• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қазан, 2022

Қазақстандағы әлеуметтік реформа шығысеуропалықтардың қызығушылығын туғызды

624 рет
көрсетілді

Кеше Прага қаласында «Қазіргі Қазақстанның әлеуметтік реформалары және Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесі» тақырыбында ірі халықаралық конференция өтті. Конференция Қазақстанның Чех Республикасындағы елшілігінің бастамасымен өткізілді. Оған Шығыс Еуропаның төрт елінен – Мажарстан, Польша, Словакия және Чехиядан 20-дан астам жоғары білікті сарапшы қатысты.

Конференция барысында Қазақ­стан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақ­стан халқына Жолдауы талқыланды. Мұндай ауқымды талқылаудың мақсаты, бір жағынан, еуропалықтарды Қазақ­стандағы әлеуметтік реформалармен таныстыруға, екінші жағынан, еуро­палық елдердің әлеу­меттік саясатының тәжі­рибесін елімізде пайдалану мүм­кіндігіне бағытталды.

Алқалы жиынды Қазақстан Респуб­ликасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Р.Ю.Василенко ашып, кон­ференцияға қатысушыларды 2022 жыл­ғы 1 қыркүйекте Қазақстан Прези­денті Қ.К.Тоқаев жариялаған «Әді­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­келі қоғам» Жол­дауымен таныстырды.

Министрдің орынбасары өз сөзінде еліміздегі экономикалық және саяси реформалардың барысына назар аударып, әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары­на тоқталды. Ол соңғы конституциялық реформаның, соның ішінде кезектен тыс президент сайлауына байланысты жаңалықтар туралы баяндады. Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру сала­сындағы әлеуметтік саясаттың еуро­палық модельдерін қолданудың маңыз­дылығын да атап өтті.

Қазақстан Республикасының Чех Респуб­ликасындағы Төтенше және Өкілет­ті Елшісі М.М.Тәжин өз сөзінде соңғы жылдары Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев әлеуметтік саясаттың жаңа бағыт­тарын қалыптастырып келе жатқанын атап өтті.

Дәл осы әлеуметтік стандарттар, халық­тың өмір сүру деңгейі мен сапасы елдегі экономикалық және саяси ре­фор­малар тиімділігінің басты кри­те­рийіне айналып келеді. Қазақстан­ның стратегиялық қоғамдық тұрақтылы­ғының негізі әлеуметтік әділеттілік қағи­даттарымен тікелей байланысты. Сонымен қатар Шығыс Еуропа елдері­нің тәжірибесі Қазақстан үшін екі себеп бойынша пайдалы болуы мүмкін.

Біріншіден, әлеуметтік саясат реформалары тұжырымдамалық тұрғыдан бір-біріне өте жақын – бәріміз социализмнің кеңестік түріне сүйендік.

Екіншіден, Шығыс Еуропа елдері әлеуметтік мемлекет эволюциясының елеулі жолынан өтті, сондықтан Шығыс Еуропа елдерінің тәжірибесі Қазақстан үшін кем дегенде екі өлшемде қызықты.

Біріншісі – еңбек қатынастарын реттеу, жұмыспен қамту саясаты және жұмыс­сыздыққа қарсы күрес, Денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы нақты өзгерістер, сондай-ақ кедейлік, экология және әлеуметтік инклюзия проблемалары.

Екіншісі – ХХІ ғасырдың үшінші он­жыл­дығындағы қазіргі Еуропадағы әлеу­мет­тік мемлекет алдындағы жаңа сын-қатер­лер, біртұтас еуропалық әлеуметтік үлгіні қалыптастырудың прак­тикалық тәсілдері, Шығыс Еуропа қоғамдарының әлеуметтік құры­лымындағы өзгеріс және әлеу­меттік сая­саттың жаңа парадиг­масы­ның қажет­тілігі, жеке партиялардың әлеу­меттік бағдарламалары айналасын­дағы саяси қақтығыстардың ұлттық кон­текстері, жаһандану мен ішкі әлеу­меттік саясаттың қарама-қайшылықтары.

Орталық Азия және Кавказ институ­тының директоры, «Жібек жолы» зерттеу бағдарламасының жетекшісі, швед ғалымы Корнелл Сванте Қазақстандағы денсаулық сақтау, білім беру саласын­дағы әлеуметтік реформалардың табысы мемлекеттік басқару жүйесінің табысты дамуына, сондай-ақ қаржы институт­тарының сенімді жұмыс істеуіне байланысты екенін атап өтті. Бүгінде Қазақ­станда бірқатар маңызды мәселелер шешімін тапты, яғни жұмыссыздарды, мүге­дектерді мем­лекеттік қорғаудың сенім­ді жүйесі, сон­дай-ақ тұрақты зей­нетақы жүйесі құрылды.

Конференцияда Польшаның Азия­лық және жаһандық зерттеулер инсти­тутының профессоры М.Собаньск-Цвалина Қазақ­стан Президенті Жол­дауының негізгі ережелеріне тоқталды. Профессор ауыл­дық аумақтарды, инфра­құрылымды дамыту­дың, білім беру мен денсаулық сақтауға тең қол жетім­ділікті қамтамасыз етудің маңыз­дылығын атап өтті.

Сауда және халықаралық қатынастар институтының профессоры Ласло Ваша өз сөзінде Еуропалық Одақ елдерінде қабылданған көп функционалды ауыл шаруашылығын дамыту моделіне назар аударды, онда ауыл шаруашылығы ауылдық жерлерде экологиялық және әлеуметтік-мәдени құндылықтарды сақтауда маңызды рөл атқарады. Ғалым мұндай модельдің Қазақстанда да бейімделуі мүмкін екен­дігіне тоқталды.

