Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 28 қыркүйекте 125 жыл толды. Тап осы күні Қарағанды шаһарында дара тұлғаның бюсті ашылды. Авторы – мүсінші Ербосын Бағыбаев. Мүсінші бюсті бір айға жуық уақыт жасапты.
Бюстің биіктігі тұғырымен қоса алғанда 2,5 жарым метр. Ербосын Бағыбаевтың айтуынша, бұл ұлы тұлғалардың бюстін жасаудағы бесінші туындысы. Мұның алдында Қалибек Қуанышбаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабай Шаяхметовтердің бейнесін мүсіндепті.
– Бюст жасауға ұсыныс түскенде, қуандым. Ұлы адамның мүсінін жасау мен үшін үлкен мәртебе. Оңай болды демеймін. Әсіресе жазушының көз жанарын жасау, сол арқылы болмысын таныту қажет еді. Көп іздендім, біраз фотосуреттерін зерделедім, – дейді мүсінші.
Алғашында саздан сомдалып, одан соң бетонға құйылған мүсіннің сырты қоламен боялған. Тұғыры – керамогранит.
ҚАРАҒАНДЫ