• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қазан, 2022

Қарттарға қамқорлық

488 рет
көрсетілді

Республиканың үшінші мегаполисінде кезінде елдің дамуына үлес қосқан, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған қазыналы қарияларға ерекше қамқорлық көрсетіледі. Соның бір айғағы ретінде жыл сайын халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шараны атап өтуге болады. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып, қадірлі еңбек ардагерлері ескерусіз қалмады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бас­тамасымен халықаралық қарттар күні қарсаңында аға ұрпаққа құрмет көрсетіліп, түрлі сый-сияпаттар жасалды. Осы орайда жылдағы дәстүрге сай мегаполистегі «Миллионер» мейрамханасында қарттарға мол дастарқан жайылып, өскелең ұрпаққа олардың өмір жолдары мен елдің болашағы үшін сіңірген ерен еңбектері насихатталды.

Сондай-ақ осынау іс-шара бары­сын­да арнайы мерекелік концерт ұйым­дастырылып, сахна төрінде ән салған өнерпаздар ардагерлердің көңілін бір серпілтіп тастады. Сонымен бірге барша қарияларға қала әкімінің тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мұнан бөлек, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуына айрықша үлес қосқан бірқатар ардагерге зор құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалды.

Осы ретте шаһар басшысы М.Әйтенов айтулы мерекеде ел үшін еткен еселі еңбектері арқылы тек мегаполис емес, тұтас оңтүстік өңірінің белгілі азаматтарына айналған Исмат Тұрсынқұлұлы, Өстемір Тілегенұлы, Алданазар Құр­манбаев, Әбілқасым Досболов, Досы­бай Шерімқұловқа «Құрметті ардагер», Болатхан Ермекбаевқа «Құрметті құ­рылысшы» атағын берсе, Ұлықпан Ба­шенов, Асылбек Тоқмағанбетов және Бастарбек Байжановты «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапаттады.

– Өңіріміздің өрістеп, көшіміздің өрге басып, өркен жаюы сіздердің ерен еңбектеріңіз бен қайраткерлік жо­лын­дағы жасаған жұмыстарыңыздың нәти­жесі. Сонымен бірге бүгінгі жарқын жетістіктеріміз де сіздердің тыным таппай атқарған еңбектеріңіздің жемісі деп білу керек.

«Ауылыңда ақсақалды қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» демекші, баба­лардың осынау даналығымен өмір сүрген, сонымен биік мақсат-мұрат құр­ған халқымыздың бүгінгі ұрпағы қай кезеңде де үлкенді үлгі тұтудан, кіші­ге ізет қылудан танбаған. Осы ретте сіздердің бай тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз. Жемісті еңбектеріңізге алғыс білдіріп, өмір жолдарыңыздан, ақыл-кеңестеріңізден әрдайым өзімізге өнеге тереміз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Жалпы, шымкенттік қарияларды халықаралық қарттар күні қарсаңында үлкен қуанышқа бөлеген тағы бір оқиға туралы айтып өтсек. Бұл – Шымкентте зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының кезекті жаңа бір бөлімшесінің ашылуы. Аталған нысанның лента қию рәсіміне ресми түрде қатысқан шаһар басшысы ардагерлердің құрметіне тілек арнап, мерекелерімен құттықтады. Әкім ақжарма тілегімен бірге қарттарға бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қамқорлық пен көмек жайлы және оның көлемі жыл сайын артып отырғанын, сондай-ақ бұл бағыттағы игі іс мемлекет саясаты мен Президент тапсырмалары аясында әрқашан жергілікті әкімдік назарынан түспейтінін жеткізді.

