АСТАНА. 19 мамыр. 31 мамырда Астанада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы astana.kz хабарлады.
Ел тарихындағы қаралы күндерді, тағдырдың талайымен ашаршылыққа, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарды жадымыздан өшірмеуге тиістіміз. Сондықтан, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Астанада көптеген шаралар жүзеге асырылады.
Аталған сайтта хабарланғандай, АЛЖИР мұражайындағы «Еске алу қабырғасына» және 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған монументке гүл қою рәсімі және митинг ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайда «Арманда кеткен арыстар» тақырыбында экскурсиялар өтеді. Ал Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» спектаклі қойылады.
Бұған қоса, Тәуелсіздік сарайында көпшілікке «Территорияны жоқтау» атты көрме ұсынылады. Бұл көрме тамыз айының ортасына дейін жалғаспақ.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: astana.kz.
Фото: i-news.kz.