«Тіл – ұлттың жаны» деген сөздің мәні тереңде. Ана сүтімен даритын тілге деген құрмет, мектеп табалдырығын аттаған әр бала үшін әліппемен жалғасатыны қандай жағымды! Жоғалтып алған «Әліппені» араға жылдар салып, қайта қолға алудың астарында да тілге деген тұнық жанашырлық жатқандай.
Биыл білім беру мекемелерінде қазақ тілін оқытуға қатысты ауқымды өзгеріс енгізілгені халыққа оң әсер қалдырғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұхбатында «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс» деген болатын. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баланың жастайынан ана тілінде тәрбие алуына мүмкіндік беретін жоба биыл мектеп бағдарламасына енгізілгенін жеткізген-ді. Яғни қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілінде оқып, орыс тілі пәнін 2-сыныптан, ағылшын тілі пәнін 3-сыныптан бастап оқитын болды. Әрине, мектеп табалдырығын аттаған оқушыға осыған дейін қолданылып келген бірден үш тілді меңгеру бағдарламасы өте қиынға соққан еді.
Міне, енді кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған балақайлар «Әліппесін» қолына алып, ана тілінде сауат ашып жатқанына айға жуық уақыт өтті. Елордадағы Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінде биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 239 бала қабылданып, 9-сынып бойынша әр сыныпта 26-29 оқушыдан білім алуда. Аталған оқу ошағына барып, білім беру бағдарламасына енгізілген өзгерістер бойынша мұғалімдер мен ата-аналар қауымымен пікірлесіп қайтқан едік. 1-сынып мұғалімі Бақыткүл Ысқақова ұстаздар қауымы шәкірттерінің ана тілінде оқып, білім алып жүргеніне өте қуанышты екенін жеткізді.
«Елу жылда – ел жаңа» дейді аталарымыз. Озық технологияны меңгерген жаңашыл ұстаздар алдында отырған шәкірттерінің еңбекқор, тәрбиелі, инабатты болып өсуі жолында еңбек етеді. Бізге артылған басты жүк – рухани тұлғаны, туған елінің тілі мен мәдениетін, әдебиетін білетін, ең бастысы, ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, ана тіліміздің игілігін арттыру жолында мәңгілік елдің азаматы болуға лайықты ұрпақ тәрбиелеу», дейді Б.Ысқақова.
Ал 1 «а» сыныбында оқитын оқушының ата-анасы Жанар Байтуғанова қазақ тіліндегі мектеп бағдарламасының бүгінде тілге жеңіл тимейтіндігін айтады.
– Қазақ тіліндегі мектеп бағдарламасы күрделі. Себебі кітаптағы берілген тапсырмаларды түсіндіру барысында сөздердің ішінара үйлесім таппауы көп кездеседі. Оқулық оңай тілмен жеңіл әрі миға қонымды етіп жазылуы керек. Ауызекі тілде әрең сөйлеп жүрген ата-анаға бұл үлкен қиындық тудырады. Әлбетте, сыныққа сылтау іздеген қоғамның көңілінен шығу оңай емес. Десе де, жұмыла көтерген жүктің салмағы шаң-тозаңындай болары сөзсіз. Алдағы он жылда қазақ тілінде емін-еркін ойлап, ашық сөйлей алатын жас буын қатарын күн санап көбейте беру қажет. Бұл үшін ұлтым, тілім, дейтін әрбір жан әуелі өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, тілге деген құрметті өзінен бастағаны дұрыс.
Мектеп-лицейінің 1 «ғ» сыныбының ата-анасы Аяулы Ошанбайқызы биылғы оқу жылы мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балдырғандар үшін ерекшелікке толы болғанын, ана тілінде білім алып жатқан балаларға да, өзіне де ұнағанын, бұған дейін ағылшын тілі мен орыс тілі алғаш мектепке барған оқушыларға ауыр тиіп келгенін жеткізді.
Ал 1 «а» сыныбының ата-анасы Гүлім Төлен қызын мектепке берерде қай тілде оқыту туралы көп ойланғанын айтты.
«Үйдегі қазақы тәрбиеміз бөлек, киелі шаңырақ – мектептің тәлім-тәрбиесі өз алдына бір бөлек қой. Ұлымды орыс мектебіне бергенімді ескере келе, қызымды қазақ мектебінде оқытуды жөн санадым. Себебі баланың жарты күні мектепте өтеді, қазақша оқумен қатар қазақы тәлім-тәрбие де алады. Қыз балаға келешек ана деп қарайтын болсақ, бойына осы біліммен қатар ұлттық тәрбиені де сіңіру керегін қаладым. Ал ағылшын тілі мен орыс тілінің 1-сыныпқа қосылмағаны балаға көп жеңілдік болды. Балаға әуелі ана тілін толық үйрету Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жасалған үлкен бастама деп түсінемін», дейді ол.
Білімнің оңай жолмен келмесі анық. Жас ұрпақ білім ғасырында тек білім алуы қажет. «Әліппенің» әр әрпін оқып, жадына тоқып жатқан жас өрендер ана тілінің бар бояуын сіңіріп өссе, елге, ұлтқа риясыз қызмет ететін көшбасшылар осы ортадан шығатыны кәміл.