Венгрия Ғылым академиясы Эконо­ми­ка институтының профессоры Яноша Келле халықты жұмыспен қамту сая­саты туралы айта келіп, ең төменгі жала­қы құралын пайдалануда абай болуға шақыр­ды, егер оны шамадан тыс пайдалану баға­ның тұрақсыздығына және бюджеттің айтар­лықтай шығынға әкелетініне әсер етуі мүмкін.

Прага экономика және бизнес универ­ситетінің профессорлары Ян Мертл ден­сау­­лық сақтауды қаржыландыру көзі ре­тінде арнайы салық немесе салық став­ка­сы­ның бір бөлігін енгізуді ұсынды. Ден­сау­лық сақтауды қаржыландыруды ұйым­дас­тыру кезінде жұмыс істеуге тиіс ресурстар құрылымының авторлық моделі ұсынылды.

Бойм атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институтының басқарма мүшесі, профессоры Кшиштоф Залевски өзін-өзі басқаруды реформалаудағы Польшаның тәжірибесі туралы айтып берді. Ол аймақтық және жергілікті деңгейде қаржылық жоспарлауды бұзуы мүмкін жедел салық реформаларын жүргізуден сақтандырды.

Словакия экономикалық универси­тетінің профессоры Петр Драбик эконо­мика­лық тәжірибені білім берудің барлық дең­гейлерінде оқыту процесі­не тарту прин­ципін іске асыруды ұсын­ды. Мұны прак­тиктерді оқытудың инновациялық нысан­дары (жобалық оқыту, тәлімгерлік, коу­чинг және т.б.) арқылы білім беру проце­сіне тарту арқылы жүзеге асыруға болады.

Қаржы және басқару универси­теті­нің профессоры Лея Мелникова білім беру және денсаулық сақтау сала­сындағы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін цифрлық платформаны дамытудың өзекті мәселелерін көтерді. Сондай-ақ адамның конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету және оның мемлекеттік басқаруға толық қатысуы мақсатында ақпарат алуға тең қол жеткізуге цифрландыруды арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Венгрия Ғылым академиясы Эконо­мика институтының профессоры Андраш Шимонович халықтың қартаюы мемлекетке зейнетақы ауыртпалығын арттыруды көздейтінін және бұл жерде әлеуметтік жарналар мөлшерлемесі­нің мөлшерін және зейнеткерлік жас деңгейін айқындау бойынша уақтылы саяси шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

Прага Метрополитен университетінің профессоры Мартина Варкочкова Чех білім беру жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығындағы бірқатар маңызды мәселені атап өтті, ол сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар студенттерге бағытталған және олар үшін жақсы жабдықталған мамандандырылған мектептер, мектепке дейінгі және орта оқу орындарына арналған мекемелер ұсынады.

Экономикалық және аймақтық зерттеулер орталығы Экономика институтының профессоры Юлия Варга ханым мұғалім мамандығының тартымдылығы бірнеше факторға байланысты екенін атап өтті: мансаптық өсудің балама мүмкіндіктері; еңбек жағдайлары; мемлекеттік білім беру аясында зияткерлік жұмыспен айналысу мүмкіндігі. Ол мұғалімнің лайық­ты жалақысы оқушылардың жақсы үлгерімімен байланысты болуы керек екендігін айтты. Сондай-ақ білім беру саласын қаржыландыру көлемі мен оқушылардың білім нәтижелеріне тікелей сәйкес келмеу заңдылығын атап өтті.

Қаржы және басқару университеті­нің профессоры Радим Валенчик соңғы жылдары Чехия толық емес жұмыс күні жұмыс істей алатын көптеген білікті мамандардан айырылғанын және зейнеткерлік жастағылардың басым көпшілігі жұмыстан немесе бизнестен кететінін атап өтті. «Біз бұл жолмен жүрмеуді ұсынамыз, әрине, бұл ретте елдегі зейнетақы жасын көтер­меу керек, бұл проблемаларды шешпейді. Адамдарға, егер олар физикалық және ақыл-ой жағынан дайын болса, олар тіпті зейнет жасында да жұмыс істеуді жалғастыруға тиіс екенін және мемлекет бұл істе тек пайдасын тигізеді деп есептеп, ынталандыру жолымен жүруді ұсынамын» – деп ұсынды баяндамашы.

Конференцияда сөз сөйлеген Польша президентінің кеңесшісі Марек Рымша баяндағанындай, әлеуметтік қызметтер бүкіл халыққа қолжетімді болуы керек, оларды пайдалану әлеумет­тік тоқырауға әкелмеуге тиіс. Қыз­мет­терге қолжетімділік – қазіргі заман­ғы мемлекеттің қажетті шарты. Өңір­лерге, шалғай елді мекендерге сапалы әлеуметтік қызмет көрсету де маңызды міндет. Польшаның тәжіри­бесі көрсетіп отырғандай, жергілік­ті әкімшілік тарапынан мемлекеттік емес құрылымдарға, әсіресе коммерция­лық емес ұйымдарға әлеуметтік қызмет­тер көрсету мүмкіндігін пайдаланған жөн. Сонымен қатар қызмет көрсету­шілердің көптігі ұсынылатын қызмет­терді әртараптандыруға және нақты қажеттіліктерге жауап беретін қызметтер пакетін құру мүмкіндіктерін кеңейтуге әкеледі.

Осылайша, Қазақстандағы әлеуметтік реформаларға және еуропалық тәжіри­бені пайдалану мүмкіндіктеріне арнал­ған алғашқы конференция диалог алаң­дарының өте өзекті екенін және еуро­палық сарапшылар тобы үшін Қазақ­стандағы әлеуметтік реформалар туралы түсінік беретінін көрсетті. Прага бастамасы Еуропалық Одақтың барлық аймақтарында жалғасады.