• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Білім 03 Қазан, 2022

Академик-математиктің есімі берілді

595 рет
көрсетілді

Жоғары мектептің ұйымдастырушысы, танымал математик-ғалым Құлжабай Қасымовтың есімі елі үшін қашанда ыстық. Жетісу облысындағы зиялылар мен білім саласы мамандарының ұсынысын ескеріп, Талдықорғандағы №28 IT мектеп-лицейіне әйгілі академиктің есімі берілді.

Салтанатты іс-шарада Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлттық университетінің профес­соры Мұратқан Дауылбаев сөз алып, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқыды. Одан кейін көрнекті ғалым Назарбай Білиев, Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі Мұхтарбай Өтелбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов сөз алып, Құлжабай Әбдіқалықұлының мемлекетшіл перзент болғанын, өмірден өтсе де, соңында айта жүретін шежіреге айналған көп сырлары, ғажайып істері қалғанын әңгімеледі.

Өз кезегінде әйгілі математиктің жұбайы Батима Часакбай болашақ ұрпақ үшін емірене еңбек еткен асыл жан мәңгі ұмытылмайтынын сөз етіп, ұлтын шексіз сүйген азаматтың өмірінен тебіреністі естеліктер айтты. Сөз соңында мектеп атын беруге мұрындық бол­ған жандарға алғысын білдірді.

Жиын соңында Құлжабай Қасымов атын­дағы №28 IT мектеп-лицейінің маңдай­шасы салтанатты түрде ашылып, қонақтар білім ордасының ішін аралады.

Айта кетейік, Құлжабай Әбдіқалықұлы 1935 жылы 25 қырқүйекте бұрынғы Талды­қорған облысының Көксу ауданының Та­лап­ты ауылында туған. Еңбекқор жан диф­ференциалдық теңдеулер саласында мате­ма­ти­калық мектеп құрып, ұжымның ғылыми жұмысына басшылық жасаған. Сингулярлы ауытқыған теңдеулердің, асимптотикалық теорияның әйгілі маманы ретінде әлем ғалымдарына танылды. Танымал математик 3 докторлық, 50-ден астам кандидаттық диссертацияға жетекшілік еткен.

 

Жетісу облысы