Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің дүниеге келгеніне 125 жыл. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мұхтар Әуезовтің атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы сыныпта оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Ол халыққа білім беретін ұстаз болуды армандаған. Мұхтар 1919 жылы Семей мұғалімдер семинариясын бітірген.
Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. «Қазақтың өзгеше мінездері» атты алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылып шықты. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады.
1919 жылы Семей қалалық мұғалімдер семинариясын бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Бір жылдан кейін Ленинград университетінің филология факультетіне түсіп, оны 1928 жылы тәмамдайды. Жоғары білім алған Мұхтар Омарханұлы Ташкент университетінің Шығыс факультетінің аспирантурасына түсіп, оны 1930 жылы бітіреді. 1930 жылдан бастап Әуезов Қазақ педагогика институтында дәріс оқиды.
Мұхтар Әуезовтің Абай өмірі мен шығармашылығы туралы алғашқы шығармалары осы кезден басталады. Бірте-бірте оның шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстарында ұлы Абай бейнесі туралы айтыла бастайды. Жазушы оған бірқатар мақаласын, операның либреттосын, сценарийін, трагедиясын арнап, орасан зор жұмыстың нәтижесі төрт томдық монументалды эпопеяға айналды. «Абай жолы» эпопеясы 20-ғасырдағы ең үздік романдардың бірі болды. Ол Еуропаның, Азияның және Африканың ондаған тілдеріне аударылған.
Мұхтар Әуезов ұлттық театрдың дамуына көп еңбек сіңірді. Қазақ театрлары сахнасында жазушының өзінің пьесаларынан бөлек, оның аудармасындағы әлемдік, орыс және кеңес драматургиясының таңдаулы туындылары қойылады.
Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Мұхтар Омарханұлы Әуезов көрнекті ғалым, тарихшы, әдебиет теоретигі болды. Оның негізгі әдеби шығармалары «Әр жылдардағы ойлар» іргелі кітабында жинақталған. Мұхтар Әуезовке Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Мұхтар Әуезов Кеңестік Бейбітшілік комитетінің мүшесі, Лениндік сыйлық беру комитетінің мүшесі, КСРО Жазушылар одағы басқармасының президиумының мүшесі болды.
Жазушы «Ленин» орденімен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Туы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1961 жылы 27 маусымда Мәскеуде қайтыс болып, Алматыда жерленді.
Оның есімі Қазақ академиялық драма театрына, Қазақ КСР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына, Алматы қаласындағы мектеп пен көшеге берілді.
Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының жанындағы алаңда, қазақ драма театрының алдындағы алаңда Әуезовке ескерткіш орнатылды.
Семей қабырғасында Мұхтар Әуезов оқыған педагогикалық техникум оның есімімен аталады. Оның құрметіне қаланың көрікті даңғылдарының біріне атау беріліп, жазушы-ғалымға ескерткіш орнатылды.