• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ТҮРКІ ДҮНИЕСІ. ТҮРКІ РУХЫ. КӨШБАСШЫ

4020 рет
көрсетілді

Адамзат дамуының тарихында айрықша орын алатын ХХ ғасыр аяғында ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болды. Тарихтың шешуімен, тағдырдың жазуымен өзінің байырғы ата-бабасынан келе жатқан ата жұртында қазақ халқы да шаңырақ көтеріп, ту тікті. Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының толық мүшесі болып, мемлекеттік рәміздерін анықтады. Мемлекеттік шекарасын белгіледі, ұлттық теңгесін шығарды. Әлем алдында қазақ халқы өзге халықтармен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатын болды. Жаңа дәуір қарсаңында қазақ деген ұлт барын, ол құрған зайырлы тәуелсіз мемлекет барын бар әлем тани бастады. Ғасырлар бойы бабалар аңсаған тарихтың сындарлы сағатында жаңа құрылған мемлекетті басқарудың ұлы миссиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жүктелді. ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ Баянды болашаққа, берекелі тірлікке кәміл сенген көп ұлтты Қазақстан хал­қы­ның таңдауы солай болды. Елінің қол­дауы­на ие болған Елбасы қара нар көтере алмас ауыр міндеттерді мойнына алып, аз уақыт­тың ішінде мемлекет басқару институттарын толық қалыптастырып, үлкен абыроймен, кең қолдаумен ХХІ ғасырдың табалды­ры­ғынан батыл қадаммен аттады. Тәуелсіз­ді­гіміздің алғашқы жылдарында заман мін­деттеген қиын тапсырмаларды толағай табыс­пен орындаған Қазақ елінің Прези­денті сол тәуелсіздіктің жиырма жыл­дығының қарсаңында жаңа белестерге құлаш сермеді. Еліне жаңа бағыт сілтеп, халқына жаңа міндеттерді қойды. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығынан аттаған адамзат баласының алдында бүгінгі таңда жаңа міндеттер тұр. Ендігі дәуірде мем­лекет, халық, ел, ұлт секілді ұғымдар­дың мән-мағынасы өткен ғасырлардағыдай сақ­тала ма, әлде өзгере ме? Жаһандану деген алып күш қайдан пайда болды және оны­мен қалай күресуге болды? Ұлттық мәде­ниет деген түсініктің шеңбер, аясы қай кө­лемде қалады? Ол барлық мемлекеттер үшін бір бола ма? Міне, осы секілді өзекті, ел мен жер тағ­дырына қатысы бар көкейкесті мәселелер қазір саналы адамның барлығын тол­ғандырады. Мемлекеттің даму стратегия­сын бір емес, бірнеше онжыл­дықтарға ілгері жоспарлай алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің таңы енді атқан кезде “Қазақстан-2030” атты даму стра­тегия­сын ұсынды. Бұл тарихи құжат балғын, буыны бекімеген жас мемлекетке темір­қа­зықтай бағыт берген аса маңызды бағдар­лама болғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның бүгіні мен болашағы жайында ой қозғағанда үнемі оның көне тарихына шолу жасап, одан тағылым алу қажет екенін ескертіп келеді. Бүгінгі мемлекет еліміздің орнында ерте заманнан бері қандай өрке­ниеттер салтанат құрғанына “Тарих толқы­нында” атты кітабында жан-жақты талдау жасағаны соған дәлел. Аталған еңбегінде Елбасы қа­зіргі Қазақстан шеңберіндегі руханият дамуы­ның алты мың жылдық тарихын қарас­тырады. Онда, яғни ежелгі арийлердің заманынан бастап, Таңбалы қонысы, Есік пен Бесшатырдағы қорған­дар, Сақ, Ғұн