Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен өткен аптада елімізде болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII cъезіне тоқталып, форумның жұмысын қорытындылады.
«VII cъезд тарихи және бірегей оқиға болды. Форум дінаралық және өркениетаралық диалогтің айтулы алаңына айналды. Дін лидерлері съезд мінберінен бейбітшілік пен диалогті қолдауға арналған маңызды ойлар айтты. Нәтижесінде, айтылған ұсыныстар тұжырымдалып, ортақ Декларация қабылданды. Онда диалог пен өзара түсіністік мәдениетін ілгерілету және жанжалдар мен қақтығыстарды тоқтату бойынша әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған маңызды мәселелер көрсетілді», деп Мәулен Әшімбаев сенаторларға cъезге белсенді қатысқандары үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар екі заңды қарап, қабылдады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мәдениет және кинематография саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге бағытталған. Аталған құжат жөнінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов баяндама жасады.
«Бұл заңды іске асыру аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылып, оның қызметі ең алдымен кино өндірісіне, фильмдерді прокаттау мен көрсетуге және ұлттық фильмдерді одан әрі ілгерілетуге бөлінетін бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты шоғырландыруға және бөлуге бағытталып отыр. Мұндай ұйымдар барлық жетекші кино өндіруші елдерде қызмет атқарады.
Заң жобасын қабылданғанға дейін барлық кинокартина, олардың прокатын қоса алғанда, толық көлемде қаржыландырылып келді. Бұл өз кезегінде шығарылатын фильмдердің санын, сондай-ақ олардың нарықтағы коммерциялық ілгерілеуін айтарлықтай шектеді.
Бүгінгі қаржыландыру схемасында фильмдерді қаржыландыру көлемі бойынша нақты градация қарастырылған. Мәселен, ұлттық фильмдер деп танылуға үміткер киножобаларды қаржыландыру туралы шешімді уәкілетті орган Сараптамалық кеңестің оң қорытындысы және ұлттық фильмдерді мемлекеттік қаржылық қолдау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымы негізінде қабылдайды. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап Қазақстанда еліміздің аумағында түсірілім жасау үшін ірі шетелдік кинокомпанияларды тартуға бағытталған кинематография саласында субсидиялар (рибейт) беру тәртібі заңнамалық деңгейде реттеліп отыр», деді Н.Дәуешов.
Жалпы, «Кинематография туралы» заң кинематография саласын дербес бағытқа айналдырған мәдениет саласындағы алғашқы ресми құжат. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аталған заңның қабылданғанына көп уақыт өтпесе де, әлемдегі кинематография саласының қарқынды дамуын назарға ала отырып, оны жетілдірудің заңды қажеттілігі туындаған.
«Заң жобасының тұжырымдамалық нормаларын айтып өтуге рұқсат етіңіздер. Бірінші, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңында Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке ретінде – 25 қазанда атап өтілетін Республика күнін белгілеу ұсынылады. Бұл норма Президенттің 2022 жылғы 16 маусымдағы Президент жанындағы Ұлттық құрылтай отырысында берілген тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Екінші, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен елімізде және шетелдерде ұйымдастырылатын әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды қаржыландырудың тақырыптық бағыттары мен тәсілдерін айқындау тәртібін бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыретін кеңейту ұсынылады. Қазіргі таңда республика және өңірлік деңгейде әлеуметтік маңызы бар мәдени іс-шараларды өткізу мәселесін заңды тұрғыда реттеу құралы болмауына байланысты туындайтын бірқатар проблема бар. Бұл ретте, аталған мәселені шешу мақсатында арнайы регламент қабылдау бойынша норма қарастырылған», деді Н.Дәуешов.
Келесі норма кинематография саласында мемлекеттік қаржылық қолдау алу үшін кинематографиялық қызмет субъектілерінің аясын кеңейтуге бағытталған. Заң жобасында мемлекеттік қаржыландыру субъектісі қатарына жеке кәсіпкерлерді қосу ұсынылып отыр.
«Төртінші, фильмдердің мемлекеттік қорын айқындау және оны сақтаудың қағидаттық тәсілдері өзгертілді. Бүгінгі таңда, Мемлекеттік фильмдер қоры – киноколлекция болып табылады. Ұсынылып отырған түзетудің негізінде барлық Мемлекеттік фильмдер қорын сақтайтын бір заңды тұлғаны белгілеу ұсынылып отыр.
Бесінші, ұлттық фильмдерді шығару кезінде қалыптасатын сахналық-қойылымдық құралдарды сақтау және пайдалану мәселесі реттелді және оларды сақтайтын заңды тұлға айқындалды. Осыған байланысты, бюджет қаражаты есебінен дайындалған немесе сатып алынған ұлттық фильмдердің сахналық-қойылымдық құралдарын сақтау мақсатында оны басқа киножобаларды шығару кезінде одан әрі іс жүзінде қолдану үшін осы сахналық-қойылымдық құралдарды сақтауға «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-қа беру ұсынылады. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал етеді.
Алтыншы, шетелден әкелінетін шетелдік анимациялық және отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау көзделген және оларды іріктеу критерийлері мен тәртібі айқындалып отыр. Осылайша, қазақ тілін қолдау және дамыту мақсатында балаларға арналған шетелдік анимациялық фильмдер мен отбасымен бірге көруге арналған фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі енгізіліп отыр», деді вице-министр.
Сондай-ақ халықаралық киноөндіріс үшін түсірілім алаңы ретінде елімізді ілгерілету мақсатында Ұлттық кинокомиссия құру көзделген. Қазақстанға халықаралық киноөндірісті тарту, елді түсірілім алаңы ретінде ілгерілету мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының базасында консультативтік-кеңесші орган нысанындағы Ұлттық кинокомиссия құрылады.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының аумағын фильм түсіру алаңы ретінде пайдалану кезінде кинематография саласында субсидиялар (рибейт) алуға үміткер халықаралық кинематографиялық ұйымдарға арналған талаптар жеңілдетіледі.
Тағы бір ерекшелік – ұлттық фильмдерді шығаруға бөлінетін қаражатты бөлудің жаңа тәсілдері белгіленді. Заң жобасы аясында, фильмдер шығаруға бөлінетін жалпы бюджеттің 70 пайызын тарихи, патриоттық және имидждік киножобаларды қаржыландыруға, 30 пайызын жеке киножобаларды бірлесіп қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр.
«Заң кинематография саласын одан әрі дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады. Жаңа нормалар мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге және халқымыздың тарихы мен мәдениетін кеңінен дәріптеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып бекітілді. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Алдағы уақытта осы мейрам тәуелсіздігімізді дәріптеуге және нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы.
Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.