Бұрылуға мұрша жоқ қарбалас кезде резеңке қайығымызды арқалап, Бұқтырмаға қарай түскенбіз. Тамыздың аяқ шені. Шөп науқанының дәл қызған тұсы-тұғын. Еңбекке жараған елдің бәрі қыс қамы үшін жанталасып жүр. Ал біз келімді-кетімді туристермен жағаласып, рафтинг жасап қайтпақпыз.
Рафтинг деп желпініп жүргеніміз – резеңке қайық мініп, таудың тентек өзенінің ағысымен ағу. Бұл кейінгі жылдары сұранысқа ие спорт түріне айналды. Оны байқаған Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі рафтингті өздерінің қызмет көрсету түрлеріне қосқан.
Біздің Алтай тауын араламаған жеріміз кемде-кем. Анау шығыстың шығысындағы Шындығатайдан бастап, Нарын жоталарына дейін түстік. Тікұшақпен де түгендегенбіз. Күнгей жағына табанымыз неше тиді. Биыл тауға шығуды қоя тұрып, Бұқтырмада бір жүзіп көрмейміз бе деген ой сақ ете қалған. Сақ ете қалған ой миға маза берсін бе, ауа райы болжамын қарап отырып, шуақты күннің біріне сапарымызды белгіледік. Шуақты күн деймін, биыл аспанды анда-санда бұлт торлағаны болмаса, жердің шөлін қандырып тұрып жауын жаумаған. Кей жылдары сібірлеген жаңбыр мезі етуші еді ғой. Биыл жоқ, даланың шаңы шығып жатты...
Алтайда қыркүйек тумай жапырақтар сарғыш тартып, күздің лебі сезіле бастаған. Орман біткеннің мың түрлі бояуға малынып тұратын бұл сәті қысқа. Дәл осы уақытта суретшілер пленэрге шығып, палитраға сан түрлі бояуларын езіп жіберіп, табиғаттың ғажабын кенепке түсіріп үлгерсе, шіркін.
Тұмса табиғат ішінде өсіп-өнсек те, Алтайдың сұлулығына әлі тамсанамыз. Жан-жағымызға алақ-жұлақ қарап отырып, Сөгір ауылының аяқ жағына жетіп тоқтадық. Бұқтырма жаздағыдай емес, тартылыпты. Баяу жылжитын сияқты. Арқалаған қайығымызды түсіріп, алты жігіт кезек басып үрледік, ауа қысымын тексердік.
– Ей, жігіттер, – деп елең еткізді ескек есудің нұсқаушысы Серік Қоңырбаев. Біз теңкиген қайықты асау өзенге алып ұшып бара жатқанбыз. Кілт тоқтадық. – Бұл ойыншық емес. Бір команда болып жұмыс істемесек, тасқа соғылып, төңкеріліп қалуымыз мүмкін. Сол үшін менің айтқаныммен жүріңдер, – деп бұйыра сөйледі.
Нұсқаушының сөзінен соң қауіпті сезінгендей болып, сәл де болсын жауапкершілік таныттық. Рас, су деген тілсіз жау. Оның үстіне ағысты өзен. Қайықтың табанын ағынға тигізсең болды, ала қашқалы тұр. Тұмсығын суға шығарғанмен, құйрық жағын жағаға орнықтырдық. Содан соң нұсқаушыдан басқасы екі жаққа теңдей бөлініп жайғастық. Үстімізге қауіпсіздік кеудешесін ілдік. Қайықтың ортасына асай-мүсейімізді орнықтырдық. Жүзуге сақадай сай сияқтымыз. Сөйтсек ескек есудің де әдісі бар екен. Серік жағада тұрып бізге есудің жөн-жосығын түсіндірді. Ауада бір-екі рет есіп көрген болдық. Қиындығы жоқ секілді. Сөйттік-дағы Бұқтырмаға қойып кеттік. Ағысы біз ойлағандай баяу емес екен. Әп-сәтте-ақ жағалаудан ұзап кеттік. Командирдің бұйрығымен қайықты бағыттап қана отырмыз. Өзеннің ортасына қарай шығып едік, қос қапталдағы табиғат жарықтық жайқалып сала берді. Әр-әр тұстан құстардың сайраған әдемі үні естіледі. Бір уақытта жанымыздан ыс етіп суқұзғын ұшты. Ағындатып барып, жағалауға қонды.
– Балықтың жауы осы емес пе, – деді ескекті еріне есіп отырған Алмас Сарбасов.
Десе, дегендей. Күніне бір килоға дейін балық жұтады екен. Көбеюі де тез. Төрт-бес жұмыртқаға дейін басады. Айға жетер-жетпес уақытта балапан шығарып, балапандары екі ай ішінде қара қанаттанады. Үшінші айда өз беттерімен қорегін аулай береді. Топтаса өмір сүретін бұл құстардың көздері өткір болса керек, су түбіндегі балықты сүңгіп барып қағып алады екен. Кейінгі жылдары Ертіс жағалауында да суқұзғын көбейіп, балыққа едәуір шығын әкеліп жатқанын естігенбіз. Ихтиолог мамандар айтып жүр.
Ағындатып келеміз. Қойтастарды айналып өтіп, ұсақтауынан секіріп өттік. Кәдімгі өзіміз күнде жүретін ойдым-ойдым тас жол сияқты. Тек мұнда тежеуішті басу деген жоқ. Келген екпініңмен өте шығасың. Мығым отырмасаң қайықтан ұшып кетуің оп-оңай.
Жан-жағымыздан жақпар тасты шыңдар төнеді. Қайықтың жылдамдығы одан сайын артты. Өзеннің қысылып аққан тұсында ағыс күшейе түсті. Байқап келеміз.
