Құзар шыңның басында тіршілік ететін қар барысына табиғат-ана өзгеше бітім берген. Жер бетінде ілбістер мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі Қазақстанда. Бұл – Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Әсіресе Алматы тауларын мекендейтін сыры жұмбақ жануарды экологиялық кедергілерден сақтау – ғалымдарды толғандырып отырған мәселе. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қар барысын бақылау орталығы териология зертханасының (сүтқоректілер) меңгерушісі, Wildlife Without Borders мүшесі Алексей Грачевтен өз сауалдарымызға жауап алдық.
– Қар барысы қазақ даласының мәдени мұрасын паш ететін ұлттық нышан. Бүгінде елімізде шамамен қанша барыс бар, аталған аңды қорғау жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Жойылып кету қаупі бар және халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне, сондай-ақ 12 елдің Ұлттық Қызыл кітаптарына енгізілген жыртқыш – Қазақстанның табиғи байлығы. Қазіргі уақытта қар барысының барлық негізгі мекендейтін жерлері қорықтар мен ұлттық парктер. Бұл қорықтар Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы тауларында, сондай-ақ Алтайдың қазақстандық бөлігінде орналасқан. Айта кетерлігі, Қазақстанда қар барысының ғаламдық таралу аймағының шеткі солтүстік-батыс бөлігі бар. ХХ ғасырдың ортасынан бастап біздің елдегі барыстардың саны айтарлықтай азая бастады, ал 1980 жылдарға қарай 200-ге дейін төмендеді. Қазір елде шамамен 140-180 барыс бар.
– Сирек кездесетін жануарды сақтап қалу мақсатында ғалымдар нақты қандай қадамдарға барып отыр? Оны зерттеу, мониторинг жүргізу жайы қалай?
– Қар барысы – қолжетімсіз тіршілік ету ортасы мен жасырын өмір салтына байланысты әлемдегі ең қолға түсуі қиын жыртқыш. Соңғы уақытқа дейін ол туралы қандай да бір ақпарат жинау өте қиын болды. Бірақ заманауи инновациялық әдістердің пайда болуымен біз камералық қақпандар мен автоматты бақылау камералары арқылы зерттеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Сирек кездесетін жыртқышты зерттеу мен бақылаудың ең перспективалы әдісі – фототұзақ. Бұл құрылғылар жануарларды жыл бойы бақылауға алуға мүмкіндік береді. Алматының таулы өңірлері негізгі ландшафтық-экологиялық көрсеткіштер бойынша қар барысының тіршілік ету ортасы үшін жоғары әлеуетке ие. Алайда қар барысының экожүйелеріне жақын орналасқан қала халқының қарқынды өсуі мен инфрақұрылымның дамуы барыстардың өмір сүруіне теріс әсер етеді. Соның себебінен қар барысы өмір сүруге қолайсыз аумақтарды мекендеуге мәжбүр. Бұл теріс динамика жалғаса берсе, ілбістің толық жойылуына әкелуі мүмкін. Мұндай жағымсыз құбылыстың негізгі бір себебі – таулы аумақтарда демалыс орындары мен шипажайлардың көптеп салынуы. Сонымен бірге стихиялық туристер ағынының шамадан тыс ұлғаюы рекреациялық жүктеме тудырып, мамандарды алаңдатып отыр. Алматы маңындағы тау учаскелерін одан әрі игеру жағдайды ушықтырып, тек жабайы жануарлардың ғана емес, бүкіл экожүйенің тіршілік ету ортасына кері әсерін тигізетін салдарға әкеп соқтыратыны анық.
– Сонда қар барысы қаланың қазіргі шекарасына жақын маңда өмір сүре ме?
