Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.
Т.Дүйсенова Мемлекет басшысы өз Жолдауында жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Жыл сайын республика бойынша 300 мыңнан аса жас еңбекке қабілетті жасқа жетіп, еңбек нарығына шығады. 2030 жылға қарай жұмыс күшіндегі жастар үлесі 60 пайызға жетеді деп күтілуде. Олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жеке бастамалар аясындағы жобалар бойынша жыл сайын жастар үшін мемлекет тарапынан субсидияланатын 100 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады. Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамту кеңейеді. Жыл сайын 40 мың түлек жастар тәжірибесіне қатысады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылар үшін жастар тәжірибесінің бөлігі ретінде төленетін тиісті төлемдерге тең болатындай қосымша жәрдемақы белгіленеді. «Алғашқы жұмыс» жобасы ҰБТ тапсыра алмаған немесе оқуын жалғастырмаған мектеп түлектеріне арналып, қайта бағытталады», деді Т.Дүйсенова.
Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік агрокредиттік корпорациямен бірлесіп, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берудің тетіктері мен параметрлерін әзірлеп жатқанын қосымша айтып өтті. Жыл сайын бұл қолдауды 6 мыңға дейін жас пайдаланады. Бұл мақсаттарға бюджетте қарастырылған сома жыл сайын шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы жастарға бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін жыл сайын 1,2 млн теңгеден аса сомаға 9 мың қайтарымсыз грант беріледі.
Сонымен қатар еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріне реттелетін ішкі көші-қонды ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды. Әрбір қабылдаушы өңір қоныс аударуды ынталандыру үшін жұмыс күші тапшылығын сезініп отырған экономиканың басым секторларын анықтайтын арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуде. Еліміздің басқа өңірлерінде құрылған қолданыстағы бизнес-жобаларды көшіруді және кеңейтуді көздейтін солтүстік және орталық өңірлер үшін 100 бизнес-жобадан тұратын кейс қалыптасады. Қоныс аударуды ынталандыру үшін қоныс аудару аумағындағы тұрғын үй құнының 50%-ына дейін өтемақы алуға құқық беретін ұтқырлық сертификаты енгізіледі.
«Мемлекет басшысы айқындаған келесі басымдық – халықтың табысын арттыру, жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау шараларын күшейту. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеуге кірістік. Жұмысты келесі жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған. Әдістемені іске асыру негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуге теңгерімді пайымды қамтамасыз етеді. Президент жариялаған келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеру бастамасы жалақысы ең төменгі жалақы деңгейінде болған 1 млн 800 мың қызметкерге әсер етеді. Ол сондай-ақ басқа жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысына санаттары мен біліктіліктерінің ықпалын ескере отырып, олардың табысын арттырады. Сонымен қатар жыл басынан бері жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1,8 мыңға жуық жұмыс беруші 1,2 млн-нан аса жұмыскер жалақысын орташа есеппен 5-тен 50 пайызға дейін өсірді», деді Т.Дүйсенова.
2023 жылдан бастап жұмысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жұмыспен қамтылған азаматтар табысының 45%-ына дейін ұлғайтылады. Ведомство басшысы балалы отбасыларды қолдау ұлттық саясаттың басымдығы болып қала беретінін баса айтты. Үкімет пен Ұлттық банк Мемлекет басшысының 2024 жылдан бастап «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын іске қосу туралы бастамасын іске асыру тетігін әзірлеуде. Бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарту жұмыс істейтін ата-аналарға да, жұмыс істемейтін ата-анаға да қатысты болады.