– Жинақталыңдар, жігіттер, – деп тағы бұйырды Серік. – Алдымызда Ақсу өзенінің сағасы. Сонымен сәл өрлей жүзіп, суға шомылып алайық.
Құп алдық. Оң жаққа жайғасқан азаматтар күш сала есіп, қайықты бұрып алуға барын салып келеді. Ақсу өзеніне осы тұстан бір ілінбей кетсең, қайтып айналып келу мүмкін емес. Сондықтан ағыстан шығуға тырысып-ақ келеміз. Сол жақ борттағы ескекшілер қиқу қосып қана отырмыз. Оң жақ жұлқи еседі. Әйтеуір қырындап барып Ақсуға кірдік. Суы мөп-мөлдір. Түбіндегі малта тастар жарқырайды. Осы өзенді бойлай өрлесек, тұмсығымыз Ақсу ауылына тірелер еді. Біз 200 метрдей ғана жүзіп барып, құмдауыт жағалауға қайықты қаңтардық. Ұлттық парктің жігіттері жейделерін лақтыра сала, мұздай суға қойып кетті. Біз де ілестік. Тастай суық. Бірақ бағанадан бері өткен ыстықты бір басып алдық. Жағада адам іздері байқалады. Шашылған бөтелкелерге қарап айтқаным ғой. Біз құсап аялдайтындар көп сияқты. Ұлттық парктің мамандары уақтылы тазалап отыруға тырысады. Дегенмен әркім өзі шашқан қоқысты өзімен бірге алып кетуге міндетті емес пе?! Иә, біз де ас-суымызды іштік. Артынша түйір қоқыс қалдырмай жинап алдық.
Баяу жылжып барып, Бұқтырмаға түсіп едік, асау өзен қайығымызды жұлқи қашты. – Бұл жер түк емес, – деді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи парк директорының орынбасары Арнас Ауғанбаев. – Берел жақтан бір рафтинг жасап көріп, нағыз адреналинді сезінгенбіз, – деп ескегін алдына өңгерді. Біз де жайлана отырдық.
Қарама-қарсыдан пыр етіп қос үйрек ұшты. Соңғы он-жиырма жылда ұлттық парк аумағында құстар да көбейген. Соңғы санақ бойынша, өзен жағалауындағы үйректердің саны 528-ге жеткен.
– Атып алар ма еді, – деп қызыға қарады Алмас.
– Рұқсат билетімізді алып аңға бір шығу керек еді, – деп қостай жөнелді Дәулет Әшімхан.
Осы тұста бағанадан бері үнсіз отырған ұлттық парктің саяткер-биолог маманы Әмір Базилов: – Ондайды қойыңыздар. Парк аумағында аңшылыққа мүлдем рұқсат жоқ, – деді қатқылдау үнмен.
Иә, бұл мамандар аңшылық дегенге мүлдем қарсы. Парк аумағындағы аң-құсты көктем мен күзде санап, қағазға тіркеп қояды. Барыс секілді ірі аңдарды аңду үшін жолдарына фототұзақ қояды. Қолдан жемдеп өсіріп отырған жануарлары сияқты қарайды. Ал парк аумағына дейінгі тұста лицензия алып, аңшылық құруға болады.
– Дәл осы таудың арғы жағында, – деді қожыр-қожыр тас біткен шыңға қолын созған Әмір, – қатар тұрған бес аюдың апаны бар. Кезінде сол қуысқа кіруге бірде-бір аңшының жүрегі дауаламаған екен, – деп Алмасқа қарады.
Әккі аңшы болсаң түсіп көр дегендей сынай қарады. Анда-санда құсқа шығып жүргені болмаса, оған аюмен бетпе-бет келу қайдан?! Мұздай қаруланып алсаң да ақырған аюдың мысы бар. Көктемгі санақ бойынша болса керек, Катонқарағай аумағында 347 қоңыр аю бар. Қасқырда тіпті есеп жоқ. Көбейіп барады. Табиғат өзі реттелгенімен, жыртқыштарды адам күшімен реттеп отыру керек сияқты. Себебі қасқыр мен аюдың жауы жоқ. Көбейгеннің үстіне көбейіп, малға түседі. Сол сияқты қабан, шошқа да кейбір құстардың, еліктердің көбеюіне кедергі келтіретін көрінеді. Тұмсығымен жер сүзе жүріп, құстардың жұмыртқасынан жұмыртқа қоймайды екен. Еліктің лағын да азық ететін көрінеді. Осындай жағдайда, министрлік кейбір аңды реттеуге рұқсат бергені жөн шығар. Әйтпесе, қыстай ауыл малы қасқырға жем болады.
Бұл жолы бұрын-соңды көрмеген табиғаттың ғажабына таңдай қақтық. Біз көрген мынау сұлулықты шетелді жарнамалап жүрген әр қазақ көрсе, шіркін деймін. Суда жүзу бір басқа да, рафтинг спорты мүлдем бөлек екен. Бұл жолы жаттығу сияқты болған шығар, келесіде ағысы асау Берелдің тұсынан түсіп бір көрсек дейміз. Екі-үш сағатта межелі жерімізге де таяппыз. Барлық ауылына сегіз шақырым жетпей жағаға шықтық. Майсалы жазықта ұлттық паркке тиесілі шағын үй тұрғызылыпты. Шаршап-шалдыққан туристер аялдап, тізе бүгуге қолайлы орын. Бәрі жинақы, өз орнында. Қоқыс үшін арнайы контейнер тұр. Оны инспекторлар уақтылы тазалап, өртеп отыратын көрінеді.
Кеш кіре кері қайтқанбыз. Таулы жер болғанымен, тақтайдай жазық асфальт. Бел-белесті асып келеміз. Анадайдан Бүркіт шыңы тағы да мойын созып тұрды...
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы