Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ресейліктер Қазақстанға жаппай келуі мүмкін деген мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ресейліктер бізге іссапармен немесе туризм мақсатында келсе, біз оларға шектеу қоя алмаймыз. Бұл қазақстандықтар да Ресейге бара алатыны сияқты өзара процесс. Сондықтан біз оны шектей алмаймыз», деді Мәулен Әшімбаев палатаның жалпы отырысында.
Сондай-ақ Сенат спикері оларға елімізде өмір сүруге рұқсат беру мүлдем басқа мәселе екенін атап өтті.
«Егер біз Қазақстанда өмір сүру туралы айтатын болсақ, онда бұл бөлек мәселе. Кез келген басқа елдің азаматында Қазақстанда тұру үшін өз мемлекетінің рұқсаты болу керек. Бұл туралы біздің заңдарда анық жазылған», деп түсіндірді М.Әшімбаев.
Бұдан соң, тұрғылықты тұруға ықтиярхат алу үшін өтініш берушінің шығу парағы және заңда көзделген басқа да құжаттары болуы керектігі айтылды.
«Саяси баспана – бұл басқа мәселе. Саяси баспана беру, босқын деп тану және босқын мәртебесін беру басқа дүние. Олар халықаралық келісімдермен және БҰҰ бекіткен тиісті құжаттармен реттеледі. Бұл мүлде басқа әңгіме, қазір бұл туралы сөз қозғалған жоқ», деп қосты спикер.
Еске сала кетейік, кеше Ресей президенті Владимир Путин Ресейде ішінара жұмылдыру туралы жарлыққа қол қойған еді.