Өңірлерді цифрлы коммуникация жүйелерімен қамту мәселесі қашанда өзекті. Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Абай облысындағы ауылды елді мекендерді интернет байланысымен қамтамасыз етуге қатысты арнайы сауалхат жолдаған едік.
Жауапты ведомствоның берген мәліметіне сүйенсек, қазір Абай облысындағы 110 ауылды елді мекенде тұратын 15 мыңдай адам (халықтың 2,3%-ы) мобильді интернетпен қамтылмаған. Алайда министрлік 223 елді мекенде тұрып жатқан 625,3 мың халықтың немесе 97,7%-ы сымды және сымсыз байланыс технологиялары қызметтерімен қамтамасыз етілген деп сендіріп отыр.
«Абай облысында 333 елді мекен бар (халқы 640,3 мың адам), оның ішінде 6 қала (387,2 мың адам) және 327 ауыл (253,2 мың адам). Қазіргі уақытта халық саны 625,3 мың адамды құрайтын 223 елді мекен немесе халықтың 97,7% сымды және сымсыз байланыс технологиялары бойынша қызметтерімен қамтамасыз етілген. 15 мың адам немесе халықтың 2,3%-ы тұратын 110 ауылды елді мекен мобильді интернетпен қамтылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 2024 жылға дейін «Востоктелеком» ЖШС 55 ауылды елді мекенді салық жеңілдіктері арқылы кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ететін болады.
Сонымен қатар 53 ауылды елді мекенді геостационарлық емес спутниктік жүйелер (бұдан әрі – ГЕСО) есебінен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Халықты кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында ГЕСО орналастыру үшін OneWeb, Space X және SES компанияларымен тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Жоба 2023 жылы басталуға тиіс.
Сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасын жақсарту үшін министрлікпен байланыс қызметтері сапасының техникалық параметрлерін өлшеу әдістемесі (Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №327 бұйрығы) және байланыс қызметтері сапасының көрсеткіштері (Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 22 қарашадағы №410 бұйрығы) бекітіліп, олар байланыс сапасына тексеру жүргізуге құқықтық негіз береді. Интернет жылдамдығының рұқсат етілген ең төменгі деңгейі бөлігінде байланыс қызметтері сапасының көрсеткіштеріне өзгерістер енгізілуіне орай байланыс операторлары республиканың елді мекендерін интернет қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша ақпаратты өзектендірді.
Осылайша, байланыс операторларының деректері бойынша қалған 26 ауылды елді мекенде интернетке қол жеткізу бекітілген сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейді», делінген құзырлы органның ресми жауабында.
Бұл орайда министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, осы ауылды елді мекендерде кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.
Абай облысы