тай­палары, Түркі қағанаты, араб-ислам рухы­ның тегеурінді толқыны, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Ясауидің феномендері, Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығының құрылуы мен тағдыры, қазақтардың туған жері үшін жанкешті со­ғыстары, Ресей импе­риясының отарындағы кезең, кеңестік тоталитарлық қоғамдағы қа­зақ ұлтының тағдыр-талайы – бәрі-бәрі хро­нология бойынша рет-ретімен тізбек­теліп беріледі. Қазақ халқы өзінің болмыс-бітімін, ежелден келе жатқан далалық дүниетаны­мын, тілі мен ділін, мәдени ерекшелігін, ру­хани құндылықтарын шашасын шығар­май, шашып-төкпей болашақ ұрпаққа қалай жеткізе алады? Бұл сұраққа берер жауап: қазақ атты халықтың болашағы жарқын болу үшін, ең алдымен, оның тарихи Отаны, атажұртында пайда болған Қазақ елі атты тәуелсіз мемлекеттің келе­шегі кемел, баянды болуы тиіс. Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты алып жатқан Қазақстан мемлекеті халқының саны аз екенін мойындаймыз. Осы өлкедегі жер асты, жер үсті байлығына қызыға қарай­тын алпауыт мем­лекеттердің бар екені де рас. Отаны­мыздың геосаяси жағдайы, жан-жағынан күшті мемлекеттер қорша­ған қазіргі қалпы оған мейлінше сабырлы әрі ақылды саясат жүргізуге шақырады. Бұл орайда біздер үшін тегіміз бір туыстас халықтармен саяси, мә­де­ни, ғылыми, сауда-экономикалық ын­ты­мақ­тасу жол­дарын көбірек іздегеніміз пай­далы. Осын­дай бірліктің нәтижесінде, бірінші­ден, түркі тілдес халықтар және негі­зін түркі тілдес ұлттар құрайтын мемлекет­тердің болашағы мейлінше ғұмырлы болады. Екіншіден, аталған интеграция­лану­дың арқасында түркі тілдес халықтар әлемге түркі мәдениетін, көшпелі өрке­ниет құндылықтарын ортақтасып таныстыра алады. Әрбір тегі түркі халықтар тарихы бір екенін қаншалықты мойындаса, болашағы да ортақ екенін соншалықты түсінуі қажет, деп білеміз. Осы жерде тарихтан ғибрат алу үшін оның қойнауына тағы да шолу жасасақ. Жарты әлемді жаулап алып, алып Еуразия кеңістігін тітіренткен Алтын Орда импе­рия­сы ыдырағаннан кейін оның орнына негізі түркі тектес жеке мемлекеттер пайда болды. Олар: Қазан хандығы, Қырым хандығы, Ха­жы-Тархан хандығы, Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Қазақ хандығы, Ұлы Орда. За­манымыз­дың заңғар жазушысы, терең білім­ді тарихшы Мұхтар Мағауин “Қазақ та­ри­хы­ның әліппесі” атты кітабында: “Сөй­тіп, жарым жалғанға билік құрған Алтын Орда өзара тәуелсіз жеті бөлікке бөлінді. Бұлардың жерінің көлемі, халқының саны, даму дәрежесі мен күш-қуаты әртүрлі дең­гей­де болатын. Бірақ қай-қайсысы да өз туы­ның астында, өз бетімен ел болып тұ­рар­лық дәрежеге жеткен. Тек туыстық, бауыр­ластық өзара көмек керек еді”, – деп жазып, олардың ынтымағының болмаға­ны­на өкініш танытады. Біле білсек, Алтын Ор­да­ның аталған мұрагерлері бір-біріне бауыр­­малдық қолдау білдірмегеннен кейін бірі­нен кейін бірі күшейіп алған Ресей империя­сының аузына жұтылып кетті. Әуелі 1552 жылы Қазан хандығын тізе бүктірген Ресей – “бөліп ал да билей бер” деген саясатын берік ұстанып, түркі тектес халықтардың басым бөлігін үш ғасырдың ішінде бодан елге, олар мекен еткен алып өлкені отар жерге айналдырды. “Амал не, діні бір, тегі бір, әдет-ғұрпы ортақ, тілінде болмашы ғана айырма бар туыстас түрік-қыпшақ тайпа­лары­ның бауырмалдығы ірге­дегі қатерді көрмей, өзара қырқысқа бейім тұрды”, – деп жазады жазушы М.