• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 04 Қазан, 2022

Ұстаздар ұлықталған күн

383 рет
көрсетілді

Ұстаздар күні мерекесінде мұғалімнің мерейін өсірген игілікті істің бірі Қарағанды облысында да жалғасты. Өңірдің білім саласына үлес қосқан бір топ ұлағатты ұстазға «Қарағанды облысы білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгісімен бірге 1 млн 225 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді. Бұл сыйлық бірнеше жылдан бері тағайындалып келеді. Биыл «Қарағанды облысы білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгісін бес ұстаз иеленді.

– Ғұмырын мұғалім маман­ды­ғына арнағандар ел ішінде қашанда абыройлы. Өйткені адам өмірде қандай жетістікке жетсе де оның тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың ор­ны ерекше. Сонымен бірге жас мұғалімдерге мамандыққа адал­дықты көрсетіп, талмай еңбек етіп келе жатқан білім саласының ардагерлеріне ризашылық білді­ре­міз. Сіз­дер­дің ерен еңбек­те­ріңіз бен мамандыққа адал­дық­та­рыңызға алғысымыз шек­сіз. Мұғалім мәртебесіне қа­тысты мемлекет тарапынан жасалған ілкімді істер аз емес. Кейінгі үш жылда мұға­лімдердің жалақысы 75 па­йызға өсті. Санатына бай­ланысты төленетін қо­сым­ша 50 пайызға дейінгі тө­лем­ді аймақта мұғалімдер қауы­мы­ның 60 пайызы алады, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ауылдық жердегі білім беру сапасы да назарда. Соңғы екі жылда облыста 126 жас маманға баспана берілді. Бұған қоса жұмысқа орналасу кезінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме қаражат беріліп келеді.

Ал «Қарағанды облы­сы­ білім беру саласының құр­метті педагогі» атан­ған­дардың әрқайсысы өңір білі­мін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұстаз санатынан, еңбек өтілдері 30 жылға жуық.

Қарағанды облысы білім беру саласының құр­мет­ті педагогі қатарында Қа­ра­ғанды қаласы №61 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дидар Төрекелдина бар. 27 жылдан бері балаларды білім нәрімен сусындатып келеді. Мұға­лімдік жолын 18 жасында бастапты.

– Мектептен кейін уни­­­­­вер­си­тет­тің филология ­фа­куль­­­тетінің сырттай бө­­ліміне түстім. Сол жылда­ры мұғалімдер тапшы еді. Уни­верситетте оқитыным туралы анықтамамен жұмысқа алған-тын. Содан бері менің өмірім балалармен тығыз бай­ланысты. Осы жылдарда 20-дан астам оқушым жүл­делі орын иеленіп, түр­лі республикалық бай­қау­­да жеңіске жетті. Бүгін­гі сыйлығымды сол оқушы­ла­ры­ма арнаймын. Бұл – біз­дің ортақ жеңісіміз. Ұстаз ең­бегінің дәлелі – шәкір­ті­нің жетістігі, – дейді Д.Төрекелдина.

Шахтинск қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицей директоры Арарат Бесмағанбетов те 26 жыл­дан бері ұстаздық деген ұлы қызметте.

– 21 жасымнан ұстаздық жолындамын. Мұғалімдік – менің саналы таңдауым. Жұмыс оңай емес, әрине. Дегенмен мұғалімдікті таң­да­ғаныма өкінген емеспін. Қазіргі таңда лицейіміздің оқушылары түрлі байқаулар мен олимпиадаларда жүлде ие­леніп жүр. Сондықтан бұл марапат – бүкіл ұжым еңбегінің нәтижесі, – дейді А.Бесмағанбетов.

Мұғалімдер марапаты мұны­мен шектелмейді. Об­лыс­тың 10 мұғалімі білім саласындағы үздік көрсетіші үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Алты педагог «Ыбырай Алтынсарин», бес мұғалім «Еңбек ардагері» және төрт педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс­бел­гі­леріне лайық деп танылды.

 

Қарағанды облысы