Қазіргі таңда айналамызда болып жатқан геосаяси оқиғалар мен өзгерістер ешкімді бейжай қалдырмайды. Отыз жылда кеткен олқылықтардың орнын толтырып, барлық саладағы кемшілікті түзетуге бәріміз мүдделіміз. Мынау аласапыран әлем қазір айтысып-тартысып отыратын уақыт емес екенін көрсетіп отыр.
Біз демократияландыру жолында жаңа қадамдар жасадық, қайта сайлану құқығынсыз бір реттік президенттік мерзім енгіздік. Президенттік өкілеттіктің бір реттік мерзімі Конституцияның жаңа нормаларының өзгермейтіндігін белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мүмкіндіктер теңдігі және баршаға әділеттілік» деген үндеулері тек ұран емес, іс-әрекеттің бағдары. Озық елдердің даму негізінде әлеуметтік әділеттілік жатыр. Бұл барлық адам үшін әлеуметтік әділеттілік пен теңдік бірдей дегенді аңғартады. Дамыған мемлекеттердің негізгі драйверлері де осы қағидаттар. Дамыған елдерде демократиялық қоғам да өркендеп келеді. Осы парадигмада Президенттің тәсілдерді жаңарту және халыққа мемлекетті басқаруда толыққанды мүмкіндік беру қажеттігі туралы баяндамасын көріп отырмын. Мұны ауылдық, қоғамдық кеңестер, мәслихаттар және Мәжіліс деңгейінде іске асыруға болады. Бұл органдарда халықтан шыққан адамдар, елін қолдайтын, ұлтжанды азаматтар болуы тиіс. Яғни еліміздің өркендеуіне күш-жігерін аямайтын адамдар жұмылдырылуы керек. Экономист ретінде әлеуметтік инклюзия мен ашықтық әл-ауқаттың өсуін қамтамасыз ететінін көріп отырмын.
Қазақстан нағыз демократиялық мемлекеттің эталоны ғана емес, біз Орталық Азия елдері үшін жаңа тренд қалыптастырып жатырмыз. Қайта сайлауға тыйым салуды енгізу – үлкен саяси жаңалық. Бұл тек Қазақстан үшін емес, бүкіл посткеңестік аймақ үшін маңызды саяси өзгеріс.
Қыркүйектегі Жолдау Қазақстан экономикасы өз дамуында өтетін негізгі трендтерді белгілеп берді. Мәселен, мені маман ретінде шағын бизнесті тексеруге мораторий енгізілгені қуантады. Себебі бұл шағын бизнеске салықтық жеңілдік енгізді. Бұл шаралар өте маңызды, өйткені пандемия кезінде ШОБ қатты зардап шекті. Салықтық жеңілдіктер, тексерулерге мораторий, гранттар – мұның бәрі бизнесті дамыту үшін жақсы көмек. Шағын бизнестің экономикалық қана емес, әлеуметтік те маңызы бар. Экономиканың осы секторы бүгінде жеңілдетілген салық салуды, қаржыландыруды қажет етеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы елдің жаңа экономикалық саясатын жариялау кезінде нақты айтты.
Бекнұр ҚИСЫҚОВ,
Қазақстандық франчайзинг қауымдастығының президенті,
саясаттанушы