Табиғатынан жаны нәзік, адам баласына тек жақсылық жасап, айналасына шапағатын шашып, көпшілікке қуаныш сыйлап жүретін адамдар болады. Сондай жанның бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білгірі, ұлағатты ұстаз, ақын Жұмагүл Нәлібаева.
Мектепте 8-9 сыныптарда оқып жүрген кезімізде Талапты ауылында ақындар мектебі бар екенін, Жұмагүл есімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әр сабағында әдебиетке құштарлығы бар балаларды өлең шығаруға машықтандыратынын естіп, аудан шетіндегі ауылға қарай аңсарымыз ауып тұратын. Басқа оқушылар сыртынан қызыға қарайтын аудан орталығындағы үлкен мектепте оқысам да, «шіркін, сол мектепте оқитын оқушылардың арманы жоқ шығар» деп, сол сабаққа қатысуға құмартатынмын. Ара-тұра аудандық мәдениет сарайында өтетін дәстүрлі оқушылар айтысына қатысамыз, Көкмарданнан келетін Дина Жаргөбенова, Гүлнұр Садыбаева, Ниятолла Бөрібаев, Абай Маханов, Мұхтар Маханов сияқты қыз-жігіттердің айтысын көреміз. Жандарында жанашыр бапкері Жұмагүл апай жүреді. Сондай кезде сол құрбыларыма қызыға да, қызғана қараймын.
Менің 8 сыныпта оқып жүрген кезімде мектебімізге Күләш Ахметова есімді мұғалім келді. Бізге ағылшын тілінен сабақ берді. Өзі өлең шығаратын, шығармашылыққа жаны құмар ол білгенін үйретіп, жақын тартып әңгімелесетін. Бірде Көкмардандағы мектептен ауысып келгенін, Жұмагүл апаймен бірге жұмыс істегенін, ақындар мектебінде қандай іс-шаралар өткізілетінін, қаласам мені сол мектептегі үйірмеге алып баратынын айтты. Мен қуанып, үйдегілерден сұранып, армандап, жете алмай жүрген мектепке барып, Жұмагүл Нәлібаеваның үйірмесіне қатыстым.
Ақындық сабақтан байқағаным, оқушылар өте еркін, ойын ашық айтады, өлең шығаруға, ұйқас түрлерін ажыратуда алдарына жан салмайды. Емтихан тапсыруға барған адамдай өзімнен-өзім қысылып отырғанымды білемін. Қыстыгүні болу керек, сағат кешкі 17:00-18:00 шамасында Күләш апайымыз екеуміз автобусқа мініп, ауылымызға қайттық. Кетіп бара жатып «біздің үй неге осы ауылда болмады екен» деп қиялдағаным әлі есімде. Сонда мен үшін барлық қызық сол Көкмардан ауылында қалып бара жатқандай болып көрінген еді.
Әрине, мұның бәрі ақындық өнерге деген құштарлықтан туған сезім болса керек. Кейінірек жоғары оқу орнына түсіп, студент атанған кезімде де Жұмагүл апайдың сабағына қатысқым келіп жүретін. Бірде Бекарыс Шойбековке «Бекарыс, осы Жұмагүл апай неге жоғары оқу орнында сабақ бермейді екен. Түкпірдегі ауылда жүре бергенше үлкен қалаға келіп, үлкен аудиторияларда сабақ беретін адам ғой» дегенімде, ол: «ондай періште апайдың сол періште күйінде ауылда сабақ беріп жүре бергені де дұрыс шығар», деген еді.
Өнегелі өмір жолында талай ақын шәкірт даярлады. Әрбір оқушыны өз мамандығының шебері болуға жетеледі. Мықты маман ғана емес, жақсы азамат болуы үшін де аянбай тер төкті. Отырар ауданындағы әрбір әдеби-мәдени іс-шаралардың жанында жүзінен нұры төгілген ақжарқын апайымызды кездестіреміз. Маржан Есжанова, Айгүл Асанова, Абай Маханов, Мұхтар Маханов, Дина Жаргөбенова, Ниятолла Бөрібаев, Мейрамкүл Құрманәлиева, Серік Сейітман сияқты ұлтжанды ақын, журналист ұл-қыздардың нағыз азамат болып қалыптасуына сіңірген еңбегі айрықша.
Қазақтың айтыс өнерінің аспанында жарқ етіп жанып, жалт еткен Гүлнұр Садыбаева сынды қызғалдақ ақын қыздың есімін өшірмеу үшін де талай сауапты іс-шараларды атқарып келеді. Өзінің өскен-өнген жерінде жыл сайын еске алып, өлеңдерін жас жеткіншектерге жаттатқызып, Гүлнұр Садыбаева атындағы ақындар айтысын, жазба ақындардың мүшәйрасын ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырды.
Жұмагүл апайымыздың жүрегін жарып шыққан өлеңдерінің өзі бір төбе. Ол кісі аз болса да саз жазады, өлеңнің санына ғана емес, сапасына баса назар аударады. «Балбұлақ», «Сен аман бол, бауырым», «Сіңлілеріме», «Адуын ене», «Әкімге», «Құт мекенім – Отырар», «Біздің ауыл» деп аталатын өлеңдерін оқи отырып, әдемі бір сезімге бөленгенімізді айта кеткіміз келеді.
Ақын, ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана, бұл күнде немерелерінің әжесіне айналған Жұмагүл Нәлібаева саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұлағатты ұстаз. Жай ғана қатардағы мұғалім емес, әрбір оқушыны жеке тұлға деп қабылдайтын, талай бұлақтың көзін ашқан, бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі қызмет атқарып жүрген ел азаматтарының сүйікті тәлімгері.
Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты
ШЫМКЕНТ