«Астана Опера» театрында 8-9 қазан күндері премьерасы сәтті өткен «Күлбике» балетінен кейін қойылымның сценографы жапониялық жас маман Йоко Сеямамен тамаша туындының өмірге келу процесі жайында тілдесудің сәті түскен еді. Суретші шығармашылық ізденістері туралы ойын бүкпесіз ортаға салды.
– Йоко ханым, елімізге қош келдіңіз! «Күлбике» балетінің сценографиясымен жұмыс істеу кезінде сізді не шабыттандырды?
– Рахмет. Бұл менің Қазақстанға, оның ішінде Астана қаласына алғашқы сапарым емес. Бұған дейін дәл осы театрда қоюшы хореограф Раймондо Ребек мырзамен бірге «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетін қойған болатынбыз. Енді міне, дәл сол тандемде «Күлбикеге» оралып отырмыз. Бұл қойылымда маған шабыт сыйлаған басты нәрсе қоюшы хореографтың Күлбикенің өзін қалай жарыққа шығаратыны, сәнгер болуды армандайтыны туралы идеясы болды. Бірінші актіде ол үйді жинап қана қоймай, сонымен бірге өзінің киім үлгілерімен де айналысады. Ол кір жуып жатқанда тауып алған ескі-құсқыдан киім үлгілерін жасайды, яғни ол өз топтамасына материалды өз бетінше табады. Ал екінші актіде бал кешінде сән көрсетілімі болады.
– Балетті бұлай түрлендірудегі басты мақсаттарыңыз не? Сценограф маман ретінде қойылымда неге басымдық бердіңіз?
– Мен сән әлемінде немесе сән туралы армандайтын қыздар үшін ненің маңызды екені жайлы көп ойландым және әлбетте, қыздар үшін биік өкшелі туфли маңызды деп айтар едім. Маған таңғалдырарлық биік өкшесі және қызыл табаны бар танымал қайықша туфлилер туралы ой келді. Күлбикенің күймемен бал кешіне баратын сапары көрсетілетін әйгілі сахна көпшіліктің есінде. Сол себепті мен биік өкшелі үлкен туфли түріндегі ерекше күйме жасап шығардым. Бұл да өзінше сән нышаны іспетті. Күлбикені де дәл осы сән туралы арманы сауық кешіне ертіп әкеледі. Бұл менің дизайнымның тұжырымдамасының айрықша шабыттанған бөлігі деп ойлаймын.
Екінші жағынан, бізде Ханзада бар, оның өмірі Күлбикенің өміріне кереғар. Басты кейіпкер кедей, ал Ханзада корольдік қаны бар ауқатты отбасында дүниеге келді. Және мұндай атмосфера оны қатты жалықтырып жібереді, сондықтан ол өзін музыкант ретінде таныту жайлы шешімге келеді. Оның жарқыраған алтын материалдан жасалған музыкалық құралдары, мәселен, дыбыс бағанасы немесе магнитофон секілді құралдарының барлығы айрықша жарқындығымен көрерменінің назарын бірден өзіне аудартады. Ал ол корольдік стильге қарағанда, поп стиль немесе көше стилінің атмосферасына көбірек келеді. Бірақ соған қарамастан бәрі патшанікіндей салтанатын да сақтап қалды. Ханзаданың атақты жас ретіндегі бейнесін қалжың ретінде қабылдауға болады. Ол оның дәл осындай жағдайлар арқылы өсуді көксеуіне қатысты айтылған әзіл. Спектакльде орын алатын тағы бір қызықты жайт – бұл кейіпкер Мейірімді періштенің гироскутерді тізгіндеуі дер едім. Мұның барлығы, сөзсіз, қойылымға ерекше сән бергені сөзсіз.
– Спектакльдің түстік палитрасын түзуде неге сүйендіңіз?
– Мен жұмысымда көбінесе қыша реңктерін, көзге неғұрлым жағымды, жайлы, үйдің жылулығын беретін түстерді қолданамын. Бірінші актіде барқытты көп пайдаланамын. Бірақ барқыт мен үшін Күлбикенің көңіл күйінің атмосферасын тудыратын ағынды мата сияқты маңызды емес. Екінші актіде менде жалбызды жасыл реңктер көп, бұл корольдік атмосфераны көрсету үшін қажет. Сондықтан қышадан кенет корольдік жалбызды жасылға ауысу болады.
– Қойылым бір сәтке фильмнің атмосферасын еске түсіргендей болды. Театр әртістерінің жанды орындауында спектакльді фильм түрінде көрсету қаншалықты қиын?
– Тап осы жағдайда әңгіме көрермендерге «Күлбике» балетінің қойылымын ұсынатын қарт жұбайлар жайлы болып отыр. Олар сахнаға бірінші шығып, өздерінің өткен өмірлерін, қалыптасу жолдарын көру үшін бейнетаспасы бар теледидарды қосады. Яғни хикаяда өрбитін жайттарды сол екеуі бақылайды. Бұл жолы хореограф Раймондо Ребекке осынау қойылымда өмірдің мақсаты мен арманын көрсету айрықша маңызды болды. Біз сюжеттегі оқиғаларға фильм тамашалағандай қарап отырамыз, соңында жүректе ізгі, жақсы және қуанышты сезімдер пайда болады.
– Бұл хикаяның басты кейіпкері – дизайнер қыз, құдды сіз секілді, бұл жұмысыңызға қандай да бір ерекшелік үстеді ме?
– Өте дұрыс аңғарыпсыз. Дегенмен, шынымды айтсам, тұжырымдаманы әзірлегенде мен бұл туралы еш ойламаппын. Дарынды жастар өздерін қалай танытуды білмей, кедергілерге жиі тап болып жатады. Оларда ептілік, қандай да бір маман болуға деген ішкі мақсат бар, күш-қуаттары тасып тұр, бірақ олар сол қабілеттерін қалай жүзеге асыруды білмейді. «Күлбикенің» бірінші актісі тура осыны бейнелейді, қиыншылықпен күресті, өз майданында табысқа қол жеткізуге деген жігерді көрсетеді. Және екінші актіде, ақыр аяғында, оның өз шығармашылығын көрсетуге мүмкіндігі туады. Дәл осы сәтте мен үшін сондай мүмкіндік «Күлбике» балетінің қойылымы болып табылады. Яғни бұл тұста менің де арманым Күлбикемен үндес. Дизайнерлер, барлық шығармашылық мамандық өкілдері үшін көпшілікке өз қиялымыздың жемісін көрсетуге мүмкіндіктің болуы өте маңызды! Осы тұрғыдан келгенде, «Күлбикені» жарыққа шығаруға атсалысқан барша әріптестеріме алғысым шексіз. Театр – ұжымдық өнер десек, сол ұжымның қолдауын айрықша сезіндім. Және суреткерлік ойымды іліп әкетіп, сахнада сәтті жүзеге асырған барша әртістер қауымына да зор ризашылық сезімімді жеткізгім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»