Кеше Үкімет үйінде Қырғыз Республикасының Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке енуі мәселелері бойынша Қазақ-Қырғыз келіссөзі өтті. Қазақстан жағын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, қырғыз тарапын осы елдің экономика министрі Темір Сариев басқарды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан Үкіметінің қолдауымен, Қырғызстанның Кеден одағына қосылуы бойынша «Жол картасын» жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың, атап айтқанда, мұнай-газ саласындағы, кеден бекеттерінің жұмыс істеуіндегі, ауыл және су шаруашылығындағы, көші-қондағы, эпизотикалық жағдайлардағы, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік салаларындағы перспективаларды қарады.
«Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас экономикалық тығыз байланыста, ырғақты дамуда.Қырғызстанның Кеден одағына қосылуы ынтымақтастығымызды арттырып, біздің елдеріміз экономикалары мен халықтарының игілігіне қызмет ететін болады», деді Б.Сағынтаев.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары екі ел арасында достық қарым-қатынас қалыптасқанын және пайда болған барлық мәселелерде түсіністік табылып келе жатқанын атап көрсетті.
Өз кезегінде, Т.Сариев қырғыз жағының Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға әзір екендіктеріне және талқыланған мәселелер бойынша қолдауға ие болатынына үміт артатындықтарына тоқталды.