Мағауин. Кеңес одағы Ресей империясының заң­ды жалғасы ретінде отарланған аймақ­тарын темір құрсауда ұстап тұруға тырыс­ты. Отар­ланған халықтардың тарихи санасын, ұлт­тық рухани болмысын өші­руге күш жұм­сады. Алайда тарих өзгеше шешім қабыл­дады. Байырғы Қазақ хандығының мұрагері – Қазақ елі деген мемлекет қайта түледі. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды. Қазақ­станнан бөлек Кеңес Одағынан: Әзірбай­жан, Түркі­менстан, Қырғызстан, Өзбекстан се­кілді негізгі халқы түркі тектес респуб­ли­калар бөлініп, жеке шаңырақ көтерді. Елбасы әлемдік кеңістік аясында түркі дүниесінің алатын орны туралы үнемі айтып келе жатыр. Дүниежүзілік қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген халық жеке-жеке кетсе өзінің мәдениетін, бол­мысын жоғалтып алуы мүмкін. Ал рухани бірлігі бар мем­ле­кеттер экономикалық шарттарын жақын­дас­тыру арқылы әлем­дік интеграция­лық жүйеге кіріге отырып елдердің іргесін мық­тап, мәдениетін орнықтыра алады. Ор­талық Азиядағы мемлекеттердің арасында эконо­ми­калық бірліктің болуы, шекарадан өту бары­сында жеңілдіктер жасау, ортақ валю­таға қол жеткізу, ортақ рухани кеңістіктерді қалыптастыру – осылардың әрқайсысы туралы Президент Н.Назарбаев үнемі мәселе көтереді. Бұл нені көрсетеді? Бұл Елбасының келешекке әрқашан сергек қарайтынын, ұзақ мерзімді саясатты бол­жай алатын үлкен қабілетін байқатады. Қазіргі кезде Еуропа халықтарының, славян халықтарының қоғамдық ұйым­дары жұмыс істейді. Сол секілді араб елдерінің ара­сында да ортақ мүдде көздейтін ондай құрылымдар бар. Міне, осы мәселені өте жақсы түсінген Елбасы түркі тектес ха­лық­тар арасында да ынты­мақтасудың жаңа са­ты­сына жету туралы жиі айтып жүрді. Со­ның нақты көрінісі – Нахчыванда өткен түркі халықтары­ның саммитінде түркі ха­лық­тарының тілін, тарихын, әдебиетін, мә­дениетін зерт­тейтін Түркі дүниесі акаде­мия­сын құру туралы инициативасы еді. Бұл ойын кейін Анкараға ресми сапармен барған кез­де одан әрі өрбітіп, нақтылы келісім­дерге қол жеткізді. Нахчыванда өткен саммиттің қорытындысы бойынша Пре­зидент Қазақ­стан Республикасының Үкіметіне нақты тап­сырмалар берді. Онда 2010-2011 жыл­дар аралығында орындауға тиісті нақты іс-шаралар көрсетілген. Президенттің тап­сыр­масының ішінде Қазақ елінде Түркі дүниесі академиясын (Түркі әлемін зерттейтін орталық) құру, сондай-ақ Түркі кітапханасы мен Түркі тарихының музейін де жақын уақытта ұйымдастыру керектігі айтылған. Елбасының үлкен бастамасы – Түркі дүниесі академиясын құрудың қандай тиімділігі бар? Біріншіден, біз дүние­жүзілік интеграцияға қазақ мәдениеті, өзбек мә­дениеті, түрік әдебиеті, түркі тарихы сияқты нәрселермен кіре аламыз. Бұл – өз алдына жеке шаруа. Бірақ біз жалпытүркілік өрке­ниет ретінде соның бәрін тұтастай пайым­дап, зерделеп, славян мәдениеті, қытай