АТЫРАУ. 19 мамыр. Атырауда прокурорлық ықпал ету шаралары негізінде Қазақстанда туылған тұлғаны hеспублика шегінен мәжбүрлеп шығару жөніндегі заңсыз сот актісінің күші жойылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиғаның былайша өрбігені белгілі болып отыр. Мемлекеттік шекара сызығынан өткен кезде бір азаматтың көші-қон карточкасы болмаған. Сол себепті оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 391-1-бабының 3-бөлігімен «азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасының режимін бұзды» деген негізбен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Істің сотта қаралуы нәтижесінде сот қаулысымен құқық бұзушы ретінде танылған азаматты 2 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу арқылы Қазақстан Республикасы аумағынан шығару ұйғарылған. Қабылданған сот актісінің заңдылығын тексеру кезінде құқық бұзушының азаматтығы жоқ тұлға болып табылмайтыны, яғни, туу туралы куәлікке сай оның Қазақстанда туылғаны және ол жақын-туыстарымен, жанұясымен Құрманғазы ауданында тұратыны белгілі болды.
Апелляциялық сатыдағы сотпен заңсыз сот қаулысының күші жойылып, әкімшілік іс жүргізу өндірісі «істі» болған азаматтың әрекетінде құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты өндірістен қысқартылды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: juvencourt-korda.kz.