Айта кету керек, жаңадан ашылған бөлімше Қаратау ауданы, Жібек жолы көшесінде орналасқан. Онда жартылай стационарлық жағдайда екі ауысым бо­йынша күн сайын 140 зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Ардагерлер мұнда дәрігерлік тексеруден өтіп қана қоймай, AРT терапия, әсемдік жасару терапиясы, караокемен ән айту, хореография, йога, еңбек терапиясы, инемен емдеу терапиясы, ем­дік денешынықтыру сияқты сауықтыру шараларынан өтеді. Сонымен қоса бос уақытты тиімді өткізу мақсатында бильярд, теннис, садақ ату, бассейн, массаж, тренажерлық қызмет түрлері де қарастырылған. Жалғызілікті жандарға арналған 8 сағаттық жартылай стационар да жұмыс істейді.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы­ның «Белсенді ұзақ өмір орталығы» комму­налдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мауия Алданазарованың айтуынша, алғашында бұл мекеме әкімдік­тің қаулысымен 2019 жылы құрылып, «Асыл жүрек» деп аталған. 2021 жылы 18 қазанда әкім қаулысымен мекеме атауы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» болып өзгертіледі. Мұнда зейнет жасындағы азаматтар 4 сағаттық қызмет түрлерін тегін ала алады. Ең басты шарт, зейнеткерлер жүріп-тұра алатын, яғни орта­лыққа өз аяғымен келетін жағдайда болуы керек. Орталыққа келген бойда олар алдымен дәрігерлік тексеруден өтеді. Қан қысымы өлшеніп, басқа да денсаулық жағдайы жіті тексеріледі. Күн сайын таңертең орталық жұмысы дене жаттығуы мен әнұран айтудан бастала­ды. Содан соң қай ардагер қайсы үйір­меге қатысқысы келеді, сол жаққа қарай барады. Жазылған уақытына қарай әркім өзіне ұнаған қызмет түрін ала береді. Ол жоғарыда аталған, йога, хореография, АРТ терапиясы, массаж немесе бильярд болуы мүмкін. Бұдан бөлек ата-әжелер арасында спорттық іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Шахмат, дойбы, теннис, тастаяқтан ардагерлер осы іс-шара аясында өзара жарысқа түседі. Сонымен бірге туған күн мен мерейтойлар да орталықта атаусыз қалмайды. Бұл кезде туған күн иелері мекеме тарапынан сыйлыққа ие болып, жылы лебіздер мен құттықтау тілектерді естиді. Күн жылы кезде әр аптаның жұмасында демалушылар барлығы бірге қаладағы денросаябаққа барып серуендейді. Олармен әлеуметтік қызметкерлер, дене шынықтырумен айналысатын мамандар, психологтер мен дәрігерлер де бірге еріп барады. Денро­саябақта скандинавиялық жүріспен сая­бақты бір аралап жүріп өтеді. Сосын топ-топқа бөлініп, эстафеталық ойындар ұйым­дастырылады. Соңында ән айтып, би билеп барынша көңіл көтеріп қайтады.

2021 жылы желтоқсан айында орта­­­лықтың бірінші бөлімшесі ашылады. Дулати көшесінде орналасқан бұл бө­лімшеде жалғызілікті қарттарға та­ң­­ертеңнен кешке дейін болып, сауық­тыру шараларын қабылдауға тиісті жағдайлар қарастырылған. Қосым­ша үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Па­латалар үй жағдайындағы бөлмелер секілді жабдықталған. Теледидармен қамтылған. Қалаған уақытында ас үйге барып, шай қойып, тамақтанып алуларына болады. Жоғары санатты диетолог, кардиолог сынды мамандар сол жерде демалушылардың денсаулығына көз алмай қарап жүреді. Психологтер, әлеуметтік қызметкерлер олармен сұхбат жүргізіп, көңілдерін аулайды.

Орталық басшысының айтуынша, әр бөлімшенің өзіндік ерекшелігі бар. Әрқайсысында бір-бірін қайталамай­тын сауықтыру шаралары жүргізіледі. Мәселен, Дулати көшесінде орталықта сенсорлы кабинет бар. Онда ұйқысы бұзылған қарттар релакс музыканың әсерімен демалып, миын тынықтырады. Соның нәтижесінде ұйқысы қалпына келіп, психикасы түзеледі. Мұндай ем шарасын психолог тағайындайды. Физиологиялық ем қабылдау кабинеті де жұмыс істейді.

