Кеше Астанадағы «Қазпошта» акционерлік қоғамы дәстүрлі «Баспасөзге жазылушылар күнін» ұйымдастырып, үміттерін үкілеген үш тараптың басын қосты. Атап айтқанда, қазпошталықтар мен газет-журнал өкілдері һәм жазылушы оқырман арасында қоян-қолтық қарым-қатынас орнады.
«Жылқы кісінескенше, кісі сөйлескенше» дегендей, жазарман мен оқырманды дәнекерлеуші қазпошталықтар екі ортадағы алтын көпір рөлін атқарды. Жазылушы жұртпен кездесуге келген республикалық басылымдардың жетекшілері өзекжарды ойларын ортаға салды. Әуелгі құттықтау сөзді «Қазпоштаның» Астана филиалы директорының орынбасары Әсел Сыздықова сөйледі.
Мерекелік іс-шараға көптеген республикалық газет-журнал өкілдері қатысып, жазылушыларға тарту-таралғыларын ұсынды. Республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті де жаздырып алушыларын құттықтап, сый-сияпаттарын ұсынды. Белсенді оқырмандарына «Egemen Qazaqstan» кітапханасы» сериясымен шыққан кітаптарын сыйлады.
Мерекелік шараға «Казахстанская правда», «Айқын», «Түркістан», «Астана ақшамы» республикалық газеттерімен бірге қалалық «Жаңа бастау» басылымы, «Мәдени мұра», National Geografic, тағы басқа журналдар қатысты.
«Бүгінгі ортақ мереке құтты болсын. Баспасөзге жазылу науқаны басталды. Аламанға ат қосқан әр адамның ойында бір-ақ нәрсе тұрады. Ол – бәйгелі болу. Сондықтан осынау рухани марафонда бәріміздің де айымыз оңынан туып, асығымыз алшысынан түссін. Жазарларыңыз көбейіп, оны оқитын көзі қарақты оқырманымыз одан да көп болсын. Біздің газетімізді таратып, апаратын жеріне уақытында жеткізіп жүрген «Қазпошта» қызметкерлеріне басшылықтың сый-сияпаты бар еді», деп сөз ұштаған «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан аталған мекеменің бірнеше қызметкеріне Алғысхат пен сыйлықтар табыстады.
Бұдан кейін де бірнеше газет өкілдері сөз алып, өз өнімдерін таратушылар мен жазылушы жұртпен пікір бөлісті. Қазпошталықтар мен жазылушыларына алғыстарын білдіріп, арнайы сыйлықтарын ұсынды.