• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Қазан, 2022

Алматыда Паркинсон ауруына шалдыққан 28 адамға операция жасалды

254 рет
көрсетілді

Биыл ақпан айында Алматыдағы Президенттің Іс Басқармасына  қарасты клиникада Паркинсон ауруын хирургиялық емдеу орталығы ашылған еді. Осы уақыт аралығында клиникада 28 операция сәтті жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық клиникалық ауруханадағы күрделі отаны белгілі нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Шашкин бастаған білікті үш дәрігер жасайды. Ш.Шашкин ми мен жұлынға нейростимулятор имплантациялауға маманданған еліміздегі алғашқы нейрохирург.

– Алматыда тегін квота бойынша операция жасалған алғашқы адамның жасы жетпісте. Ол 8 жыл бұрын аурудың асқынған түріне шалдыққан. Қазақстан бойынша мұндай аурумен науқастанғандар саны 30 мыңға жуықтайды, көбісі егде тартқан адамдар. Дегенмен, мен өз тәжірибемде 25 жастағы науқасты да көрдім, – дейді ол.

Білікті хирург операцияның қалай жасалатынына да жалпылама тоқталып өтті. Ол үшін науқастың миына жіңішке электрод енгізіліп, бұғана сүйегінің төменгі тұсында терінің астына орнатылған нейростимуляторға қосылады. Әрине, науқас операциядан кейін құлантаза айығып кетпейді, бірақ бұлшықеті істемей қалған жандардың өмірі айтарлықтай жақсаратын көрінеді.

Айта кетейік, дүние жүзі бойынша ең алғаш биостимулятор салу операциясы 1987 жылы жасалыпты. Қазір нейростимуляция тәсілі АҚШ-та, Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде қолданылып жүр. Ол Қазақстанда тұңғыш рет 2013 жылы тәжірибеден өтті. Содан бері күрделі операция Астана мен Қарағанды қалаларында жасалып келген.