Елордада Amanat партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтті. Ауқымды әрі мәнді іс-шараға 1200-ден астам адам қатысты. Күн тәртібіне сәйкес алдымен алдағы президенттік сайлауға партиядан кандидат ұсыну мәселесі қаралды.
Пікір алмасып, дауыс беру рәсімінен кейін съезге қатысушылар бірауыздан шешім қабылдап, «Аmanat» партиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты президенттікке кандидат етіп ұсынды.
Партия төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде атап өткендей, табысты республика құруды бірге бастадық. Сондықтан бүгінде «Аmanat» партиясының міндеті – барша қазақстандықты Президенттің озық реформалары төңірегіне топтастыру.
Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында съезд делегаттары бірауыздан партияның жаңа саяси тұғырнамасын қабылдады. Бұл құжат азаматтардың қажеттілігіне жауап береді. Сондай-ақ күн тәртібінде тұрған негізгі талаптарға сай келеді.
Пікірталас барысында мен партияның негізгі идеологиялық құжаты туралы өз ойымды ортаға салдым. Біздің қоғам демократиялық принциптерге құрылып, пікір алуандығы мен сөз бостандығын сақтау керек. Сонымен бірге ұлттық ақпараттық кеңістікті сыртқы және ішкі қауіптерден қорғау қажет. Бұл ұсыныс талқылау барысында қолдау тапты.
Сонымен қатар саяси тұғырнамада өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары көрсетілген. Осы орайда қоғамдық қабылдаулардың жұмысын мысалға келтіре аламыз. Солардың еңбегі арқылы біздің партия филиалы жергілікті тұрғындардың мәселелерінен үнемі хабардар. Уәкілетті органдармен тығыз өзара іс-қимылдың нәтижесінде мәселелер жылдам шешіледі. Бұл тұрғыда саяси тұғырнама қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейтеді.
Әсем РАХМЕТОВА,
«Аmanat» партиясы Солтүстік Қазақстан облысы филиалының атқарушы хатшысы