Басты байлық – денсаулық. Көп жағдайда оның қадірін кеш ұғынамыз. Дерт асқынса ғана дәрігерге жүгіну – әдетіміз. «Ауылдың аты ауыл ғой» деп, көбіне қалада емделгісі келетіндер қаншама. Ал қалтасы қалың отандастар шетелге шығып ем қабылдап келеді. Расында ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің жай-күйі көп жағдайда жұрт көңілін көншіте бермейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жіті мән берді. Басты байлық – денсаулық. Көп жағдайда оның қадірін кеш ұғынамыз. Дерт асқынса ғана дәрігерге жүгіну – әдетіміз. «Ауылдың аты ауыл ғой» деп, көбіне қалада емделгісі келетіндер қаншама. Ал қалтасы қалың отандастар шетелге шығып ем қабылдап келеді. Расында ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің жай-күйі көп жағдайда жұрт көңілін көншіте бермейді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жіті мән берді.
Еліміздегі 650 елді мекен емдеу мекемесін қажет ететіндігі, ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілетіндігі, ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналуы керектігі, қысқасы, жалпы медицина саласын барынша дамыту қажеттігі Президент Жолдауында жан-жақты қаузалды.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру екі жыл ішінде Мемлекет басшысы айтқандай, 650 елді мекенді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, 32 көпбейінді аудандық аурухана ұйымдастырылатынын алға тартты. Иә, халқымыздың 41% немесе 7 млн 700 мыңнан астамы тұратын ауылдық елді мекендер үшін бұл жағымды жаңалық болғаны анық.
Мәселен, Абай облысы Үржар ауданы бойынша 1946, 1958 жылдары салынған ғимараттардың тоз-тозы шығып, апатты жағдайда болуына байланысты Некрасовка фельдшерлік-акушерлік бөлімшесіне, Батпақты, Благодатное, Ер Қабанбай, Бургон, Қарабұйрат, Лайбұлақ медициналық бөлімшелері мен Жоғарғы Егінсу дәрігерлік амбулаториясына Денсаулық сақтау министрлігінің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңадан ғимарат тұрғызу жобасы жоспарланды. Ал 1975 жылы салынған жалғыз Қаратұма ауылдық амбулаториясында бүгінде құрылыс жұмыстары басталып та кеткен.
– Біздің ауданымызда емдеу мекемесінсіз қалған елді мекендер жоқ деуге болады. Керісінше заманға сай жаңарған, көпсалалы орталық аудандық аурухана статусына ие мекеме әрі сапалы телемедицина қызметі жүйелі жұмыс істейді. Аудандық аурухананың бірінші қабатына кардиологиялық, инсульттік орталық құру жоспарланса, болашақта стационарлық көмектің де деңгейі жетілдірілмек. Жалпы дәрігер саны – 97. Кадр тапшылығы бала күтімі демалысындағы дәрігерлердің орнында ғана, яғни 3 бірлікті құрайды. Ауданға қарасты 39 елді мекендегі жағдай талапқа сай, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Б.Абылқасымов.
Ал кадр тапшылығына келсек, бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша маман жетіспеушілігі 321 бірлікті құраса, 1 млн-нан аса адам тұратын Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, медициналық кадрлардың тапшылығы 76 бірлікті құрайды. Шымкент қаласы медициналық кадрларды даярлауға «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру аясында тапшы мамандықтар бойынша резидентурада республикалық бюджетке сұраныс беріп, оның қазіргі таңда 87-сі бекітілді. Бұл мәселе жөнінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова: «Алдағы уақытта «Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы» АҚ «Акушерлік және гинекология» мамандығына – 15 маман, «Неонатология» – 12, «Аллергология және иммунология» – 1, «Анестезиология және реаниматология» – 5, «Гематология» – 4, «Балалар хирургиясы» – 5, «Инфекциялық аурулар» – 2, «Кардиология» – 2, «Неврология» – 3, «Нейрохирургия» – 3, «Нефрология» – 1, «Онкология» – 6, «Оториноларингология» – 2, «Педиатрия» – 6, «Пульмонология» – 1, «Радиология» – 5, «Ревматология» – 2, «Отбасылық медицина» – 5, «Терапия» – 1, «Травмотология және ортопедия» – 2, «Физикалық медицина және реабилитация» – 3, «Эндокринология» саласында 1 маманның қажеттілігі бойынша дәрігерлерді резидентурада даярлайды. Мұнда оқуға қабылданған резиденттер медицина кадрларының тапшылығын жабуға жіберіледі. 2022 жылдың екінші жартысында жергілікті бюджет есебінен АҚШ және Литва мемлекеттеріне акушерлік көмек бойынша дәрігерлер мен орта медицина мамандарын оқыту жоспарлануда», дейді.
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының көпсалалы ауданаралық ауруханасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңіріне мүше 53 мемлекет үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік тәжірибесінің әлемдегі алғашқы демонстрациялық алаңы ашылғаны да қуанышты жаңалық болды. Кадр мәселесін шешуде мұндай тәжірибе алмасулардың маңызы қашанда жоғары. Бірақ қалалық жерлерде ғана емес, аудан елді мекендердегі кадр мәселесін, сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да бірте-бірте оң шешімін тапқаны дұрыс.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен медициналық мамандықтар бойынша білім алған жастарға үш жыл міндетті жұмыс мерзімін өтеу туралы 2019 жылы күшіне енген норма бойынша, 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленетіндігі және 1 500 АЕК мөлшерінде баспаналы болуға бөлінетін бюджеттік кредиттің өзі де әжептәуір көмек. Сонымен қатар ауылдық жерге, аудандық немесе облыстық маңызы бар қалаларға жолдамамен жіберілетін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне жергілікті атқарушы органның бюджеті есебінен берілетін үй мәселесі де істің ілгері жүруіне зор септігін тигізеді.
Ал шұғыл медициналық көмекті, яғни телемедициналық қызметтер арқылы арнаулы және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын жаңа көпбейінді орталықтарды аудандық ауруханаларда ашу – заман талабы. Медициналық құрал-жабдықтар 2019-2022 жылдары 14,6 млрд теңгеге сатып алынса, 2023 жылға 3,5 млрд теңгеге сатып алу көзделуде.
Денсаулық саласының басты көрсеткіші ретінде талапқа сай медициналық құрал жабдықтардың және білікті, тәжірибелі дәрігерлердің жеткілікті болуы аса маңызды. Ал мұндай жағдай ауылдық жерлерде де қолға алынып, мықтап жолға қойылуға тиіс.