• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қазан, 2022

«Ерім дейтін ел болмаса...»

824 рет
көрсетілді

Бүгінгі көптеген жасымыздың бо­йын­да өз Отанына деген ыстық сезімнен гөрі қарны тоятын, қалтасын толтыруға мүм­кін­дік мол елдерге ынта-ықыласы басым болып жүргенін іштей сезесің. Міне, осы жайт біздің ұрпақты отаншылдыққа тәр­бие­­леу бағытындағы шаралардың жөнді нә­тиже бермей отырғанын көрсетеді. Бұл жайт өз кезегінде уақыт талабына сай жаңа көз­қарас, тың байлам, терең пайым керек еке­нін айқындайды.

Біз әлі күнге дейін ескі сүрлеумен жүріп келеміз. «Құрғақ қасық ауыз жыртатынын» біліп тұрсақ та, білмейтіндей болып, өзімізді алдаусыратып әуреміз. Бұл жағдай бізді көбік сөзге, даурықпа ұранға жүгіндіріп, бос далақтатып отыр. Ұрпақты кәмпитін алып қалып, оның жылтырақ қағазымен алдай салғымыз келеді. Кешіріңіз, бұлай болмайды. Мұндай аяр айла-тәсілдің күні кешегі кеңес одағымен бірге батқан, талқаны таусылған. Жарқын болашаққа жалаң сөзбен сендіруге тыраштану, отаншылдық сезімді шет-шегі жоқ қызыл сөзбен сіңіру үшін қызылкеңірдек болу тәсілі дұрыс нәтиже бермейді.

Біз жастарды отаншылдыққа ұлттық рухани құндылықтар арқылы баулыған болып, оны өскелең ұрпақ қабылдады ма, жоқ па, оған мән берместен, олардың мемлекеттің қауіп­сіздігіне, тәуелсіздігіне алаңдайтын, ел болашағы үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін азамат болып өсетініне бек сенімді секілдіміз. Осы орайда үлкен бір істі тындырып тастағандай аяғымызды алшаң басып алаңсызбыз. Бұл еңбегіміздің жемісі қандай болатынына қызығушылығымыздың төмендігін көрсетсе керек. Қателіктің өзі осындай жауапсыздықтан туындайды.

Мемлекет тарапынан жастарды қол­дап, жағдай жасауға, олардың бойында отан­шыл­дық рухты қалыптастырып, тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлу мәселесі жиі көтеріледі. Дұрыс-ақ. Бірақ осы мәселенің шешімін түрлі іс-шаралар ұйымдастыру, даурықпа, даңғаза жиын­дар өткізуден ғана іздейміз. Өзге ештеңеге бас ауырт­паймыз. Нағыз ша­ра­сыздық не көз­бояу­шы­лық. Одан басқа түк те емес. Бұл жастардың көңілін көншіте ме, жанын жадырата ма?.. Жоқ. Сол көк туды желбіретіп тұрып жалынды сөздер, мадақ-мақтаулар айтылған іс-шаралар үйсізге үй, күйсізге күй, жұмыссызға жұмыс бола ма? Мұндай іс-шаралар жастарды жігерлендірмек түгілі, қанын қарайтып, ызасын келтіреді емес пе?

Бір өкініштісі сол, жастарды қолдау, ұрпақ тәрбиелеу ісіне қатысты сөз қозғалғанда мә­се­ленің экономикалық, әлеуметтік берік не­гіз­дері, айқын қадамдары қозғалмай қалады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» деген аталы да, азаматтық сөзін білсек те, соған сәйкес амал жасай алмай отырғанымыз қынжылтады. А.Байтұр­сын­ұлы­ның бұл атақты сөзінің астарында нағыз отаншылдыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеудің негізі жастардың болашақтарын өз елімен байланыстыруы үшін жағдай жасау, ынталандыру, мемлекетінің шынайы қамқорлығын сезіндіріп өсіру қажеттігінде жатқаны түсінікті ғой.

Бүгінде жастарды қолдаудың көзге көрініп тұрған жалғыз ауқымды жобасы – ҰБТ ар­қы­лы жоғары оқу орындарында білім алу үшін мемлекеттік гранттар беру. Мұның өзі де түбе­гей­лі жемісін беретін игілік емес. Өйткені грант көмегімен мамандық меңгерген жастардың басым бөлігі лайықты жалақысы бар жұмысқа орналаса алмай, күнкөрістің ың­ғайымен басқа салаға, тіпті өзге елге қара жұмыс істеуге кетіп жатады. Демек, ҰБТ-ның өзі ЖОО қабыр­ға­сы­нан кейін көп түлекке саясын түсіре алмай қалады. Бұдан біз ҰБТ-ның ауқымды мақсатты көздеген жоба еместігін көреміз. Ал жастарға арналған түрлі басқа бағдарламалар жалпыға бірдей игілік көрсете алмайтын әлсіз жобалар. Мұн­­дай бағдарламалардың қызығын талайлар сы­байластықтың кедергісінен амалдап өтіп, бюро­кратизмнің бодандығынан зорға құ­тылып барып көреді.

Билікке деген сенімі аз, ел тізгіні сеніп тапсырылғандар жемқорлыққа былыққан жерде ұрпақ тәрбиесі қандай әдіске салсаң да өрге баспайды. Тәрбиеленуші дұрыс болуы үшін тәрбие беруді ұйымдастырушы тарап оңды, үлгілі болуы керек. Сөзі мен ісі қабыспайтындар кімге бедел, кімге үлгі болмақ?

Құлқынынан өзгені ойламайтын құры­ғы ұзындар артықшылықтарға ие болып, қа­рапайым жұрт бітпейтін жалған уәде­лер­ге алдануы жалғаса берсе, жас ұрпақ үміт­сіз­дік­ке салынып, болашағын бөгде жақтар­дан іздеуге мәжбүр болса, онда мұндай қо­ғам­да отаншылдық, патриотизм жөнінде сөз қоз­ғау­дың қандай мәні бар? Әрбір жастың өз мем­лекетінің қайталанбас тұлғасы, тірегі ретінде сезінуіне мүмкіндік берілгенде ғана отан­шылдық, патриоттық тәрбие жемісін береді. Әйтпесе, басқасы бос әурешілік.