• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Қыркүйек, 2022

Ендігі меже - Париж – дейді еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков

349 рет
көрсетілді

Таяуда Сербияның астанасы – Белградта аяқталған әлем чемпионатында Қазақстанның еркін күрес шеберлеріне бір ғана қола медаль бұйырғаны белгілі. Ол жүлдені 86 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Азамат Дәулетбеков жеңіп алды. Дунай жағалауынан оралғаннан кейін танымал балуанмен тілдесудің реті келді.

– Азамат, сен күні кеше ғана жер-жаһанның ең белді балуандары бас қосқан байрақты бәсекеде қола ме­даль иеленіп, барша қазақ жанкүйер­лерін қуанттың. Жүлде құтты болсын! Әуелі Белградтың бозкілеміндегі белдесулерің қалай өрбігені жайында әңгімелеп берсең.

– Белградта барлығы бес кездесу өткіздім. Алғашқы айналымда Пана­мерика ойындарының жеңімпазы, сол құрлықтың үш дүркін чемпионы, ку­балық Юрьески Торребланкадан бір ғана ұпай айырмашылығымен басым түс­тім. Келесі кездесуді Испания туының астында өнер көрсеткен осетин жігіті, Еуропа біріншілігінің қола жүл­дегері Таймураз Фриевпен өткіз­дім. Оны 4:2 есебімен жеңдім. Ши­рек финалда Майлс Назем Аминмен кү­рестім. Сан-Мариноның сапында өнер көрсетіп жүрген спортшының АҚШ-та туып-өсіп, сол елде жаттығатынын жанкүйерлер жақсы біледі. Аминнің Токио Олимпиадасы мен Минскідегі Еу­ропа ойындарының қола жүлдегері деген атақтары бар. Еуропа чемпионатында бір мәрте финалда күрессе, тағы бір рет үздік үштіктің қатарынан көрінді. Оны 9:1 есебімен ойсырата жеңдім. Содан кейін АҚШ-тың атақты балуаны Дэвид Тэйлормен күш сынастым...

– Осы белдесуге кеңірек тоқтала кетсең. Бастапқы белдесулерінде Тэй­­­лор италиялық Арон Канева мен Пуэрто-Риканың өкілі Итан Рамосты ай­қын басымдықпен жеңді. Осы жағ­дай саған кері әсер етті ме, әйтеуір жар­­­­­­тылай финалда өзіңе тән күресе ал­­мадың ғой?

– Қарсыласым әккі спортшы болды. Те­гін адамның Токио Олимпиадасының же­ңімпазы, әлем чемпионы, әлем чем­пионатының күміс жүлдегері, Панамерика біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы атанбайтыны анық. Дэвид шыққан бетте қарсыласын бірден қыспаққа алып, мүлдем бас көтертпей қимылдауға дағды­ланған. Сол себепті де бірінші кезеңде оның жойқын шабуылдарына төтеп беруге барынша күш салдым. Ол жоспарым жүзеге асты. Өйткені сол аралықта аме­­рикалық бір ұпай ғана озды. Үзілістен кейін Тэйлордың қарқыны бәсеңдейді деп ойлап, сол кезде қарымта шабуылға көшуді көздедім. Бірақ мұным бекер екен. Екінші кезеңде АҚШ-тың балуаны қар­қы­нын одан әрі күшейте түсті. Шыны ке­рек, оның осы тегеурініне төтеп бере ал­мадым.

– Есесіне қола медаль үшін белдесуде Пуэрто-Рико өкілінің тас-талқанын шығардың. Сол балуанмен бұрын-соң­ды жолың қиысқан ба еді?

– Итан Рамос өз құрлығындағы үздік балуандар қатарында. Десек те былтыр Ослода өткен әлем чемпионатының жұ­­баныш белдесуінде мен оны айқын басымдықпен ұтқан едім. Соның әсері болса керек, пуэрториколық бұл жолы да жарытып қарсылық көрсете алмады. Бәсеке қызған тұста Рамос аяғыма өтуге ұмтылды. Мен осы сәтті оңтайлы пайдаланып, оны жығып алдым да, кілемнің үстінде әбден иледім. Есеп 10:0-ге жеткенде төреші белдесуді тоқтатты.

– Қола медаль иеленгенде бір мар­қайып қалған шығарсың?

– Әрине, қатты қуандым. Осы спорт түрін серік еткелі бері төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған жарыста жеңіс тұғырына көтерілуді армандап келемін. Сол үшін еңбектендік, тер төктік. Сол еңбегімнің зая кетпегеніне қуандым.

– Бұған дейін ересектер арасындағы әлем чемпионатына қанша рет қа­тыс­қан едің?

– Екі рет қатыстым. 2017 жылы Париж­дегі жарыстың алғашқы айналы­мында Иранның даңқты балуаны Хасан Язданиге есе жібердім. Оның фи­нал­ға шығуының арқасында жұбаныш бел­десуінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болдым. Бірақ ол тартыста да жолым болмады. Былтыр Ослода бесінші орынға табан тіредім. Сол сайыста да Яздани сан соқтырып кетті. Ал үшінші орын үшін бәсекеде Токио Олимпиадасы мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, ресейлік Артур Найфоновтан жеңілдім.

– Белградтағы әлемдік доданың қола медалі әзірге сенің спорттық ман­са­­быңдағы ең ірі жеңісің екені сөзсіз. Ал оған дейін қандай жарыстарда атой салған едің?

– Елішілік жарыстарда дараланғаннан кейін халықаралық аренада өнер көрсете бастадым. 2011 жылы Мажарстанда өткен жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қола медаль иелендім. 2014 жылы Хор­ватиядағы жастар арасындағы дү­ниежүзілік доданы үшінші орынмен қо­рытындыладым. 2017 жылы Польшада ұйымдастырылған 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында да дәл сол межеден көріндім. Сол жылы Нью-Делиде жалауы желбірген ересектердің Азия чемпионатында күміс медальды мойныма ілдім. Аталған жарыстың ақтық сайысында әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, үш дүркін Азия чемпионы ирандық Алиреза Каримиге әлім жетпеді. 2018 жылы Бішкекте қолаға қол создым. Ал биыл Моңғолияда өткен сары құрлықтың бас­ты додасының ақтық сынында Үндістан мақтанышы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дипак Пунияны сан соқтырып, бас жүлдені қанжығама байладым.

– Байқап отырсам, осыған дейінгі дүбірлі додалардың біразында сен Рио Олимпиадасының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы және сол жарыстың үш дүркін жүлдегері, ирандық Хасан Язданиге есе жіберген екенсің. Осы жолы америкалық Дэвид Тэйлордан жеңілдің. Дәл осы апай­төстер 86 кило салмақта бақ сынайтын балуандардың бәрін ұтып, ең мәр­­­тебелі жарыстардың бас жүлдесін өз­ара сарапқа салып жүр. Сонда олар­ға еш­кімнің әлі жетпей ме?

– Дәл қазіргі кезде екеуінің дәу­рені жүріп тұр. Мәртебесі жоғары жа­рыс­тардың финалында Тэйлор мен Яз­данидің жолдары үнемі қиысады. Бұл балуандардың артықшылығы жайында айтар болсақ, екеуі де аса жоғары қарқында күреседі. Белдесудің басынан аяғына дейін қарқындарын бір бәсеңдетпейді. Қарсы беттегі балуандарға дамылдауға, тіпті ойлануға да мұрша бермейді. Бұл олардың функционалдық даярлықтары өте жоғары деңгейде екенін аңғартады. Өзге балуандар осы жағынан ақсап тұр. Бұл әңгіме қазақтың балуандарына да қатысты. Егер біз сол олқылықтың орнын толтырсақ, Тэйлормен де, Язданимен де тең дәрежеде айқасуға болады.

– Айтқандай-ақ, бұл жолы да олар­дың жолдары финалда қиысты. Сен кім жеңеді деп ойладың?

– АҚШ-тың апайтөсімен өзім күрес­кендіктен, оның осы жарысқа керемет бабында келгенін анық байқадым. Сол себепті де Тэйлордың жеңетініне еш күмәнім болған жоқ.

– Азамат, 2015 жылы Талды­қор­­ғанда өткен Қазақстан чемпио­на­ты­ның шешуші тұсында сен Әділет Дау­лынбаев пен Аслан Кахидзе се­кілді сақа спортшыларды сан соқ­тырып, алғаш рет ересектер дуында дара­лан­ған едің. Содан кейін аталған жарыста тағы төрт мәрте топ жар­дың. Солай бо­ла тұра, Олимпия ойын­дарына бір­де-бір рет жолың түс­пеген екен. Неге?

– Менің екі Олимпиадаға қа­тысуға мүмкіндігім болды. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы ойындар қарсаңында Қазақстан чемпионатында топ жардым. Бірақ түсініксіз себептермен Бра­зилияға бара алмадым. Былтыр Токио Олимпиадасы қарсаңында мойы­н омыртқам тайып кетіп, көп уақы­тым­ды ем-домға жұмсадым. Осындай қиындықтарға қарамастан, төртжыл­дықтың басты додасына жолдама алу үшін барымды салдым. Осы орайда, маған сенім артқан ұлттық құрама бапкерлеріне де зор ризашылығымды білдіремін. Обалы не керек, олар мені екі бірдей лицензиялық турнирге қа­тыстырды. Бірақ ауруды басатын дәрі­лердің көмегіне жүгінсем де, одан қайыр болмады. Қолда тұрған сәттерде жеңісті қарсыластарыма беріп қойып, өкініп қалдым. Осылайша, әзірге маған Олимпия ойындарына қатысу бақыты бұйырған жоқ.