өркениеті, роман-герман халықтарының өркениеті деген сияқты бір өркениет ретінде әлемдік мәдениет тарихынан өз орнымызды көрсетуге мүмкіндік аламыз. Аталған игі шараның екінші жағы: кез келген мемлекет егер ол болашаққа көз жіберіп, үлкен дамудың даңғыл жолына түскісі келетін болса, тегі жағынан ынтымақтасу мәселесін назардан тыс қалдырмағаны абзал. Кеңестік дәуірдің дүрілдеп тұрған зама­нында Мәскеуде Кеңес түрколог­тары­ның комитеті болды. Ол комитет жыл сайын түркі тілдес халықтардың өкілдерін жинап, үлкен жиындар өткізіп отырды. Комитет түркологиядағы істеліп жатқан жұмыстарды жыл сайын қоры­тындылап, алдағы мін­дет­терді белгілеп берді. Кезінде оның органы “Советская тюркология” журналы Бакуде тұрақты түрде шығып тұрды. Міне, сол ке­ңестік дәуір тарағалы бері мұндай функ­ция­ны ешкім қолына алған жоқ. Қазір біздің Елбасы Н.Ә.Назарбаев түркі халықтары­ның арасында түркология мәселесімен тыңғы­лық­ты айналысатын орталықтың болуын қа­лайды. Бұл – пантюркстік пен ұлтшыл­дықтан ада, оларды насихаттамай­тын, керісінше түркі халықтарының тарихи, табиғи қалыптасқан тамырының бір екенін зерттейтін іргелі ғылыми орталық болмақ. Бірақ осындай орталықты ұйымдас­тыр­ған­да біреудің мүддесін аяққа басып, бол­маса басқаша бір көзқарас тұрғысы­нан қа­рас­тырып емес, жұмысты таза ғылыми не­гізге қою арқылы зерттеу ісі жүргізілмек. Бұл – Елбасының тапсыр­масы. Түркі әле­міне деген Елбасының тұтастай көзқарасы қазіргі әлемдік интеграциялық, инновация­лық заманға сәйкес қалыптасып отыр. Көп ұлтты Қазақстан халқының өзара достығы, олардың ұстанып отырған діндер арасын­дағы өзара келісімділігі – түркі халық­тарының арасында да орнықса деген Елбасының игі тілегі бар. Түркі дүниесі академиясы осындай үл­кен жемістер беретін болса, бұл сөз жоқ, өт­кен тарихымызды, мәдениетімізді қазіргі дү­ниежүзілік даму процесінің аясында зерде­лей отырып, мұнан кейінгі болашақтағы даму ерекшеліктерімізді, оның жолдарын, тәжірибесін анықтауға, айқындауға септігін тигізеді. ТҮРКІ ДҮНИЕСІ АКАДЕМИЯСЫ НЕГЕ ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ АШЫЛАДЫ? Түркология – кешенді ғылым. Оның негізі он сегізінші ғасырда қаланып, біздің за­манға дейін аталған сала бойынша бір­ша­ма іргелі зерттеулер жазылды. Алайда кейін­гі уақытқа дейін түркі әлемінің тарихы ба­тыс­тың немесе шығыстың мүддесі тұрғы­сынан, солардың идеологиясы ұсынған кон­­цепциясы аясында зерттеліп келді. Бү­гінгі таңда тәуелсіз түркі тектес мемлекеттер өздерінің өткен дәуірін қайта жазуға мүмкіндік алған заманда түркілердің ортақ тарихын да бірлесе түгендеуге, ондағы ұлы рухани және материалдық ескерткіштерді насихаттауға, әлем алдында түркі мәдениеті деп таныстыруға лайық құндылықтарды көрсетудің уақыты жетті деп айта аламыз. Жоғарыда атап өткен Әзірбайжанның Нахчыван қаласында болған түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІX саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Түркітілдес мемлекеттер Еуропа мен Азия арасында көпір болуға тиіс... Түркі әлемі шеңбе­рін­дегі серіктестік ешбір басқа мемлекеттерге қарсы бағыт ұстамағаны