Елордада «Аmanat» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтіп, аманаттықтар кезектен тыс Президент сайлауына өз үміткерін – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Партия мүшелері Қазақстан Президентінің соңғы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде атқарған жүйелі жұмысын атап өтіп, алдағы уақытта да реформаларды нәтижелі жүзеге асыратынына сенім білдірді.
Партия төрағасы Ерлан Қошанов алқалы құрылтайдың маңызы да, мақсаты да, саяси салмағы да айрықша екенін айтты.
– Өздеріңізге мәлім, қазір күллі әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде. Ал Қазақстан – алып Жер шарының бір бөлшегі ғана. Кейінгі жылдар еліміз үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен еліміз сындарлы саясат, батыл қадамдар арқылы қоғамның бірлігін, халқымыздың татулығы мен тұтастығын сақтаудың үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі Жалпыхалықтық референдум мен Конституциялық өзгерістерден кейін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды. Заманның ағымына сай партияның аты ғана емес, заты да өзгерді. Тұғырнамасы түбегейлі қайта жазылып шықты. Қатарымыз қоғамда айрықша орны бар мемлекетшіл азаматтармен толықты. Әсіресе жігерлі жастардың партия жұмысына белсене араласуы көңіл қуантады. Бұл жастардың ел алдындағы жауапкершілігін, ертеңге деген сенімін көрсетеді. Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. «Ер жолдасы – тәуекел!» деген сөз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғалы бері тәуекел мен сынақтар аз болған жоқ. Қос өкпеден қысқан пандемия, айтып келмейтін түрлі табиғи апаттар, алыс-жақында болып жатқан қақтығыстар халықты алаңдатумен болды. Осы сындардың бәрін Мемлекет басшысы халқымен бірге көрді, бел ортасында болды, қиындықтың бәрін тойтарып, елін алға бастап келеді. Жыл басындағы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі болды. Бұл мемлекеттің іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтуға бағытталған теріс пиғылды күштердің қасақана әрекеті еді. Сол ауыр сәттерде Президентіміз бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміздің болашағы үшін шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдады. Көк байрағымызды құлатпай, өз тұғырында сақтап қалды.
Бүгінгі реформалардың басты мақсаты – әділеттілік, теңдік, бірлік принциптерін орнықтыру. Біз өткенге кері қайтпауымыз керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуға тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан Президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!
Алдағы 20 қараша – еліміздің саяси өміріндегі тарихи оқиға болары анық. Дәл сол күні Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Бұл сайлау Әділетті Қазақстанның дамудағы бағыт-бағдарын айқындайды! Сайлауда халқымыз өз үміткеріне ел тағдырын, болашағын сеніп тапсырады! Біз үшін ең лайықты үміткер – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Сіздерді осы ұсынысты қолдауға шақырамын! – деді Ерлан Қошанов.
Бұдан кейін жарыссөзге шыққан спикерлер өз ойларын ортаға салды. Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау қажеттігін атап өтті. «Отан отбасынан басталады». Олай болса біз отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрімізді, төл болмысымызды, ана тілімізді құрметтеп, сақтауға тиіспіз. Қасым-Жомарт Тоқаев көпқырлы саясат жүргізуде. Ауқымды реформаларды қолға алды. Ол өзін халыққа жаны жақын тұлға, тәжірибелі басқарушы ретінде көрсетті. Сондықтан оның жанына топтасуымыз қажет», деді Аягүл Миразова.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Президенттің әрбір іс-әрекеті мен реформаларының негізінде тек қана халық мүддесі тұрғанын жеткізді. «Қасым-Жомарт Тоқаев – Тәуелсіздік құндылықтарын қорғап келе жатқан патриоттың жарқын үлгісі. Жаңа облыстардың ашылуы, жерді сатуға тыйым салу, қазақ тілінің мәртебесі – осының бәрі маңызды шоғырландырушы рөл атқарады. Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық», деді Д.Тұрлыханов.
Айтыскер ақын, партия Саяси кеңесінің мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы мысал бола алады. «Арандатушылардың жетегінде кетпеу керек. Тек елдегі бейбітшілікті сақтай отырып, тұрақты дами аламыз. Этностық, діни, тілдік қатыстылығына қарамастан жалпыұлттық бірлікті сақтау – Президент бағытының негізі. Сондықтан маңызды реформаларды жүзеге асыру жолында «Аmanat» партиясы кандидатының айналасына топтасуымыз керек», деді ақын.
Кәсіпкер, Көру қабілетін қалпына келтіру және алдын алу мектебінің негізін қалаушы Анна Яковлева Әділетті Қазақстан барша азаматтың адал еңбегі арқылы ғана құрылады деп санайды. «Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалардың маңызын түсіне отырып, өз Президентімізге айрықша сенім артамыз. Сондықтан барша отандасымызды қастерлі Қазақстанның қауіпсіздігі және одан әрі өркендеуі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына бірігуге шақырамын!», деді Анна Яковлева.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай Президент қолға алған өзгерістер заң үстемдігіне негізделген демократиялық қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. «Азаматтар әрбір адамның құқы қорғалғанын, лайықты жалақы мен тұрақты жұмыс орны болғанын қалайды. Ел ішіндегі «қосарланған билік, олигополияның ықпалы» сияқты алып-қашпа әңгімелерге нүкте қоятын мезгіл жетті. Президенттің қаңтардағы саяси ерік-жігері, сенімді әрекеттері оны халық атынан саяси жауапкершілікті арқалай алатын білікті басшы ретінде көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстанға дәл осындай көшбасшы қажет! Сондықтан біз алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауымыз керек», деді Аят Сүгірбай.
Съездің екінші бөлігінде партияның саяси тұғырнамасы қабылданды. Негізгі идеологиялық құжат дамудың басты бағыттары мен саяси бірлестіктің принциптерін көрсетеді. Партия төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған «Аmanat»-тың Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті. «Жалпы, бүгінгі съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – адам, қоғам және мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», деді Ерлан Қошанов.
Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Аmanat» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсаттарын белгілегенін атап өтті. «Барлық өңірден ұсыныс жинау және әлеуметтік сауалдамалар жүргізу арқылы партияның әрбір мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді. Соның нәтижесі ретінде, партияның жаңа құжаты қоғамымыздың әртүрлі топтарының көзқарастары мен мүдделерін көрсетеді. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені партия – Қазақстандағы ең мықты қоғамдық институт», деді Мәжіліс депутаты.
«Аmanat» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз сөзінде тұғырнамада ұсынылған тәсілдер сапалы тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әрбір азаматының оның игілігін көруіне мүмкіндік беретінін айтты. «Партияның принципті ұстанымы – мұнайдың әрбір тамшысы, кеннің әрбір грамы, жердің әрбір сантиметрі есептеліп, азаматтарымыздың игілігі үшін жұмсалуы керек! Жер қойнауынан түсетін кірістер отандық экономика салаларын дамытудың базасы болуға тиіс. Жер қойнауын пайдаланушылар салық төлеуден бөлек, сапалы жұмыс орындарын құруға, біздегі орта және шағын бизнестің шаруасын дөңгелетуге, тікелей өздері жұмыс істейтін өңірлерді дамытуға қатысуы қажет», деп атап өтті депутат.
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев құжатта білім мен ғылым ерекше орын алатынын атап өтті. «Үлкен қарқынмен өзгеріп жатқан қазіргі әлемде білім беру саласы да өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Нақты анықталған мақсат – озық ойлы, тың идеяларға ашық, еркін ойлайтын және креативті азаматтарды тәрбиелеу үшін кешенді жүйелі өзгерістер қажет. Біз мектептердің, жатақханалардың жетіспеушілігі және білім беру нысандарын материалдық-техникалық жарақтандыру проблемаларын жүйелі түрде шешуге тиіспіз. Сондай-ақ жастарды ғылымға тарту және олардың дамуына жағдай жасау да өз алдына бөлек мәселе. Бұл – мемлекеттің дамуы үшін қажетті негізгі алғышарт», деді Н.Серғалиев.
Белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың пікірінше, жаңа саяси тұғырнама: «Адам – мемлекеттің басты байлығы» идеясына негізделген. «Бұл тәсіл Әділетті Қазақстанды құру идеясына сай келеді. Құжатта байқалғандай, партия «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты ұстанады. Партияның мақсаты – азаматтың құқықтары мен мүдделері қорғалатын, ал адал еңбек пен білім әр адамға өз жоспарларын жүзеге асыруға және жетістікке жетуге мүмкіндік беретін демократиялық, әділетті және өркендеген мемлекет құру. Адамдар үшін отбасы, денсаулық, білім, жұмыс істеп лайықты табыс табу, қауіпсіздік маңызды», деді ол.