– Өзің жайлы біраз мағлұмат бере кетсең, яғни күрестің әліппесін қайдан үй­рен­дің, алғашқы ұстаздарың кім, қай жерде жаттықтың дегендей.

– Мен 1994 жылдың 15 наурызында Семей қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Бала кезімнен зерек болған соң ағаларым мені өздерімен ертіп, күрес үйірмесіне апарды. Олар дзюдомен айналысқанымды қалады. Ал менің аңсарым еркін күреске ауды. Алғашқы ұстазым – Тоғайбек Керебаев. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін Төлеген Дүйсенбаев пен Мейірбек Бай­жановтың қол астында жаттықтым. Тырнақалды табыстарым жаман болған жоқ. Семейде жаттығып жүрген кезде өз қатарластарымның арасында ел чемпионы атанып, Азия біріншілігінің күміс медалін мойныма ілдім. Орта мек­тепті аяқтаған соң Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына грантқа оқуға түстім. Сол қалада өт­кен жарыстардың бірінде танымал бапкер Руслан Өмірәлиевтің назарына іліктім. Ол кісі мені республикалық спорт колледжіне оқуға шақыртты. Әлі есімде, академияға құжаттарымды алуға барғанымда, ұстаздарым: «Сен не істеп жүргеніңді білесің бе? Атағы дардай академияны колледжге алмастырған адамды бірінші рет көріп отырмыз», деп бастарын шайқаған еді. Мен райымнан қайтпадым. Сол колледждің қабырғасында жүріп, шеберлігім әбден шыңдалды. Ең бастысы, еш алаңсыз жаттығуыма қолайлы жағдай жасалып, халықаралық аренада елеулі табыстарға қол жеткізе бас­тадым. Менің мықты спортшы болып қалыптасуыма Аслан Байғұлов сынды жаттықтырушының да сіңірген еңбегі зор екенін айта кеткім келеді. Ал академия ешқайда қашқан жоқ. Кейіннен тек ол жерде ғана емес, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де білім алдым. Қазір Алматыда білікті бапкер Ролан Көксегеновтің қол астында жаттығамын.

– Бұл күндері барша қазақ жан­күйер­лері осындай байрақты бәсеке­лерде жеңіс тұғырына көтерілген әр балуанның жолына үлкен үмітпен қа­райды. Өйткені күрестің осы түрін серік еткен жерлестеріміздің бірде-біреуі әлі күнге дейін Олимпия ойын­дарының жеңімпазы немесе әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізе алған жоқ. Осы жағдай сені ойландыра ма?

– Әрине, ойландырады. Талай жыл бойы қазақ балуандарының осы белес­терді бағындыра алмай жүргеніне мен де күйінемін. Байыптап қарасақ, жауапты жарыстарда жерлестеріміз көбіне-көп Иран, АҚШ және Ресей балуандарынан ұтылып жүргенін аңғарамыз. Шыны керек, олардың өнеріне тамсанбау мүм­кін емес. Келеді де күреседі, қарсы кел­гендерін жығады, жүлделерді «күреп алып» кетіп жатады. Америкалықтардың немесе Парсы елі өкілдері мен Қап тауы қы­рандарының әбігерге салынып, бір нәрсеге қобалжып жүргендерін еш бай­қамайсыз. Бозкілемде де, оның сыртында да өздерін тым еркін сезінеді. Бір қарағанда, біздер де жап-жақсы дайындалып жүрген секілдіміз. Ештеңеден тарлық көріп жатқан жоқпыз. Бірақ байрақты бәсекелерде дәл солар секілді еркін көсіле алмаймыз. Соның салдарынан шешуші тұста жиі сүрінеміз. Осы орайда, барлық мәселе жаттығу жүйесіне келіп тірелетін шығар деп ойлаймын. Бәлкім, соны өзгерту керек шығар. Басқа ештеңе айта алмаймын. Ал жеке өзіме келетін болсам, келесі жылы бірнеше лицензиялық турнир өтеді. Сол жарыстарда табысты өнер көрсетіп, 2024 жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарына жолдама алуды көздеймін.

– Әңгімеңе рахмет, Азамат. Келесі дүбір­лі додаларда сені алтын тұғырдан көрейік!

– Рахмет, аға! Менің де көз­дегенім сол. Күні кеше ғана Бел­градта жеңіп алған қола медалім алдағы жарыстардағы жарқын жеңістерімнің алтын бастауы болсын деп тілеймін.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»