Бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзгерістер қоғамды дамыту, ақпарат алмасу, мәдени байланыстарды кеңейту, бәсекелестік, адами капиталға көңіл бөлу сияқты бірқатар факторды қамтиды.
«Өзгерістер кезеңінде әлемде тең дәрежеде білім беруді ілгерілету» атты ICBCB ХХ халықаралық конференциясында сарапшылар осы тақырыптарға мән бере отырып, сапалы білім берудегі әдіс-тәсілдерді талқылады. Ұлыбритания, Үндістан, Тайланд, Қырғызстан, Ресей сарапшылары қатысқан ғылыми іс-шарада қазақстандық ғалымдар білім берудегі тәжірибелерімен бөлісті.
Жиын барысында Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ректоры Әлімжан Бекежанұлы жаһандану дәуірінде тұтас білім беру жүйесіне негізделген құндылықтарды және түрлі мәдениет ынтымақтастығы, қарым-қатынасты дәріптеу мәселесіне тоқталды. Осы орайда халықаралық байланыс алаңын құрудың маңыздылығын атап өткен ректор мұндай алаң білім саласындағы өзекті мәселелерге орай пікір алмасып, оңтайлы шешімін табуға ықпал ететінін жеткізді. Ал жиын барысында сарапшылар ұсынған зерттеулердің білім беру үрдісінде ескерілгені абзал.
Білім саласындағы өзекті мәселелерді арқау еткен жиында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов балалардың тең дәрежеде сапалы білім алуына мән беру қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Сарапшылардың осы тақырыптағы зерттеулері оның нақты шешу жолдарын тауып, механизмін ұсынуы қажет.
Халықаралық ғылыми конференцияда білім беру жүйесін жақсартуға арналған тың пікірлер айтылды. Осы орайда білім беру саласындағы тәуелсіз зерттеуші, әлемде «қабырғадағы саңылау» тәжірибесімен танымал болған, ізденістері миллиондаған үндістандықты, соның ішінде әлемдегі тұрмысы төмен балаларды оқыту мен дамытуға септігін тигізген Сугата Митра өз тәжірибесімен бөлісті. Үндістандық ғалымның пікіріне ден қойсақ, білім саласындағы емтихан жүйесі дұрыс емес. Өйткені пандемия кезінде адамдардың өз бетінше білім ала алмауының салдарынан білім сапасы төмендеді. Оған әлемдегі білім жүйесіндегі емтихан алудың дұрыс болмауы әсер етті.
NIIT университетінің профессоры Сугата Митра тұрмыс жағдайы төмен, компьютер көрмеген балаларға Калкаджиде, Делиде эксперимент жасап, лашықтардың ішіне компьютер орналастырып, балаларға оны еш қадағалаусыз, еркін пайдалануға рұқсат еткен. Ғалымның бұл тәжірибесі балалардың компьютерді өте оңай меңгеретіндігін дәлелдеуге бағытталған.
«Бұл зерттеуді минималды инвазивті білім (MIE) деп атадым. Экспериментті бірнеше рет өткізіп, Үндістанның ауылдық жерлеріне 23 дүңгіршек орналастырдым. 2004 жылы ол Камбоджада өтіп, 20 балаға 5 компьютер берілді. Тәжірибе барысында олардың топтық жұмысқа бейімділігі, коммуникациялық дағдыларды қалыптастыруы басты назарда тұрды. Нәтижесінде, балалар ересектердің қадағалауынсыз өз білімі мен ресурстарын біріктіре алатынын, компьютер мен интернет берсе, тіпті ағылшын тілін білмегеніне қарамастан, оны пайдалануды өз бетінше үйрене алатынын көрсетті», дейді Сугата Митра.
Ең маңыздысы – білімге деген құштарлық, ізденіс. Балаға қойылған сұраққа ешкім жауап бермесе, ол ғаламтордан іздейді, сол арқылы оның бойында қажетті дағдылар қалыптасады, ашылады. Олар ғаламтордан тапқан жауаптарымен бөліседі. Сондықтан балаларға жауабын айту арқылы емес, сұрақ қою арқылы білім беруіміз керек.
Ғылыми конференцияда Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай үндістандық профессордың емтихан туралы ойына пікірін білдіре келіп, «Әр әлде емтихан жүйесі әртүрлі және арнайы бағалау өлшемдері бар. Көп жағдайда жылдам әрі ыңғайлы болғандықтан, тестілеу жүйесі қолданылады. Бірақ өкінішке қарай, білім беру жағынан, дағдыларды қалыптастыру тұрғысынан ақаулар өте көп. Сол бағытта қазіргі таңда елімізде бірқатар өзгеріс орын алатын болады. Оның ішінде ҰБТ, басқа да маңызды бағалау жүйелері бар. Алдымен, емтихандарда сыни ойлау бар ма, осы уақытқа дейін алған білімінің аясында жүйелі түрде талдау жұмысын ұсына ала ма, соны бағалау маңызды. Бұл, әрине, ұзақ уақытты талап ететіні сөзсіз. Дегенмен бастама бар. Биыл университеттегі науқанды «Сапалы бағалау жылы» деп атадық. Қазір бағалау жүйесін қайта қарастырудамыз. Осы орайда Сугата Митраның пікірімен келісемін» деді. Әлемде бағалау жүйесі үнемі даму үстінде болуы керек. Ал баланың алған білімін бағалау үшін гаджеттерді пайдалану нақты шешім емес.
Жиын барысында, сонымен бірге КИМЭП профессоры Жұлдыз Смағұлова, Назарбаев университетінің профессоры Дуйшон Шаматов, тағы басқа да сарапшылар сапалы білім беру мен әлемдік өзгерістер туралы пікірлерімен бөлісті.
АЛМАТЫ