Бүгінде көпшілік ата-аналар жоғарғы сыныпта оқитын баласы үшін ҰБТ-ға сапалы даярлайтын қосымша білім беру орталықтарын жиі іздейді. Өйткені мектеп бітірушілердің қосымша даярлықсыз жоғары оқу орнына грантқа түсу мүмкіндіктері жылдан жылға азайып барады. Ал өңірлерде сапалы білім беретін әрі бағасы қолжетімді репетиторлық орталық табу тіпті қиын.
Ақтөбе облысында бір жағынан орта мектеп бағдарламасын оқытып, екінші жағынан ҰБТ-ға даярлайтын репетиторлық орталықтың қажеттігі сезілетін. Аудан мектептері үшін осы мәселе тіпті өзекті күйінде қалып отыр.
Былтыр Ақтөбеде ашылған 125 High school мектебі қала мектептерінің 10-11 сыныптарынан 185 оқушыны шетелдік және қазақстандық жоғарғы оқу орындарына даярлай бастады. Осы мектептің директоры Ербол Телемисовтың айтуынша, 185 оқушының 92-сі мемлекеттік грантқа қол жеткізсе, 6 оқушы еліміздің ірі ЖОО-ның арнайы грантына ие болды. Сондай-ақ 27 түлек Түркия, Ресей, Италия, Польша, Испания, Беларусь, АҚШ жоғарғы оқу орындарына бакалавриатқа оқуға түскен. Айта кету керек, былтырғы Ақтөбе облысы бойынша ҰБТ-дан ең жоғарғы ұпай жинаған Бағдат Нарқыз – осы мектептің түлегі. Нарқыз бүгінде М.Оспанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде стоматология бөлімінде 1 курста оқиды.
«Осы оқу жылында 10-11 сыныптарда 335 оқушы оқиды, оларға 20 пән мұғалімі сабақ береді, 12 ментор жұмыс істейді. Қазақ мектебі болсақ та, шетелдік ЖОО-на дайындайтын SAT сыныбын аштық. Бұл сынып Н.Назарбаев университетіне және шетелдік университеттерге оқуға түскісі келетін оқушылар үшін ашылған. Мектебімізге 9 сыныпты бітірген оқушылар қабылданады. Оқу ақысы онша қымбат емес, орташа курстың бағасы сияқты. Жалпы білім беретін мектептерден көп айырмашылығы да жоқ. Бізде ҰБТ-ның негізгі бес пәні, физика-математика, химия-биология, дүниежүзі тарихы, ағылшын бағытында тереңдетіліп оқытылады. Менторлар баланы таңертеңгілік күтіп алып, күн ұзағына сабаққа қатысуын қадағалайды, оқушының үй жұмысын тексереді, ата-анамен байланыс жасап, әртүрлі іс-шаралар өткізеді. Бізде баланың басқа сабақтармен басы қатпайды. Түске дейін негізгі сабақтарды оқыса, түстен кейін қосымша сабақтар басталады, үй тапсырмасына дайындалады. Әр аптаның соңында пәндер бойынша апталық тест алынады, ай сайын оқушы ҰБТ-ның 140 сұрағынан байқау сынағын тапсырады», дейді 125 High school мектебінің директоры Ербол Телемисов.
Білім инвестицияға айналып келе жатқан қазіргі жағдайда баланың бастауыштан бастап білімі дұрыс қаланбаса, жоғары сыныпқа ауысқанда алдынан кедергі болып шығады.
Еліміздің жоғарғы оқу орындарына грантқа түсуге кепілдік беретін 125 High school мектеп желісі тұңғыш рет 2019 жылы Тараз қаласында ашылды. Осы мектептің негізін қалаған Әлібек Есенов тиімді білім әдістемесін жетілдірді. Басқа қалаларда да осы мектеп желілері көптеп ашыла бастады. Баланың білімді болуы ұстаздан десек те, оқушылардың сабақ үлгерімін бір деңгейде ұстап тұру оңай емес. Баланың сабаққа деген ынтасын оята білу де өте маңызды. Осы жағынан 125 High school мектебінің ерекшелігі неде деген сұрағымызға директор былай деп жауап берді: «Мектебіміздің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, пән мұғалімдері тек сабақ оқытады және қосымша сабақтарын өткізеді. Екіншіден, бізде екі мектеп психологі мен арнайы кәсіби бағдар беруші маман бар. Психолог өз бағытында жұмыс атқарады. Кәсіби бағдар беруші әр оқушының қандай мамандыққа оқуға түсуге болатынын, Қазақстанда қандай мамандыққа сұраныс бар екендігін көрсетіп, баламен кешенді түрде жұмыс жүргізеді. Олар баланың қабілетін, қай салаға бейімділігін анықтап, бағдар береді. Үшіншіден, бізде ментор қызметі бар. Менторлар оқушының үй тапсырмасын қадағалап, ата-анасымен байланыс орнатады».
Осы мектепте тақырыпты меңгеру үшін сабақтардың әр түрлі ортада өткізу тәжірибесі енгізілген. Мәселен, бірнеше күннен бері биология, тарих, математика, ағылшын тілі пәндері орталық саябақта және мектеп ауласында әртүрлі форматта өтіп жатыр. Табиғат аясында өткен сабақты бала тез ұғынады. Әр баланың қабылдауы әр түрлі, мінез ерекшелігі тағы бар. Сондықтан сабақ кезіндегі сергіту шаралары оқушының тақырыпты жақсы меңгеруі үшін қажет. Жеткіншектің өзіне деген сенімділігі жоғары болса, өмір жолында кездесетін қиыншылықтарды жеңе біледі. Түпкі нәтиже – өзіндік пікірі бар, ойын ашық айта алатын, тұлғалық жағынан қалыптасқан жақсы азамат тәрбиелеу. Еліміздегі орта білім саласында өз орнын айқындап үлгерген 125 High school мектебінің басты бағыты да осы.
Ақтөбе облысы