Шығыста балдың отаны – Катонқарағай. Әсіресе Коробиха, Барлық секілді тау ішіндегі ауылдарының әр ауласы ара бағып, бал шайқайды. Катонның өзінде де бал сапырып отырғандар аз емес. Кеше ғана араларын қыс маусымына дайындап жүрген омарташы Ғарап Сафинді көріп, шаруашылықтың аужайын сұрасқанмын.
– Жаздай бұйырған балды шайқап алдық. Енді қымтап, орап, қыстың қамын жасай беру керек. Өзің білесің, биыл жауын-шашын аз түсті. Шөп күйіп кетті. Күйген шөпте ніл болсын ба?! Ал балдың түсу мөлшері шөптің ніліне байланысты, – дейді омарташы ұяның қақпағын жауып жатып.
Ғарап Сафин сонау Кеңес өкіметі тұсында Коробиха ауылында омарташының арнайы оқуын оқып, кәсіби тұрғыда іске кіріскен. Кейін басқа жұмысқа ауысқанымен, ара бағудан қол үзген жоқ. Айтуынша, сонау жылдары ара тұқымын асылдандырып, ғылыми тұрғыдан қарап бағатын. Қазір қолға түскен араны өсіре беретін көрінеді. Яғни асылдандыру жұмыстары ұмыт болған. Соның өзінде көпшілік Катонқарағайдың балын іздеп жүріп алады. Сұраныс өте жоғары. Әлбетте, мың түрлі шөптен сүзілген бал дәмді болмай ма?! Дәмі өз алдына, адам ағзасына деген пайдасы зор. Өңірде туризм дөңгелей бастағалы бал ғана емес, араның сүтіне дейін сатылатын болды. Ара сүті деп отырғаным, жұмысшы бал арасының безінен шығатын биогендік қасиеті бар зат. Егер де, адам гипотония, бет терісінің ауруларына шалдықса, жүйке жүйесі қызметі бұзылса, ара сүті таптырмас ем. Ала жаздай тынымсыз еңбектенетін жұмысшы ара сүтті қойып, балдың өзін тірнектеп жинайды. Тірнектеп жинап, тонналап өлшетер еді. Шөп сұйық жылдары 6-7 шақырымға дейін ұшып, тарының қауызындай ғана бал әкеледі екен.
– Жауын-шашын мол түсіп, шөп жайқалса, ара да дамылсыз еңбектенеді. Сені шақпайды да. Ал бал болмаса, ара ызақор болады. Бір жылдары осы Катонның маңында экспарцет, беде секілді шөп жақсы өсті. Алқап қызылды-жасылды болып жайқалып жатқан. Сол жылдары балды бір шайқағанда жиырма флягқа дейін алып жүрдік, – дейді Ғарап Сафин.
Иә, биыл балдың түсімі аз болғанын аудандық ауыл шаруашылығы мамандары да растап отыр. Есеп-қисаптарына қарасақ, 350-ге жуық омартадан 250-280 тонна ғана бал түсіпті. Әйтпесе, кейбір жылдары түсім 400 тоннаға дейін жеткен екен.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы