Бұған қоса, Қытайдағы жоғары оқу орындарында жүздеген қазақстандықтар оқып жатыр. Ертеңгі күні дәл осы азаматтар Қазақстан мен Қытай арасын жалғап, ел мен елді байланыстыратын дәнекер болады. Яғни, біздің бизнес үшін, жалпы барлығымыз үшін, демек, елімізді ең дамыған 30 ел­дің қатарына енгізу жолында сіздердің көмектеріңіз зор болмақ. Шанхайда біз осы мәселелерді талқылау үшін жиналатын боламыз. Дәл қазір біздің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға бар күшімізді салуымыз маңызды, –дейді қозғалыс көшбасшысы Данат Жумин. Қытайдағы қозғалыс бел­сенділері Тілектес Адамбеков пен Олжас Сүлейменов шараның мақсаты «шетелде білім алып жатқан жастардың Отанға деген патриоттық сезімін ны­ғай­ту, мемлекеттік тілді наси­хаттау, «Қазақстан – 2050» Страте­гиясы­ның жүзеге асырылу жолындағы жастардың маңыз­ды­лығын түсін­діру» екенін айтады. Кездесуден бөлек, шара аясында Қытайдың әр қаласынан келген көңілді тапқырлар клубы­ның ойындары өтеді. Оған Қазақстаннан «Жайдарман» командасының қатысуы да жоспарланып отыр. Ал осы жерде айта кететін жайт – «Қазақстан-2050» жалпыұлт­тық қозғалысы 2013 жылдың 6 жел­тоқсанында бір топ көшбасшы жас­тардың ынтасымен құрылған еді. «Егемен-ақпарат».