Қылышын сүйретіп қыс келетін күн де алыс емес. Күн суытса ел көңілі көмірге ауып, «қара отынға» қол жеткізудің қамына кіріседі. Биыл тас көмірден тапшылық көреміз бе, әлде көрмейміз бе? Көмір өндірісін жаңғыртудың заманауи қандай тетіктері бар?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовецпен кездесіп, еліміздегі көмір өндірісін жаңғыртудың заманауи тетіктерін таразылады.
Кездесу барысында тараптар көмір өндірісін жаңғырту мен салаға жаңа технологиялар енгізуге бағытталған мәселелерді талқылап, қатты отынның тасымалын ұтымды ұйымдастыру мен оның бағасының негізсіз өсуін тежеу және инвестициялар тарту бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаластық жасалды.
Бүгінде елімізде көмір өндіретін 25-ке жуық кәсіпорын бар. Аталған өндіріс ошақтары биыл алғашқы сегіз айда 73,7 млн тонна көмір өндірсе, 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымының басынан бері коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа арналған 4,03 млн тонна қатты отын жеткізілген. Яғни өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6 пайызға артық. Көмір саласындағы компаниялардың мәліметі бойынша, отынның бұл түрінің бағасы өткен жылғы деңгейде болжанып отыр. Мәселен, қазіргі таңда ішкі нарықта көмірдің әр тоннасы 8 мың мен 21 мың 600 теңге аралығында сатылса, оның құны кен орнының қашықтығы мен көмірдің маркасына да тікелей байланысты болмақ.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «ҚазТемірТранс» АҚ вагондар желісі арқылы кен орындарынан тікелей тасымалдауды ұйымдастыруда. Бұдан бөлек, ведомство жергілікті көмір тиеу тұйықтары және облыс әкімдіктерімен бірлесіп әзірленген көмірді елден тыс жерлерге автокөлікпен шығаруға тыйым салу туралы арнайы бұйрық шығарған. Бұл шешімдегі басты мақсат – 2022-2023 жылдарындағы жылу беру маусымы кезеңінде көзделген межені орындау және елдегі көмір тапшылығын болдырмау.