және болашақта да ұста­майтыны ақиқат” деген сөз айтты. Қа­зақ елінің басшысы мәселе етіп көтерген бұл ой барлық түркі тектес ұлттардың сана­сына сәуле салды деп айта аламыз. Түркі тамыр­лас ұлттар, түркі тектес мемлекеттер бүгінгі таңда ұлы таңдау, ұлы тарихи миссия алдында тұрғанын мойындайды. Түркі дүниесі академиясын құрудағы басты мақсат – түбі бір туыстас ұлттар­дың басын біріктіре алатын, олардың тарихи, мәдени, рухани мұрасын зерттей­тін ғылыми орталықты ұйымдастыру. Түркі тамырлас тарихи тұлғалардың өмір жолын, олардың әлемдік ғылым мен өнерге, әдебиетке қосқан үлес салмағын айқындап, бүгінгі түркі тектес барлық халықтардың бойында мақтаныш сезім ұялатуды асыл мұрат деп табу. Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ мем­ле­кетінде жүзден аса ұлт өкілдері бейбіт өмір сүреді. Ұлттық негізге құрылған Қазақ­стан мемлекетінде негізгі ұлт – қазақтар. Ендеше, қазақтай тәуелсіздіктің баянды болуын тілейтін Қазақстанда ұлт жоқ екені де ақиқат. Қазақ елінің туы жығылмауы үшін алдымен қазақтар ұлт ретінде сақталу керек, қазақтар жойылмас үшін Қазақстан мемлекеті жасай беруі тиіс. Жоғарыда сөз ет­кеніміздей, жаһандану үрдісі бүгінгі таңда өріс алды. Одан ешкім де қашып құтыла ал­майды. Оны образды түрде таудан көшкен селге теңесек, оның екпініне іргетасы мық­ты, қабырғасы қалың зәулім сарайлар ғана шыдамақ. Ендеше, күш біріктіріп, кез келген апатқа төтеп беретін берік іргемізді көтергеніміз ләзім. Түркі тектес ұлттар тарихын, рухын жаңғырту керек болып тұр. Бұл іске қазақ ұлты қол созды. Болашақта Қазақ елінің астанасында құрылғалы отырған Түркі дүниесі академиясы – соның бір дәлелі деп санаймыз. Түркі дүниесі академиясының қазақ топырағында ұйымдастырылуының та­рихи-мәдени, моральдық-этикалық, сая­си-эко­но­микалық, ғылыми-интеллек­туал­дық, діни-конфессиялық негіздері бар. Біріншіден, кең байтақ қазақ даласы – ежелгі Сақ, Ғұн, Түркі империялары сал­та­нат құрған ке­ңістік. Адамзат та­рихында жыл­қыны алғаш қолға үйреткен ғажайып көшпелі мәдениет­ті өмірге әкелген бұл жердің байырғы тұр­ғын­дары­ның бүгінгі ұрпағы – қазақтардың түркі әлеміне осылайша үн тастауға, олардың алдында зерделі ой көтеруге толық құқығы, тарихи негізі бар екеніне ешкім күмән келтірмейді. Қазақтың сөзіне түркі жұртшылығы құлақ артады, себебі қазақ ұлты атажұртта, қарашаңырақта отыр. Екіншіден, қазіргі түркі халықтары біркелкі саяси-экономикалық, әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайларда дамып отыр дей алмаймыз. Көптеген шағын түркі тілдес ұлт­тар­дың болашағы күмәнді екендігін жо­ғарыда көрсеттік. Өткен ғасырдың аяғында Кеңестер одағы секілді алып империя ыдырап, оның орнына бірнеше дербес мемлекеттер пайда болғанда түркі әлемінде үлкен серпіліс орын алды. Бауырлас түркі халықтары­ның басы бірігуге енді кедергі қалмады деп сенді көпшілік. Алайда, ал­ғаш­қы кезеңдегі саяси-әлеуметтік, эконо­ми­ка­лық қиындықтар, жаңа мемлекетті ұйым­дас­ты­рудағы уақыт күттірмейтін ма­ңызды ша­ра­лар түркі тектес халықтардың интегра­ция­лануына кедергі жасады. Бүгінгі таңда жаңа заманда жаңа міндеттерді