АСТАНА. 19 мамыр. БҰҰ рейтингісі көрсетіп бергендей, 190 елдің арасында Қазақстан «электрондық үкіметті» дамыту деңгейі бойынша 38-орынға ие болды. ASTEX-2014 ақылды технологиялар көрме-конференциясының ашылуында Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиев осылай деді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Жиында Асқар Жұмағалиев: «Электрондық үкіметті» дамытуда Қазақстан БҰҰ шолуына сәйкес 190 елдің арасында 38-орында тұр. Ал электрондық қатысуды дамыту бойынша біздің ел 2-орынды Сингапурмен бөлісті», – деді.
Агенттік төрағасының айтуынша, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында айтарлықта табыстарға қол жеткізілген. Осы орайда ол: «Жақсы көрсеткіштерге қарамастан, әлі де тынбай еңбек ету қажет, яғни, Мемлекет басшысы қол қойған үлкен бағдарлама аясында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жаңа нәтижелерге жету керек», – деп сөзін сабақтады.
Агенттік басшысының сөзіне сүйене сөйлесек, бүгінгі таңда еліміздегі виртуалды коммерция айналымы шамамен 600 млн. долларға жеткен. Бұл әрине, өте жақсы көрсеткіш.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: primeminister.kz.
Фото: primeminister.kz.