• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қыркүйек, 2022

Тыңайтқыш өндірісі өрістейді

367 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың төрағалығымен өткен жиында шаруа иелерін минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Кеңеске Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Химия өнеркәсібі басқар­масы­ның басшысы Лаура Өте­­мұратованың айтуынша, бүгін­де нарықта бейорганикалық тыңайт­қыштардың 9 түрі қолданылады. Олардың қатарында жоғары сұранысқа ие тыңайтқыштардың 5 түрі бар, яғни селитра (азотты), МАФ/ДАФ немесе аммофос (екі компонентті), аммоний сульфаты (азотты), карбамид (азотты), NPK немесе күрделі (үш компонентті).

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің деректері бойынша, 2023 жылға арналған жоспарлы қажеттілік 703 мың тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық (2021 жылы – 604 мың).

Қазіргі уақытта нарықтың жартысына жуығы импортталған тыңайтқыштарға тәуелді. Бұл мәселені шешу үшін бірнеше ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.

«ҚазАзот» АҚ 2026 жылға қарай аммиак-карбамид кешенін салуды жоспарлап отыр. Зауыт­тың қуаттылығы – 500 мың тонна аммиак, 500 мың тонна селитра, 500 мың карбамид. Осылайша, 2028 жылға қарай толық қуатқа шыққан кезде селитраны өндіру көлемі жылына 900 мың тонна­ға дейін артады. Сондай-ақ ішкі нарықтың карбамидке деген қажеттілігін толығымен жабамыз», деп атап өтті Лаура Өтемұратова.

Бұдан бөлек, ағымдағы жыл­дың наурыз айында «Қазфосфат» ЖШС мен «Уралхим» БХК» АҚ (РФ) ара­сында сұраныс­қа ие тыңайт­қыштарды өндіру­ге бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды. Осылайша, аммиак және кешенді тыңайтқыштар өндірісі бойынша бірлескен жобаны іске асыру көзделіп отыр.