алды­на қойған тәуелсіздікке қол жеткізген түркі тектес мем­лекеттер арасында экономикасы қар­қын­ды ілгерілеп отырған Қазақстан екенін түркі әлемі мойындайды. Сондықтан оның Түркі дүниесі академиясын қаржы­лан­ды­ру­ға, оны материалдық-техникалық тұрғыдан ұйымдастыруға қауқары толық жетеді. Үшіншіден, Қазақстан Республика­сы­ның географиялық, геосаяси жағдайы, оның Қытай, Ресей секілді алып мемле­кеттер арасында орналасуы түркі халық­тарының ғылыми орталығы болуына әбден ыңғайлы. Мыңдаған жылдар бойы Ұлы Жібек жолы арқылы Қытай елі ба­тыстағы мемлекеттер­мен қарым-қатынас жасап келді. Батыс пен шығыс арасында алтын көпірге айналған, көршілеріне өзінің мәдениетін мойындат­қан түркілер­дің тарих сахнасындағы бағы ХХІ ғасыр­дың басында қайта жануда. Қытай мем­ле­кеті бүгінгі таңда жыл сайын қарқын­ды дамып жатқанын мойындасақ, тарихи мүмкіндікті күллі түркі әлемі, соның ішін­де алдымен қазақ ұлты қалт жібермеуі тиіс деп білеміз. Төртіншіден, Қазақстандағы түрколог ғалымдардың ғылыми әлеуеті, білімі мен біліктілігі Түркі дүниесі академиясы се­кілді халықаралық үлкен ғылыми орта­лықтың қызметін басқаруға, жоспарлы жұмыстарын жүргізуге толық жетеді деп есептейміз. Бү­гінгі Қазақстандағы түр­колог мамандардың көбі Ресей мекте­бінен өткен ғалымдар. Түркологияның бірден-бір үлкен орталығы болған кешегі кеңестік мектептің тәлім-тәрбиесін көрген, зерттеу жүргізу принцип­терін ұстанған отандық ғалымдарымыздың түркі әлеміне айтар табанды пікірі, сали­қалы сөзі бар екені даусыз. Әлемдік ғылыми зерттеу жүргізудің алғышарт­тарын берік ұста­на отырып, ұлттық мазмұнда, ұлттық мүд­дені бірінші орынға қою арқылы кешен­ді инновациялық ғылыми жұмыс атқаруы­мыз керек. Азат рухты, терең білімді, таза текті, намысы берік, иманы кәміл, ұлт мүд­де­сін алдыңғы орынға қоятын қазақ ғалымдары мұраты биік жауапты істі тарих алдында абыроймен атқара алады. Бесіншіден, қазақтың даласы – ежелгі заманнан бері мәдениеттердің тоғысқан алаңы. Кімдер келіп, кімдер кетпеді бұл алып өлкеге. Қандай күш сырттан келіп сұқтанса да, қазақтар қиындыққа төзе білді, сөйтіп, өзіндік ұлттық ерекшелігін, көшпелі мәдениетін, дүниетанымы мен салт-дәстүрін сақтай алды. Сонымен қатар, қазақтардың мінезі мекен еткен даласындай дарқан, пейі­лі мен қонақ­жайлығы жайған дастар­қа­нындай кең екені әмбеге аян. Қиын-қыстау заманда осы жерге күшпен қоныстан­дырылған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бауырмал қазақ ұлты құшағын жайып қарсы алды. Сондағы бауырмалды­ғының жемісін қазақ елі бүгін көріп отыр. Биылғы жылы қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы­ның бір себебі де оның кезінде жасаған кеңді­гі­нен деп айтуға болады. Жүз отыз ұлт пен ұлыстың тілін таба біліп, дін­аралық келісім арқылы бейбіт те берекелі қоғам орнатқан Қазақстан Республикасы түркі халықтары­ның да басын біріктіре алатынына кәміл сенеміз. Түркі дүниесі академиясының басты мұраты – алдымен, бүгінгі барлық түркі тек­­тес ұлттардың тарихына, тіліне, салт-сана­сына, мәдени, рухани, материалдық құн­дылықтарына бөле-жармай бірдей қарау, бір