Жетісуда күнбағыс өсіру ісі қарқынды дамыған екі аудан бар, оның бірі – Сарқан болса, екіншісі – Алакөл ауданы. Екі аудан да егін егуден алдына жан салар емес. Оның үстіне шаруа иелері табысты дақыл ретінде ерекше мән беріп отыр. Бүгінде Алакөл ауданында күнбағыс егістігі 5 мың гектардан асты, дақылдың бұл түрімен 35 шаруашылық айналысады, шығымы орта есеппен гектарына – 8 центнер.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста майлы дақылдар алқабының көлемі ұлғайып келеді. Былтыр 93,8 мың гектарға себілсе, биыл бұл көрсеткіш 96,1 мың гектарға жеткен, соның ішінде күнбағыстың алқабы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 мың гектарға ұлғайды.
Күнбағыс өсіруде аудандағы «Жазылбеков және К» командиттік серіктестігінің тәжірибесі мол. Серіктестік жетекшісі Айдар Жазылбековтің айтуынша, осы дақылға биыл ғана ден қойған. Осы жылы 350 гектарға күнбағыс сеуіп, әр гектарынан 20-25 центнер жинауды жоспарлап отыр.
«Күнбағыстан жоғары өнім алу үшін оны жақсылап күтіп-баптау керек. Тұқым себерден бұрын алдымен топыраққа агротехнологиялық зерттеу жүргіздік, сосын барып тыңайтқышпен қоректендірдік. Өйткені күнбағыс құнарлы топырақта жақсы өседі. Климаттың ерекшелігін ескере отырып, «Санай», «Пионер-108», «Пионер-130» деген үш сұрыбын таңдап алдық. Шамамен 500-600 тонна өнім жинаймыз деп отырмыз. Бұл дақылды өсіргенде ауыспалы егіс талабын сақтау керек», дейді шаруашылық басшысы.
Алынған өнімнің негізгі бөлігін фермер Өскемен кәсіпорнына өңдеуге өткізбек. Ал бір бөлігін өз қажеті үшін алып қалады.
«Өзімізді, өз қызметкерлерімізді өсімдік майымен қамтамасыз ету үшін май шығаратын құрылғы алып келдік. Жиған шикізаттың 10 тоннаға жуығын алып қаламыз. Соның 4-5 тоннасы қызметкерлерге беретін май жасауға кетеді, қалған бөлігі пай иелеріне беріледі. Жалпы, 600 тоннадан 250 тонна май алуға болады. Оның күнжарасы да жерде қалмайды, мал азығына таптырмайтын қоспа жем болады», дейді ол.
А.Жазылбеков өсімдік шаруашылығымен ғана емес, мал өсірумен де айналысып отырған табысты фермер. Оны бір кезде ауыл шаруашылығына ешқандай қатысы жоқ адам еді десе сенер ме едіңіз?! Экономикалық және заңгерлік білімі бар маман ұзақ жыл Алматы қаласында тұрып, мамандығы бойынша жұмыс істеді, кейін туған жеріне оралып, мұнда өзіне мүлдем бейтаныс салада бақ сынап көруге бел байлады. 1991 жылдан бастап фермер аралас егіншілікпен айналысады. Ол жаздық дақылдар, күздік бидай мен күнбағыс себеді, сиыр, жылқы, қой өсіреді және бұл жағынан кәнігі мамандардан еш кем түспейді, қажет десеңіз дақыл өсірудің ерекшеліктері мен құпиялары туралы да айтып бере алады.
«Жақсы табысқа жету үшін ең алдымен топырақ дұрыс өңделуі керек. Біз бұл жағынан швед техникасын қолданамыз. Бұл топырақты күздік егіске, жалпы қысқа жақсылап дайындауға мүмкіндік береді. Қараңызшы, қатарлары қандай түп-түзу, учаскенің бірде-бір сантиметрі қалмай ұқыпты өңделген, кесек көрмейсіз», дейді А.Жазылбеков.
Қазір шаруашылықтағы егіс алқаптарының жалпы ауданы – 4300 гектар, 25 бірлік арнайы техникасы бар, оның ішінде заманауи озық үлгідегілері де жетерлік. Шаруашылықта маусымдық кезеңде 150 адам жұмыс істейді, олардың түгелге дерлігі жергілікті тұрғындар. Командиттік серіктестікте 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер бар. Солардың ішінде тәжірибелі механизаторлар Александр Божков, Бауыржан Барақбаев, Андрей және Владимир Серыхтарды атауға болады. Олардың қай-қайсысы да комбайнның да, трактордың да тілін біледі, бір маусымда екі жұмыстың тізгінін ұстайды. Табыстары 430 мың теңгеге жуықтайды. Жалпы, мұндағы орташа жалақы – 200-250 мың теңге.
«Фермерлер үшін мемлекет қолдауы әрқашан демеу. Әсіресе минералды тыңайтқыштардың, гербицидтердің, жанар-жағармайдың бағасы айтарлықтай өскен бүгінгі жағдайда мұндай қолдаудың маңызы тіпті арта түседі. Тыңайтқыштарға, ауыл шаруашылығы техникасына, күнбағыс тұқымына субсидия аламыз, жеңілдік бағамен сұйық отын аламыз. Күзде тапшылық туа бастағанда шаруашылықтар барымызбен алмасып, ауыс-түйіс жасап жатамыз, кейін мемлекет көмегі берілгенде орнын толтырамыз», дейді «Жазылбеков және К» серіктестігінің басшысы.
Жалпы, фермердің күнбағыс өсіруге қатысты жоспары көп. Келесі жылы күнбағыс 700 гектар алқапқа себілмек. Қазір алқапта жұмыс қызу жүріп жатыр. Өйткені күнбағыстың сабағы күнге әбден кеуіп, қурап, дәнін көтере алмай гүлдері жерге еңкейгенде нағыз жиын-терім науқаны туды деген сөз.
Жетісу облысы,
Алакөл ауданы