Эмир Байғазиннің «Өмір» атты фильмінің Азия деңгейіндегі тұсаукесері 35-Халықаралық Токио кинофестивалінде (Жапония) өтпек, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстандық туындымен қатар, байқауда Қытай, Израиль, Иран, Түркия, Үндістан, Жапония, Испания, Чили елдерінің кинотуындылары қатысады. Халықаралық қазылар алқасының төрағасы – америкалық кино, театр және опера режиссері, продюсер Джули Теймор. Одан бөлек, қазылар алқасының құрамына оператор Янагиджима Кацуми, актер Шим Ын Гён, режиссер Жоао Педро Родригес және Жапониядағы Франция институтының бұрынғы басшысы Мари-Кристин де Навасель кірді.
– Бұл – режиссер Эмир Байғазиннің жаңа фильмі. Жаңадан шыққан туындысын бір ауыз сөзбен түйіндеп айта алмаспын, мен көрген басқа қазақстандық фильмдерге ұқсамайды, тіпті, әлемдегі барша киноларға ұқсамайды дегім келеді. Бұл қазіргі күннің аласапыранын суреттеген таңғажайып кинотуынды, - деді фестиваль бағдарламасының басшысы Шозо Ичияма Токиода өткен баспасөз отырысында.
«Өмір» фильмінің көрсетілімі 23 қазаннан 3 қарашаға дейін TOHO Cinemas Chanter - SC1 и Marunouchi TOEI - SC1 кинотеатрларында өтеді.
Қазақстандық «Өмір» фильмінің дүниежүзілік тұсаукесері Торонто (Канада) қаласындағы халықаралық фестиваль шеңберінде өткенін еске сала кеткен жөн.
Сонымен қатар, Қазақстанның Оскар комитетінің шешімі бойынша «Өмір» фильмі еліміздің атынан америкалық «Оскар» киноакадемиясы сыйлығының «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясына ұсынылғаны туралы жақында белгілі болды. «Өмір» фильмі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдауымен түсірілген.