Дулати көшесіндегі орталықтың бө­лімшесінде АРТ терапиясы да қарас­тырылған. Бұл терапияда ата-әжелер сурет салады. Және бейнелеу өнерінде құммен сурет салуды да пайдаланады. Сонымен бірге қолөнермен айналысып, балшықтан құмыра және басқа да бұйымдар жасайды. Өздерінің қолынан шыққан дүниелерін үйлеріне әкетуге рұқсат етілген. Бұдан бөлек тыныс алу жолдарын емдейтін тұз кеніші бар. Сон­дай-ақ ерлерге арналған еңбек терапиясы қолданылады. Аталған ем түріне арнап шеберхана жасақталған. Ұстаханада станоктар қойылған. Барлық құралдармен қамтылған. Демалушылар ағаштан ою ойып, үстел, орындық секілді түрлі тұрмыстық бұйымдарды жасай алады.

Ал Жібек жолы көшесіндегі бөлім­ше­де жасару немесе әсемдік кабинеті әжелерге қызмет көрсетеді. Ол жерде кәрі­лікпен күресу үшін теріге түрлі күтім жасалады. Мәселен, қолға пара­­фин қойылады, бетке массаж жасап, уқалай­ды және бет терісін тартады. Мерейтой болған күні туған күн иелері­не сұлулық салонындағыдай бет жүзі мен шашына дейін әдемілеп әрлеу қызметтерін көр­сетіп, үйлеріне шығарып салады. Со­нымен бірге бұл бөлімшеде ардагерлер дәрі­гердің нұсқауымен бассейнде жүзіп, ден­саулығын жақсартуына болады.

Орталықта қарияларға араб, ағыл­шын және латын тілдері оқытылады. Тіл үйрену курсында әсіресе демалушылар­ға араб тілін үйренген қатты ұнайды. Өйткені көпшілігі қариялық жаста бол­ған соң Құран оқып, дұғалар жаттағысы келеді. Ал арабша сауат ашуға қаладағы медреселердің бірінен арнайы ұстаз қосымша жұмысқа алынған. Сондай-ақ орыс ұлтының өкілдеріне қазақ тілі үйретіледі. Араб тілінен кейін екінші орында сұраныста тұрған ағылшын тілі. Оны да меңгеруде қариялар белсенді көрінеді. Бұған қосымша орталықтағы бай кітапхана қорын атап өтуге болады. Осы кітапханадан ардагерлер түрлі тақырып пен жанрдағы кітаптарды та­уып оқиды.

2019 жылдан бері осында келіп, уақы­тын пайдалы әрі тиімді өткізіп жүр­ген қариялар бар. Бұл жер олар үшін екінші үйі сияқты болып кеткен. Сондықтан орталықты тастап ешқайда кет­кісі келмейді. Тіпті жалғызбасты ата­лар мен әжелер осында бір-бірін тауып, танысып, бас қосып жатады. Күні­не мекеме 260 адамды қабылдайды. Ал бірінші бөлімшеде күн сайын 280 адам, оған қосымша жалғызілікті 25 зейнектер 8 сағат бойы палаталарда ем-дом мен сауықтыру терапияларын қабылдайды. Сонымен қатар екінші бөлімшеде 150 адам күнделікті қызмет түрлерін алып отырады. Сонда орталық жалпы алғанда күніне 700-ден астам ардагерге қызмет көрсетеді. Бұл жерге келу үшін бұрынғыдай жұмыспен қамту орталығына барып құжат әкелудің қажеті жоқ. Негізгі сұралатын құжат­тар – зейнеткерлік куәлігінің көшірмесі, аумақтық учаскелік дәрігерден алын­ған амбулаторлық картаның үзіндісі, ­флю­оро­графия, психдиспансер мен наркодиспансерде есепте тұрмайтыны жөніндегі анықтама және вакциналау куәлігі. Осы құжаттарын әкеліп, орта­лыққа өткізуі керек. Содан соң оған ар­найы есеп картасы ашылып, келген күн­нен бастап денсаулық тарихы жазылады дейді орталық басшысы.

