• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қыркүйек, 2022

ҰҚК Кәрім Мәсімовтің ісін әлі тексеріп жатыр

3454 рет
көрсетілді

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты іс бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әсет Шындалиев бұл істі ҰҚК тексеріп жатқанын еске салды.

«Бұл іске құпиялылық белгісі берілген, яғни оған қатысты материалдар БАҚ-қа таратылмайды және жарияланбайды», деді ол.

Бас прокурордың орынбасары бұл іс бойынша күдіктілердің барлығы қамауда екенін атап өтті.

«Ешкім ешқайда кетіп, жасырынған жоқ. Іс аяқталды, іс материалдарымен танысу басталды. Біз іспен танысу үшін іс жүргізу шектеулерін қойған жоқпыз», деп қосты Әсет Шыналиев.

Еске сала кетсек, 6 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық ауыс-түйістер жүргізіп, Кәрім Мәсімовті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатты. Ол бұл қызметті 2016 жылдан бері атқарып келген.

Сол күні ҰҚК мемлекеттік опасыздық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдар ұсталып, УҰИ-ға қамалды.

13 қаңтарда ҰҚК Кәрім Мәсімовтен басқа, ҰҚК төрағасының экс-орынбасары - «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы Әнуар Садықұлов пен ҰҚК төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожиннің ұсталғанын нақтылады.

14 наурызда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Кәрім Мәсімов 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін хабарлады.

22 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚК-нің 366-бабы 4-бөлігі бойынша Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы Нұрлан Мәсімовке қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастағаны белгілі болды, оған аса ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылды. Осылайша,  Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды. Антикор оның орналасқан жері туралы ақпарат үшін 12 млн теңге көлемінде сыйақы берілетінін хабарлады.

25 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімов, Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осипов және лауазымды тұлғалар Д.М.Акипов пен Н.К.Бекмұратқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағаны белгілі болды.