Ынтымағы жарасқан, ырысы ортаймаған берекелі қоғамның сипаты, ең алдымен, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі азаматтарға жасалған қамқорлықтан көрінетіні анық. Әсіресе әлпетінен әрі, әлеуетінен әлі тайған үлкен кісілерге көңіл бөлек.
Бұл ретте «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» деп білетін, қазақы қалпымыздан айнымаған қоғамымызда қарияларды қадірлеу – қашаннан келе жатқан мызғымас, берік дәстүріміз. Ал қазанның басын қазыналы қарттарымызды құрметтеумен бастауымыз осынау дәстүріміздің діңгегін одан сайын бекіте түседі.
Расында, осы даталы күні баталы қарияларымыз айналасындағы аяулы адамдарының жылы лебізін естіп, жүзінде шуақ ойнап, көңілі шалқып, мерейі тасып, бір жасап қалады. Жасы егде тартқан шағында ардақты ата-әжелеріміз сый-құрметке кенеліп, еңбегі еленіп жатса, нұр үстіне нұр. Үлкендеріміздің «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп құлшылық етуінің мәні де осында.
Зейнет демекші, еліміздің әлеуметтік саясатында қамсыз қарттықты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – «Күміс жас» бағдарламасы биылдан бастап қолға алынды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы айдың басындағы халыққа Жолдауында зейнетақы көлемін жылдан-жылға арттыра түсуге тапсырма берді, бұған қоса әйелдердің зейнеткерлік жасын 2028 жылға дейін ұлғайтуға мораторий жариялады.
«Біз зейнетақы жүйесін қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Сондай-ақ әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз», деді Президент.
Мемлекет басшысы жариялаған бұл мораторий жөнінде жан-жақты мағлұмат берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбекке жарамды жастағы әйелдердің зейнетақысын молайтуға мүмкіндіктер қарастырылғанын айтып берді.
«Бүгінгі таңда елімізде 325 мыңнан аса еңбекке қабілетті жастағы, табысы жоқ әйелдер бар. Тиісінше, олар мемлекеттен алатын ең төменгі базалық зейнетақыға ғана сене алады. Қазір аталған зейнетақы көлемі 20 мың теңгеден сәл-ақ асады. Ал 2023 жылдан бастап 24 мың теңге болады. Біздің міндетіміз – осы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларын барынша кеңінен ұйымдастыру. «Күміс жас» жобасына қатысушылардың шекті жасы төмендетілді, енді жобаға 50 жастан асқан әйелдер де қатыса алады. Жалақы мемлекет тарапынан субсидияланып, кем дегенде 100 мың теңгені құрайды. Бұл әйелдерге еңбек өтілін, аударымдарды алуға және зейнетақы жинақтарын толықтыруға мүмкіндік береді. Жобаға қатысқан жағдайда көрсетілген 5 жыл ішінде әйел 70 мың теңге көлемінде зейнетақыға үміт арта алады», деді Т.Дүйсенова.
Министр 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру зейнетақының өсуіне ықпал ететінін айтты. Бұл ретте жылдық өсім шамамен 13%-ды құрап, барлық 2,2 млн зейнеткерге әсер етеді. Сонымен қатар ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді.
Жаңа іс-шаралар кешені 2025 жылға қарай зейнетақының жалпы көлемін орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл іс-шараларды жүзеге асыруға бюджеттен 1,3 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Жұмыс берушілерден қызметкердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары есебінен шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу де зейнетақы мөлшерін арттыруға ықпал етеді. Бұл норма 2024 жылдың қаңтарынан бастап 5 жылға кезең-кезеңімен енгізіледі.
Аталған іс-шаралар алдағы уақытта қариялардың әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді деген үміт зор. Ал олардың денсаулығын күтуіне де қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мұны еліміздегі өмір сүру жасының жылдан-жылға ұзарып келе жатқанынан байқауға болады. Қазір елімізде өмір сүру жасының ұзақтығы орташа есеппен 70,23 жасты құрап отыр. Соған сәйкес жалпы қартаю индексі де артып келеді. Дәлірек айтсақ, 2021 жылы Қазақстан өңірлерінде халықтың қартаю индексі 26,6 құрады. Бұл дегеніміз 0 жастан 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға елімізде 65 жастан асқан 26,6 азаматтан келеді. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 25,9 (2017 ж.) деңгейінде болған.
Елді мекендермен салыстырғанда, Қазақстанның қалалық жерлеріндегі қартаю көрсеткіші жоғары – 28,7. 2019-2020 жылдардағы қалалық индекс 29,1 деңгейінде бағаланған еді. Өңірлер арасында ең жоғары индекс көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында – 66,5. Ал ең жас қала Шымкент болып шықты, онда 100 балаға шаққанда 65 жастан асқан 14,3 адамнан келеді. Астана халқы да салыстырмалы түрде жас, бұл қаланың индексі 17,3 құрады. Ауыл тұрғындары арасындағы қартаю индексі қалалық көрсеткіштен 4,9 пунктке (23,9) аз. Бес жыл ішіндегі көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ, 2017 жылы 100 балаға 22,4 қарттан келген.
Қорыта айтқанда, еліміздің қанат жайып өркендеуіне, ұрпағының келешегіне тілекші болып, шүкіршілік еткен қарияларымыздың алаңсыз, аман-сау өмір сүргеніне не жетсін?! «Өсер елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» дегендей, әдемі қартая білетін, аузы дуалы, сөзі уәлі, қазыналы қарттарымыздың қатары артқаны адам капиталына басымдық беріп жатқан еліміздің болашағына көп үлес қосары сөзсіз.