Қорғаныс министрі С.Ахметов Петропавлда орналасқан қорғаныс-өнеркәсіп кешендері кәсіпорындарын аралады, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі.
С.Ахметов Петропавл ауыр машина жасау зауытына, С.М.Киров атындағы зауытқа және «Мұнаймаш» зауытына барып, кәсіпорындардың өндірістік-технологиялық мүмкіндіктерімен, шығарылатын өнімдермен танысты.
Министрге зауыт өкілдері өз өнімдерін алдағы 22-25 мамырда Астанада өтетін үшінші халықаралық «KADEX-2014» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне ұсынуға дайын екендіктерін жеткізді.
С.Ахметов еліміз Қарулы Күштерін одан әрі жетілдіру және қайта қаруландыруда, армияның жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті мәселелерін шешуде қорғаныс-өнеркәсіп кешендерін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.