Шарт бойынша бір жылда әр зейнеткер «Белсенді ұзақ өмір орта­лығы» мекемесінде 2 ай мерзім бойы қыз­мет алуға құқылы. Дегенмен орта­лық сыйым­дылығы әлі толып үлгерме­ген­діктен мұндағы демалушылар әрі қарай да қызметін алып жүре берулеріне бо­лады. Егер шекті мерзімнен асып бара жат­са, ондай кезде бірінші келген зейнет­керлерді уақытша демалысқа жібереді екен. Бірақ кейін адам саны қайта азай­ған уақытта демалыстағы қарияны қайта шақырып, сауықтыру шарасын әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады.

– Менің осында келіп, уақытымды тиімді өткізіп, тиісті ем-домымды алып жүргеніме осымен екінші жыл болды. Біз секілді қариялар үшін мұндай орталық өте жақсы. Барлық жағдай жа­салған. Қарт адамның көңілін сергітіп, бір уақ демалуы үшін бүкіл керектінің бәрі қарастырылған. Қаласаң спортпен шұғылдан, интеллектуалды іспен айналыс, қол еңбегін жаса. Қысқасы, жаныңа не қажет, соның барлығын осы жерден таба аласыз. Осында бильярдқа қызығатын 10-15 қария бар. Солармен тастаяқ ойнап, ойымызды да, денемізді де шынықтырып жатырмыз. Қалта телефонымда қадам санайтын қосымша енгізіп қойғанмын. Күн сайын орталыққа жеткенше 2-3 шақырым жол жүріп келеді екенмін. Соның өзі бізге үлкен спорт. Қарияларға қамқорлық көрсетіп, бар жақсылықты үйіп-төгіп отырған мемлекетке, Президент тапсырмаларын бұлжытпай орындап, істен нәтиже шығара білген жергілікті әкімдік­ке осын­дағы қариялар атынан алғысымды білдіремін. Мен өзім құрылыс саласында жұмыс істегенмін. Еңбек өтілім елу жылды құрайды. Қазығұрт ауданының тумасымын. Қарапайым жұмысшыдан басшылыққа дейінгі қызмет сатыларынан өткенбіз. Қазір сексеннің екеуіне келдік. Адам жастайынан өзінің денсау­лығына көңіл бөлсе және рухани таза­лыққа ұмтылса, әдемі қартаяды деп се­немін. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақ имандылыққа бет бұрып, сананы жаман ойлардан тазартып, жаман іс-әрекеттерден бойды аулақ ұстаса ұзақ жасаудың кілтіне ие болар деп үміт­тенемін. Сонымен бірге күнделікті тұты­натын тағамға да мән беруіміз керек. Неғұрлым экологиялық таза, табиғи өнімді молынан пайдалансақ, соғұрлым денсаулығымыз да жақсы болады. Өз кезегінде орталықтағы мамандарға да рахмет айтамын. Денсаулығымызды ойлап, сәт сайын қасымыздан табылады, – дейді ардагер Кәрімберді Қарсыбаев.

Бүгінгі таңда «Белсенді ұзақ өмір» орталығының бөлімшелері қаладағы төрт ауданның үшеуінде, атап айтқанда, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында ашылған. Жоспар бойынша Абай ауданында тағы бір бөлімшенің лентасы келесі жылы қиылады деп күтілуде. Сондай-ақ бүгінде Шымкент қаласында 84 844 зейнеткер болса, соның 5-і – ҰОС ардагері, 2 390-ы – тыл еңбеккерлері.

 

ШЫМКЕНТ