түркі тілдес ұлтты екіншісінен төмен санамау, қайсысының әлемдік өркениетке қосқан үлес салмағы зор, қайсысынікі төмен демеу. Керісінше, барлық түркі тектес ұлттар үшін ортақ құндылықтарды алға тарта отырып, әлемдік деңгейде түркі мәдениетінің өзіндік орнын анықтау. Сол арқылы барлық түркі халықтарының басы бірігу үшін нақты зерттеулер жүргізу. Түркі дүниесі академиясының зерттеу нысандарына негізінен түркі халықтары­ның тарихы, тілі және әдебиеті жатады. Бүгінгі заманға дейін жекелеген түркі халықтары түркілердің ортақ тарихын тар шеңберде, өз­дерінің бөлек ұлттық дең­гейін­де қарас­ты­рып келгенін мойын­дауымыз керек. Асы­лында ежелгі түркі та­рихы қазіргі көптеген түркі тектес ұлттардың ортақ тарихы бол­ға­ны абзал. Осындай олқылықтардың орын алмауын қазіргі түркология ғылымы қада­ғалауға тиіс деп есептейміз. Тарихи-әлеу­мет­тік құбылыс болып саналатын тілдің пай­да болуы, даму эволюциясын түркі әлемі шең­берінде қарастыру – Түркі дүниесі ака­демиясының алдына қойған негізгі ұста­ным­дарының бірі. Түркі тілінің шығу негізін Орхон-Енисей жазбаларымен шек­темей, оның арғы ғұн дәуіріне қаты­сын жан-жақты зерттеу бүгінгі түрко­ло­гияның басты мін­дет­терінің бірі. Аталған мәселеге байланысты әлі де ашылмаған аралдар бар екені даусыз. Бүгінгі ғылым ғұндардың түркі тілдес бол­ған­дығын дәлелдейді. Ғұндар заманы мен түркілер дәуірі арасындағы кезеңнің сыры, осы мезгілдегі түркі тілінің даму, өзгеру фак­тісі қаншалықты болғанын толық сара­лау керек. Әдебиет мәселесіне тоқталсақ, бізге бүгін байырғы түркілердің бай әдеби мұрасының сілемдері ғана белгілі болып отырғанын жасыра алмаймыз. Біршама зерт­телген Орхон-Енисей жазбаларының арғы жағындағы ғұн, сақ заманында өмірге келген рухани мұраның жанрлық, көркемдік сипаты, идеялық мазмұны әлі де толық ажы­ратылмай жатыр. Қаншама әдеби, рухани құндылықтарымыз Қытай жазба­ла­рында өз зерттеушісін күтіп тұр. Қазіргі түркология ғылымының зерт­теу аясын тарих, тіл, әдебиет, этногра­фия, мәде­ниет, нумизматика, картогра­фия, дін, деректану, ономастика, гео­графия, педа­гоги­ка, психология, т.б. салалар бойынша ке­ңейтуді талап етеді. Түркология ғылы­мы­ның жаңаша түлеуі, заманға лайық дамуы – барлық түркі тектес ұлттар үшін аса зәру қажеттілік. Кешегі Кеңес өкіметі өзінің құрамын­дағы түркі тілдес республикалар ара­лы­ғын­да қандай да болмасын ынтымақ­тасуға жол бере қоймады. Алаш қайрат­керлері аңсаған, Мұстафа Шоқай сынды біртуар перзентіміз тілеген түркілік бірлікті жақтырмады. Әсіре­се, Мәскеу Орта Азия кеңістігінде мекен ететін түркі халықтарының Түркия мем­лекетімен мәдени, шығармашылық, басқа да бір байланыс орнатуға түбегейлі жол бер­меді. Ондай мүмкіндік осы республикалар егемендігін жариялағаннан кейін ғана туғанын біз бүгін көріп отырмыз. Түркі тілді мемлекет басшыларының ең алғаш­қы бас­қосуы 1992 жылы Анкара қала­сын­да өтті. Содан бері он сегіз жыл ішінде бауырлас мемлекеттердің президенттері 1994 жылы Ыстамбұлда, 1995 жылы Біш­кекте, 1996 жылы Ташкентте, 1998 жылы Астанада, 2000 жылы Бакуде, 2001 жылы Ыстамбұлда, 2006 жылы Антальяда бас