• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қазан, 2022

Ауылдарда тегін кәсіби медициналық тексеру жүргізіледі

516 рет
көрсетілді

Қазақстанның барлық ауылдарында 20 қазаннан бастап кәсіби медициналық тексеру жүргізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Коронавирустық пандемия жылдарында шектеу шараларына байланысты ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі төмендеді. Осыған байланысты ауруларды ерте анықтау және дер кезінде емдеу үшін ауқымды профилактикалық тексерулер енгізілуде. 15 қыркүйектен бастап Қарағанды ​​облысының Абай ауданының, Ақмола облысының Аршалы ауданының және Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының орталық аудандық ауруханаларында пилоттық жоба жүргізілуде. Енді 20 қазаннан бастап бүкіл ел бойынша ауылдарда профилактикалық тексерулер жүргізіледі», деді министр Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, профилактикалық тексерулер жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, асқазан мен бүйрек созылмалы ауруларының бастапқы кезеңдерін анықтауға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға зертханалық зерттеудің қосымша жалпы клиникалық әдістері енгізілгенін айтты.

«Амбулаторлық деңгейде қалалық және ауылдық науқастарды бірдей тегін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалды. Дәрілік заттар амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай тізбесі бойынша қамтамасыз етіледі. Ауылдық жерде дәрігер болмаған жағдайда фельдшер тегін рецепт жазып беруге құқылы. Дәріханасы жоқ ауылдық елді мекендерде дәрі-дәрмекті медициналық қызметкер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелері арқылы, сондай-ақ жылжымалы дәріхана пункттері арқылы тегін жібереді», деп толықтырды министр.

 

Жансая ӘНУАР