АСТАНА. 19 мамыр Биылға Төтенше жағдайлар министрлігі Ауғанстанға 1 млн. 985 мың 917 доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында аталған министрліктің басшысы Владимир Божко осылай деді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Министр: «Биылғы жылы Ауғанстан Ислам Республикасына ресми гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен 1 985 917 доллар сомаға азық-түлік береді», – деді.
Қазақстан тарапынан 2013 жыл мен 2014 жылдың І тоқсанында табиғат апаттарынан зардап шеккен бірқатар елге гуманитарлық көмек көрсетіліпті. Дәлірек айтқанда, Ауғанстан, Ливан, Гватемала мен Шри-Ланка мемлекеттеріне жалпы сомасы шамамен 978 мың доллар болатын азық-түлік пен өзге де гуманитарлық көмек жөнелтілген.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, Ресей федерациясы Қиыр Шығыс федералды округіндегі топан судан зардап шеккен Благовещенск қаласында 240 орындық балабақша салуға 379 млн. теңге бөлінгенін жеткізді.
Жолыбай Базар.
Дереккөз: primeminister.kz
Фото: news.nur.kzl