– Алматы төңірегін мекендейтін барыстар туралы ең үлкен қате түсінік – «қар мысығы» биік таулар мен мәңгілік қар жамылған мұздықтар белдеуінде тұрады деген пайым. Мүлде олай емес. Ғылым комитеті Зоология институтының ғалымдары жүргізген соңғы зерттеулер Алматы төңірегіндегі кейбір учаскелерде 1 200 метр биіктіктен қар барысы кездесетінін анықтады. Бұл шамамен Көктөбе деңгейінде. Негізінен, қар барысы қыста айтарлықтай төменге түседі, ал жаз айларында адам аяғы баспайтын кедергісі аз жерлерге кетеді. Ірі мегаполистің жанында тұратын барыстарда адамдармен қорқынышсыз қарым-қатынастың мінез-құлық үлгісі қалыптаса бастағанын байқадық. Адаммен үнемі байланыста болатын жануарлар оны жау ретінде қабылдауды доғаруы мүмкін. Таулы ландшафтар үнемі жіті бақылауда әрі қорғауда. Арнайы желі жұмыс істеп тұр. Алматы қорығы мен Іле-Алатау ұлттық паркінің ұзақ және тиімді жұмыстарының нәтижесінде броконьерлікке мүлде жол жоқ. Барыстар Алматы қаласының Медеу мен Бостандық ауданының шекарасында өмір сүреді. Іле Алатауында мекендейтін 40 барыстың 23-і Алматы қаласынан 30 шақырым радиуста мекендейді, оның ішінде 5 дара түрі қала аумағы болып саналатын алқапта. Соңғы 5 жыл ішінде жергілікті ғалымдар Алматы қорығы мен Іле-Алатау ұлттық паркінің мамандарымен бірлесіп, Алматы маңын мекендейтін ілбіс популяциясына үздіксіз бақылау жүргізіп келеді. Таудағы жануарлардың негізгі популяциялық ерекшеліктері мен мінез-құлқын зерттеу үшін 50-ден астам фототұзақ орнатылды.
– Фототұзақтарды қолдану арқылы жүргізілген зерттеулер қандай нәтиже көрсетті?
– Фототұзақтарды пайдалану қар барысының саны мен жыныстық жас құрамын анықтауға, жеке жануарлардың көбеюі мен денсаулық жағдайын бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Ілбіс терісінде ерекше суреттердің болуы ғалымдарға жеке түрлерді анықтау мен фото төлқұжат беруге мүмкіндік туғызды. Айталық, 2020 жылы карантин кезінде фототұзақ арқылы жүргізілген зерттеулер қызықты нәтижелер көрсетті. Елімізде қабылданған шектеу шараларының нәтижесінде Алматы тұрғындарының тауға сирек шығуы, қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы мен Түркістан сілеусіні сияқты басқа да сирек жыртқыштардың қалаға өте жақын аумаққа дейін келгенін көрсетті. Осылайша, жануарлар өздерінің тіршілік ету ортасына орала бастады. Соңғы 20-30 жылда тау бөктерлеріне дейін құрылыс нысандары пайда болып, жануарлар байырғы мекенін тастауға мәжбүр болған еді. 2021 жылғы мониторинг кері көріністі көрсетті. Карантин сейілген соң тауға барушылар легі қайта көбейіп, әдеттегідей жануарлар адамдардан алшақ кетті. Сыртқы туризмнің болмауы да жағдайды ушықтырды. Нәтижесінде, ғалымдар пандемияға дейін оларды жыл сайын бақылап отырған жерлерде де қар барысы бой көрсетпеді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар бірнеше фототұзақты, соның ішінде қолжетімді емес жерлерде орнатылған суреттерді қолды қылды. Соңғы уақытта Алматы қаласының шекарасы тау бағытына қарай кеңейіп, қар барыстары өз мекендерінен тағы да ығыса бастады. Бұл сирек кездесетін аңның сақталуы мен орнықты өмір сүру проблемасын тудырып, әлеуметтік-экологиялық сипаттағы басқа да мәселемен қатар табиғат жанашырларының өткір проблемасына айналуда. Мегаполис маңындағы таулы экожүйені сақтау үшін таудағы туристер ағынын жабайы жануарлар популяциясының кеңістіктік және уақыттық динамикасын ескере отырып реттеу қажет. Қыс мезгілінде қалың қар жамылғысына байланысты тұяқты жануарлар, ал олармен бірге жыртқыштар таудың төменгі белдеуіне түседі. Алматы маңындағы тауларда адамдардың жыл бойы және өздігінен болуы жануарлардың қысқы мекендеу орындарына жетуін шектейді. Мазасыздықтың күшті факторына байланысты жануарлар қолжетімді емес және жарамсыз жерлерді пайдалануға мәжбүр, бұл олардың өмір сүру мүмкіндігін азайтады. Осыған байланысты қысқы уақытта рекреациялық-туристік қызметті шектеу қажет. Әсіресе қаңтар мен сәуір айлары қар барысының көбею кезеңі саналғандықтан, Аюсай, Проходное (Алма-Арасан), ҮАК, Шың-Түрген, Қаскелең шатқалдарындағы танымал туристік соқпақтарға баруды шектеген абзал.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