Қазақ жерінің көне дәуірдің көмбесіндей құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Талай ғасырдан сыр шертетін көне қалашықтың бірі Атырау облысынан табылып отыр.
Тарихи мекен Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Аумағы – 1 гектар. Бұл қалашықтың орнында «Сарайшық» мемлекеттік музей-қорығының ғалымдары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған Ресейден келген ғалымдар да тартылған.
Археологтер көне қалашықты зерттеу мақсатындағы қазба жұмысы кезінде мазарға ұқсас нысанды тапты. Бір ерекшелігі, бұл нысанның іргетасы, төменгі қабаты осы кезге дейін бұзылмай, сол күйінде сақталыпты.
– Қалашық құнды жәдігерлерге толы екен. Археологтеріміз қыш құмыралардың сынығын, орта ғасырларға тән жәдігерлерді, ХІV ғасырдың тиындарын тауып отыр. Бұл – тәуелсіз қазақ елінің шежірелі тарихына қосылатын құнды жәдігерлер, – дейді «Сарайшық» мемлекеттік музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар.
Қазба жұмысына қатысқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің айтуына қарағанда, соңғы екі жылда 10-ға жуық қалашық пен елді мекеннің орны ашылыпты. Бұл қалашықтар арқылы Сарайшық қалашығынан үш бағытқа шығатын керуен жолы анықталып отыр.
– Қазір Қарағайлы деген жерден шағын қалашықтың орны табылды. Жердің бетінде жатқан көне заттардың сынықтары көп. Соған қарағанда, бұл мекеннің тым әріден қозғайтын тарихы бар. Мұны Алтын Орда дәуіріндегі Қазақ хандығының қалашығы деп топшылауымызға болады, – дейді Мадияр Елеуов.
Атырау облысы