қосып, түркі әле­міне қатысты келелі мәселелерді қарас­ты­рып келді. Алайда, түркі халықтарының та­рихында өткен 2009 жыл ерекше бедерленіп қалады деген ойдамыз. Әзірбайжанның Нахчы­ван қаласында өткен түркі дүниесі лидер­лерінің саммитінде Түркітілдес мем­ле­кеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) құрылғаны – түркі халықтары үшін аса ма­ңызды тарихи уақиға. Осындай кеңес құру үшін түркі мемлекеттері он сегіз жыл уақыт кетірді. Әрине, ол жылдар ішінде басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды. Бірақ ол құжаттардың бәрі де аталған Кеңесті өмірге әкелу үшін жасал­ған қадамдар деп санай­мыз. Біле білсек, 2006 жылы Антальяда өткен түркітілдес мемлекет басшыларының саммитінде Қазақстан Президенті Н.На­зар­баев түр­кітіл­дес мемлекеттердің Парламент­тік ассам­блеясын және Ақсақалдар кеңесін құру қажеттігін ұсынған болатын. Міне, бүгін біз сондағы көреген саясаттың же­місін енді көріп жатырмыз. Яғни, бірте-бірте Елбасының ұсыныстары түркілік әлемде қолдау тауып, жүзеге асып жатыр. Кейінгі жылдары Орталық Азияны ме­кен ететін түркітілдес мемлекеттердің саяси-экономикалық жағынан күшеюінің куәсі болып отырмыз. Егер өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдары түркі әлемінде Түр­кия мемлекетінің үні басы­мырақ шығып, түркі дүниесіне қатысты негізгі ұсыныстар мен шешімдерді сол ел қабылдап келсе, кейінгі уақытта Қазақ­стан секілді жаңадан тәуел­сіздік алған түркітілдес мемлекеттің түркі әлеміндегі салмағы біршама артты. Біз бұл жерде өзіміздің бауырлас мемлекеттері­мізбен ешқандай бәсеке мәселесін сөз етіп отыр­ғанымыз жоқ. Қайта, керісінше, түркі­тілдес жеке мемлекеттің күшейгені жалпы түркі әлемінің күшейгені деп есептейміз. Қазіргі Қазақстан Республикасы Орта­лық Азиядағы мемлекеттер арасында көш­басшы мемлекетке, оның Президенті Н.На­зар­баев түркі әлемінің лидеріне айналғаны – біздің елімізде де, алыс-жақын шетел­дерде де мойындалған шындық. Түркия Президенті Абдулла Гүл өткен жылы қазан айында Қазақстан Президенті Н.Назар­баевқа өз елінің жоғарғы наградасы – Түркия Респуб­ликасының Құрмет орденін тапсырғанда: “Президент Нұрсұлтан Назарбаев – аса көрнекті мемлекет қайрат­кері. Оның басшылығымен Қазақстан ора­сан зор табыстарға қол жеткізді. Ол көр­шілес елдермен мемлекеттік шекаралардың дели­митациясын жүргізе алды. Эконо­мика, энергетика саласында бауырлас еліміздің серпінді ілгерілеуін қамтамасыз етті. Ол Түркия мен Қазақстан арасын­дағы ынты­мақ­тастықтың дамуына да шешуші үлес қосты. Біз Қазақстан аста­насында, Түр­киядан сырт жердегі Ата­түрікке арналған алғашқы ескерткіштің ашылғанын мақтан тұтамыз”, – деді. Абдулла Гүл кеше ғана түркі жұртының рухани астанасы Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып тұрып, оны жалпақ әлемге түркі дүниесінің көшбасшысы деп жариялады. Бұл – жалғыз Түркия мемлекеті басшысының ғана емес, сондай-ақ бауырлас түркі ағайындардың, жалпы түркі әлемінің біздің Президентке берген әділ бағасы, қазақ елінің мерейін асқақтататын ғажайып тарихи уақиға. Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.