Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеу жасап, елде ішінара мобилизация жарияланатынын мәлімдеді. Бұл мәлімдемені халықаралық қоғамдастық сынға алды.
«Әскери қызметке қазіргі уақытта запастағы және ең алдымен қарулы күштер қатарында қызмет еткен, белгілі бір әскери мамандықтары мен тиісті тәжірибесі бар азаматтар ғана шақырылады», – деді В.Путин.
Әскери ахуал туралы айтқан Кремль басшысы шептің бір мың шақырымнан асып кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, Донецк аймағындағы ресейлік әскер тікелей шабуыл жасамай, шығынды азайту мақсатында біртіндеп әрекет етпек. Сондай-ақ ол Херсон, Донецк, Луганск облыстарының оккупацияланған өңірінде жарияланған референдумдарға қатысты пікір білдірді. В.Путин дауыс берудің қауіпсіздігін сақтауға уәде етті.
«Әскери қызметке шақырылғандар арнайы әскери операция тәжірибесін ескере отырып, міндетті түрде қосымша әскери даярлықтан өтеді», деген В.Путин ішінара мобилизация туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Сөз соңында Путин ядролық қауіп тақырыбына тоқталды.
«Бізді ядролық қарумен бопсаламақ болғандар желдің өз бағытына бұрылуы мүмкін екенін білуі керек», деді Кремль басшысы.
Мобилизация жарияланғаннан кейін бірден Навальныйдың серіктестері, ресейлік оппозиция және соғысқа қарсы қозғалыстар ресейліктерді наразылық білдіруге шақырды. Осыған байланысты Ресейдің 30-дан астам қаласында шеру өтті. Ұсталған адам саны қазірдің өзінде мыңнан асқан көрінеді.
Ресей президентінің үндеуінен кейін мемлекеттік телеарналар аталған елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың сұхбатын көрсетті. Ведомство басшысы мобилизацияның қалай өтетініне тоқталып, Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаздардың ресми санын айтты. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, Украинада 5 937 жауынгер қаза тапқан.
Ресей қорғаныс министрінің деректері Украина тарапының мәліметінен әлдеқайда аз. Қазіргі таңда ресми Киев 50 мыңнан астам ресейлік сарбаздың көзін жойғандарын алға тартып отыр. Оның үстіне, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жасаған тізім де С.Шойгу келтірген деректерден әлдеқайда көп. Мәселен, ВВС арнасы 16 қыркүйекке дейінгі қақтығыс кезінде Ресей кем дегенде 6 476 сарбазынан айырылған деп хабарлады. Бұл тек ашық дереккөздермен расталғандары ғана. Сондықтан сарапшылар қаза тапқандардың нақты саны бұдан да көп екенін айтады.
Сондай-ақ С.Шойгу шамамен 300 мың адам тартылатынын мәлімдеді. Бірақ бәрі бірден әскерге шақырылмайды. Министрдің айтуынша, шақырылғандар әуелі қайта даярлауға жіберіледі. Содан кейін ғана өздеріне жүктелген тапсырманы орындауға кіріседі.
Бұл шешімді халықаралық қоғамдастық түрлі деңгейде қабылдады. АҚШ-тың Украинадағы елшісі мобилизация жасау Ресейдің әлсіздігінің белгісі деп есептейді. Бриджит Бринктің айтуынша, Ресей билігінің кейінгі қадамдары олардың қиын жағдайда тұрғанын көрсетеді.
«Жалған референдумдар мен мобилизация – Ресейдің әлсіздігінің, сәтсіздігінің белгісі. АҚШ Ресейдің аннексияланғалы жатқан Украина аумақтарына деген талаптарын ешқашан мойындамайды. Біз Украинаға қанша қажет болса, сонша қолдау көрсетеміз», деп жазды Бринк Twitter-дегі парақшасында.
Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте де осындай пікір ұстанады. Оның айтуынша, ішінара мобилизация Кремльдің қиын жағдайда тұрғанының белгісі. «Мобилизация, Донецкіде референдум өткізуге шақыру – бәрі шарасыздықтың белгісі. Оның ядролық қару туралы сөзі бұрын бірнеше рет естіген сөз. Бұл сөз ғана, сондықтан сабырлы болуға кеңес беремін», деді М.Рютте.
Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Путиннің Украинадағы соғысқа резервтегілерді жұмылдыру туралы шешімі Ресей басқыншылығының сәтсіз аяқталғанын көрсетеді деп мәлімдеді.
«Ешқандай қоқан-лоққы немесе үгіт-насихат Украинаның бұл соғыста жеңіп жатқанын, халықаралық қоғамдастықтың біріккенін және Ресейдің жалғыз қалғанын жасыра алмайды», деді Ұлыбританияның қорғаныс министрі.
Сондай-ақ Б.Уоллес Путин бұған дейін мобилизация болмайды деп уәде бергеніне, Ресейдің Украина аумақтарын аннексиялауды жоспарламаймыз дегеніне назар аударды.
Чехия премьер-министрі Петр Фиала Путин жариялаған ішінара мобилизация Украинадағы соғысты одан әрі ушықтыру әрекеті деп атады. П.Фиала қазір Украинаға көмектесуді жалғастыру өте маңызды екенін және бұл Чехияның мүддесіне сай келетінін жеткізді.
Чехия – Украинаны ауыр қару-жарақпен қамтамасыз еткен бірінші ел. Алдағы уақытта да Украина қарулы күштеріне танктер, тікұшақтар және артиллериялық жүйелер жеткізуді жалғастыра бермек.
Германия вице-канцлері Роберт Хабек Кремльдің бұл әрекетін «Ресейдің тағы бір қате қадамы» деп атады. Канцлер Олаф Шольцтің кеңсесі мәлімдеме таратып, Германия басшысы Ресейдің ішінара мобилизация туралы шешімін Кремльдің Украинаға шабуыл жасау кезінде жүзеге асырған жоспарларының сәтсіздігі деп санайтынын хабарлады.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэнбин Ресей билігінің соңғы мәлімдемелеріне қатысты пікір білдірді. «Украина дағдарысына қатысты Қытайдың ұстанымы әрқашан айқын. Біз тараптарды диалог пен келіссөздер арқылы атысты және соғысты тоқтатуға шақырамыз. Тараптардың мүдделерін ескере отырып, ақылға қонымды қадам жасайтынына сенімдіміз. Біз сондай-ақ халықаралық қоғамдастық бұған қол ұшын созады деп үміттенеміз», деді В.Вэнбин.
Польша премьер-министрі Матеуш Моравецки өз елінің Украинаны қолдауын жалғастыратынын хабарлады. «Одақтастарымызбен бірге НАТО-ның Украинаға қолдауын арттырып, қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ішінара мобилизация туралы ақпарат расталды. Ресей Украинаны жойып, оның аумағының бір бөлігін басып алуға тырысады. Бұған мүмкіндік бере алмаймыз», деді ол Рейтерс агенттігіне берген сұхбатында.